23 Наурыз, 2013

Хал қалай, қазақ «мультигі»?

418 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Хал қалай, қазақ «мультигі»?

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген ешқашан ескірмейтін бір сөз бар. Ұлы Мұхтар Әуезовтан қалыпты дейтін осы сөздің аясына ұлт ертеңіне, балалар тәрбиесіне қатысты барлық пайдалы іс-шаралар кіреді. Солардың бірегейлерінің басында бүгінде мульт­фильм тұр десек, қателеспейміз.

Неге? Өйткені, отбасында бала-шағасы, немере-шөбересі бар ата-аналар мен ата-әжелер өте жақсы білулері керек, кішкентай бүлдіршіндердің қолдары ойыншықта болса, көздері теле­дидарда. Сондағы қызылды-жа­сыл­ды бояулары жарқ-жұрқ еткен жақсылы-жаманды мультфильм қаһармандарының іс-әрекеті, қимыл-қозғалысы, шәлкем-шалыс мінез-құлқы, бәрі-бәрі балдырғандардың жадына жатталып,

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген ешқашан ескірмейтін бір сөз бар. Ұлы Мұхтар Әуезовтан қалыпты дейтін осы сөздің аясына ұлт ертеңіне, балалар тәрбиесіне қатысты барлық пайдалы іс-шаралар кіреді. Солардың бірегейлерінің басында бүгінде мульт­фильм тұр десек, қателеспейміз.

Неге? Өйткені, отбасында бала-шағасы, немере-шөбересі бар ата-аналар мен ата-әжелер өте жақсы білулері керек, кішкентай бүлдіршіндердің қолдары ойыншықта болса, көздері теле­дидарда. Сондағы қызылды-жа­сыл­ды бояулары жарқ-жұрқ еткен жақсылы-жаманды мультфильм қаһармандарының іс-әрекеті, қимыл-қозғалысы, шәлкем-шалыс мінез-құлқы, бәрі-бәрі балдырғандардың жадына жатталып, санасына ұялап жатыр. Қолдарындағы дистанциялық пульттің кнопкасын басып қалса болды, азаннан кешке дейін мультфильм «айналдыратын» телеарналар экраннан андыздап шыға келеді. Байқағанымыз, балалар, негізінен, «Nickelodeon», «Disney канал», «Multimania», «Детский» («Детский» Ресейдегі ең танымал 20 кабельді телеарналардың қатарына енеді) сияқты шетел телеарналары таратып жатқан анимациялық дүниелерді тамашалауға құмар.

