Аймақтар • 25 Сәуір, 2019

Бабамнан қалған бағалы тәсіл

1043 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетауда «Айкүне» қазақ гимнастика орталығы ашылды. Орталықтағы ем-домның бастау көзі – ықылым заманнан бері ықыласына бөленткен халықтық мұра.

Бабамнан қалған бағалы тәсіл

Есте жоқ ескі кезеңде де халқымызда қолы шипалы емшілер аз болмаған. Бүгінде көне дүние құпиясының кенересі жаңа заманның жаңалығымен толыға түсуде. Ежелгі жұрттың емдеу тәсілі де сан түрлі дертті тұла бойыңнан пышақпен сылып алғандай жазып жіберуге қауқарлы. Бүгінгі таңда көшпенділердің ежелгі салт-дәстүрімен байланысты жаттығудың осы түрімен айналысатындардың қатары көбейіп келеді. Мамандардың айтуына қарағанда, кейбіреуге шекесінен қарайтын шет елдіктер де қазақ гимнастикасына қызығушылық танытуда екен.

Орталық маманы Абай Баймағамбетов бағзы замандағы қазақ сынықшылары қолданған мыңнан аса тәсілді сараптай келе, «айкүне» деп аталатын жаңа жаттығу түрін ойлап тапқан. Осы емдеу тәсілі күллі әлемге танылып отыр. Орталықтың ашылғанына қала тұрғындары да қуанышты.

Алғашқы ашылу күні жиналған жұртшылыққа жаттығу тәсілдері көрсетіліп, қыр-сыры ұғындырылды. Мамандардың айтуына қарағанда, омыртқа ауруларының емі алғашқы күннен-ақ өз нәтижесін көрсете бастаған.

–Жаттығу омыртқааралық нүктелер арқылы жасалады. Қазақ гимнастикасының басқа гимнастикалардан айырмашылығы – емдік шарасының басымдығы. Алғашқы жаттығудан-ақ ем алушының бойы сергіп, нәтижесін байқайды. Тағы бір айта кетерлігі, адамның жан-дүниесі мен санасын серпілту бағытында жұмыс істейміз, дейді қазақ гимнастикасының жаттықтырушысы Ләйла Мақышева.    

«Айкүне» жаттығу тәсілі бүгінгі таңда Еуропа кеңістігіне қазақтың төл өнері ретінде таныла бастады. Ұлы даладағы осы бір емдік тәсілдің тарихына деген қызығушылық та туындауда. Бағзы заманда ат үстінен түспеген ата-бабамыз омыртқа ауруы дегеннің не екенін де білмеген. Енді солардан қалған озық тәсіл бел, демікпе ауруларына да мың да бір дауа.