Бір жарым ғасырға жуық уақыттан бері зерттеліп келе жатқан тарихи ескерткіш елімізде және Орталық Азияда теңдесі жоқ алып кешен ретінде бағаланады. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Ақыртас кешенінің құпиясы әлі күнге дейін толық ашылған жоқ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Ақыртас сарай кешенінде «Ақыртас құпиялары» атты республикалық ғылыми семинар өтті. Оған елімізден және шет елдерден бірқатар ғалымдар мен Әулиеата өңіріндегі жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Семинардың ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Тәкен Молдақынов сөз алып, жалпы адамзат баласы үшін тегін, тарихын білу ұлы мұрат екенін, сондықтан да Ақыртас сияқты алып кешендердің тарихын тану әсіресе жастар үшін тағылымды іс екенін айтты. Ал, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев «Ақыртас кешені – көне мәдениеттің озық үлгісі. Бұл тасқа жасырылған тарих. Тарихты білу, оны қадірлеу әрдайым елдіктің көрінісі болмақ», деп өз ойымен бөлісті. «Ақыртас құпиялары» атты ғылыми жиынды Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбәйра Сембина ашып берді. Бұдан кейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айман Досымбаева сөз алып, Ақыртас кешені дінмен, философиямен тығыз байланысты тарихи орын екенін айтып, оған өзінің ғылыми дәлелдерін келтірді. Әсіресе, жастарға көне сарай кешенінің құрылысы, сонымен қатар осы жерден табылған түрлі бұйымдар таныстырылды.
Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы Ералы Ақымбек Ақыртас кешенін 2007 жылдан бері зерттеп келеді екен. Кезінде академик Карл Байпақовтың жетекшілігімен осында зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалым Ақыртас жөніндетың мәліметтерді баяндады. «Ақыртас кешені бірнеше бөліктерден тұрады. Сарай маңынан табылған сақ, үйсін дәуірінің обалары біздің заманымызға дейінгі VII-IV ғасырларға жатады. Сонымен қатар, Қырғыз Алатауының жиегінде екі керуен сарай бар. Бұл жерден су қоймалары мен екі шатқалдан келетін су құбырлары табылған», деді өз сөзінде Ералы Ақымбек. Сондай-ақ, ғалым көне кешен туралы Байпақов, Басенов, Пациевич сияқты атақты ғалымдардың да пікірлерін ортаға салды.
Негізінен Ақыртас сарай кешені туралы зерттеулер көп. Сонымен қатар, ғалымдар да бұл туралы түрлі пікірлер айтады. Мәселен, П.Лерх Ақыртас салынып бітпеген будда ғибадатханасы десе, академик В.Бартольд несториан ғибадатханасы деген пікір білдірген. Ал, археолог Т.Басеновтың жазуына қарағанда, Ақыртас салынып бітпей қалған ірі бек сарайының іргесі болуы мүмкін. Ақыртас VIII ғасырдың екінші жартысында, яғни 751 жылы қарлұқтар мен араб әскерлері Атлах маңында Қытай әскерлерін талқандап, екі мемлекет арасында бейбіт қатынас орнаған кезде салына бастаған болуы мүмкін деген де болжамдар бар.
Семинар барысында Ақыртас кешеніне байланысты тағы бір тың дерек ұшырасты. Ералы Ақымбектің айтуынша, 1222 жылы Қытай саяхатшысы Чаң Чуң Шыңғыс ханның шақыруымен Бадахшанға бара жатып, Ақыртас және Жетітөбе қорғандарын көреді. Бұл деректер сол атпенен Чаң Чуң жазбаларында кездеседі екен. Ал, Жетітөбе қорғаны да Ақыртас кешенінің бойында жатқан ортағасырлық құнды жәдігерлердің бірі. Бұдан кейін Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа Әулиеата өңіріндегі Өрнек қалашығы туралы өз ойымен бөлісті. Сонымен қатар, Түркістан облысындағы Сайрам қалашығы туралы да айтып өтті.
Жалпы, тарих тағылымын тану да ұлт рухын көтеретін дүние. Тасын түртсең тарихы көрінетін Тараз топырағындағы Ақыртас кешенінің ақиқатын ашу бүгінгі ұрпақтың міндеті. Кешен туралы түрлі пікірлердің бір арнаға тоқайласып, ортақ шешімі шығатын мезгілі жетті.