Дегенмен, еліміздегі жаңадан ашылған «Балапан» телеарнасы қазақ бүлдіршіндерінің көзін мәмпәсише қызықтырған шетелдік мультфильмдер «экспансиясына» аз да болса тосқауыл қойған сияқты. Бұл, әрине, арықтағы сарқырап аққан суды бекіту үшін тастаған бір кетпен топырақ сияқты тым аз. Бірақ дәтке қуаты сол, жоқтан гөрі бар. Өйткені, елдің өркениет деңгейі оның телеарналарының көптігімен де өлшенетінін ескерсек, балаларға арналған телеарналар  бүгін біреу болса, ертең үшеу, тіпті одан да мол болуы мүмкін ғой деп үміттенесің. Оның үстіне оңы мен солын таныған өз аниматорларымыз да тұс-тұстан төбе көрсетіп, шетелдің таланттарынан кем емес екендіктерін нақты еңбектерімен дәлелдей бастады.
Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, шекарамыздан шектеусіз өтіп жатқан шетелдік киноиндустрия өнімдерінің тасқыны анимация саласындағы төл өнімдерімізді бір шетке ысырып тастады. Мысалы, бұрын  «кіші халықтардың қамын жеген» КСРО кинематографистері ұлттық республикалардың, оның ішінде Қазақ КСР-нің теле,-кино экрандарын өз анимациялық фильмдерімен толтырып тастайтын болса, енді оның орнын шығыс пен батыстан импортталған мультфильмдер «жаулап» алды. Басында америкалық суретші-мультипликатор Уолт Дисней  негізін қалаған «The Wait Disney Company» қаһармандары тұр. Сөз жоқ, Уолт Дисней өнімдерінің сапасына, оқиғасына, мазмұнына, көркемдігіне, режиссерлік тапқыр шешімдеріне қарсы ешкімнің дау айта алмасы анық. Бірақ…
Бір философ балалық шақты  пат­шалық шаққа теңеген екен. Ендеше, біздің «патша көрермендеріміздің» қамы үшін не істеу керек? Ұрпақ тәрбиесін ойлаған зиялы қауым өкілдері мен «қара базарда» азаннан кешке дейін сауда жасап жүрген ата-аналардың сауалы да осы. Бәсеке шарты, өнер талабы бұған жауап біреу дейді. Ол – алпауыт мемлекет мультипликаторларының шаңына көміліп қалмайтын, әлемдік прокаттар бәсекесіне ұялмай ұмтылған үздік анимациялық фильмдер түсіру екен.
«Сақ» киностудиясы аниматор­ларының  осы бір қиын да қызықты іспен айналысқандарына он жылдан астам уақыт өтіпті. Олар осы уақыт ішінде жиырмадан астам мультфильм түсірген. Уақытпен есептесе, 400 минуттан астам анимациялық өнімдері бар. Тәжірибелері толысқан олар енді толық метражды, әлемдік прокатқа ұялмай ұсына алатын үлкен жобаға кіріспек ниетте. «Айбынды аула» деп аталатын ол жобаның өзегіне бір ауладағы бір топ үй құстарының өмірі арқау болмақшы. Айтуларына қарағанда, өте қызықты жобаларын бір сағаттық етіп, әлемдік рынокқа шығарғылары келеді. Негізінен мемлекеттік бағдарламаға арналған бұл дүниенің ішінде спорт та, халықтар достығы да, еңбекке бау­лу да баяндалады. Юмор да бар. Мақал-мәтелдер мәні де ашыла түседі. Шымкенттік аниматорлардың  «Момын мен Қарақшы», «Қошқар мен Теке»  атты анимациялық фильмдерін қызыға тамашалаған біз олардың бұл жоба бойынша да мақсат-мүдде үдесінен шығатындарына күмән келтірмедік. Мысалы, ұлттық нақыш пен салт-дәстүрді темірқазық етіп алған студияда «Қазақия» атты мультсериалдар жасала бастады. Онда балалар ұғымына лайық басты кейіпкерлерге айналған Қамшы мен Асық сәбилерді ұлттық педагогика арқылы тәрбиелейді. Тәрбиелегенде, әрине, мұғалім сияқты ұзақ-шұбақ қып лекция оқып тұрмайды, мультфильмнің шалдуар кейіпкерлері балалармен бірге ойнап кетеді. Ал ойынның астарында «олай емес, былай ғой» деген әдемі ой, сыпайы түсіндіру бар. Сериал танымдық, тағылымдық тұрғыдан алғанда да қызықты дүние. Бала бойындағы «ұйқысырай» бастаған патриоттық сезімдер мен жақсы қасиеттерді түрткілеп оята алатын қуаты да бар.
Әр серияның белгілі бір тақырыпқа арналып, ол 7-8 минутқа созылуы да құптарлық. Мысалы, бірінші серияда Наурыз мейрамы сөз болады. Наурызды тойлау дәстүрі қашан және қалай бас­талды? Нәурізек деген құс ше? Наурыз көжені қалай дайындау керек? Екінші серияда қазақ мақалдары мен мәтелдерінің пайда болуы көрнекі әрі қызықты баяндалады. Үшінші серияда қазақ халқының ағайындарын қиындықта тастамайтын қайырымдылығы «сөз болып», асар жасау арқылы бір-біріне көмектескен жұрттың бірлігі мен тірлігі суреттеледі. «Оңтүстік фильм» коммуналдық-мем­лекеттік кәсіпорнының директоры, сериал сценарийінің авторы әрі фильм режиссері Батырхан Дәуренбековтің ай­туынша, «Қазақияны» бір жағынан Ре­сей режиссерлерінің «Смешарикиіне» де ұқсатуға болады. Сериалдың бас­ты кейіп­­керлері Қамшы мен Асық әр серия­да әртүрлі оқиғаларды бас­тарынан кешіре оты­­рып, «Ол кім? Бұл не?» деген балалар үшін «маңыз­ды» сұрақтарға қызықты іс-әрекет ар­қылы жауап береді. Айтар ойы да анық: отаныңды сүй, ұлттық салт-дәстүріңді құрметте, жақсылық пен жамандықтың аражігін ажырата біл. Мемлекет қаржыландырса сериялды одан ары қарай шығармашылық табыспен жалғастыра беруге болатын сияқты. Сондай-ақ, «Қанатты Барыс» туралы мультфильмнің де тұсаукесерін өткізіпті. Яғни, елімізде тұңғыш рет 45 минуттық анимациялық еңбек дүниеге келген.
Бұған қарап «Шымкенттен шыққан мультипликаторлардың мұртын балта шаппайды екен ғой» деп, тоқмейілсу дұрыс емес. «Оңтүстік фильм» ком­мунал­дық-мемлекеттік мекемесінің дирек­торы Батырхан Дәуренбеков пен «Сақ» киностудиясының директоры Нұриддин Паттеевпен болған әңгіме барысында оларды он ойландырып, жүз толғандырып жүрген мәселелердің де шаш-етектен екеніне көз жеткіздік.
– Қаржыландыру мәселесіне байланысты кімге бармайық «мульт­фильм­мен айналысамыз»  десек, «мырс» ете қалады. Мысалы, Үкіметтің жеңіл­детілген несиесіне бір кәсіпкер шағын өндіріс орнын ашса, жергілікті билік: «мінеки, мына азамат 15 адамға жұмыс тауып берді» деп, жарияға жар салады. Ал біз 25 адамға жұмыс тауып беріп, айлықтарын төлеп отырмыз, – дейді Батырхан Дәуренбеков. Бірақ жеке кәсіпкерлікті қолдау қоры немесе тағы басқа да кәсіпкерлерді қаржыландыру мекемелерінің басшыларына барып «кәсібімізді дамыту үшін біздің студияға да қаржы керек» десек, күледі. «Неге?» дейсің, ыңғайсызданып. «Сендердің айналысып жүрген кәсіптерің кәсіп­керлікті қолдау бағдарламасына жатпайды» дейді олар. Осыдан кейін біздің: «еліміздің мәдениеті мен өнерін дамыту үшін жұмыс істеп жүрміз ғой» деген сөзіміздің мәні жоқ сияқты болып шығады. Түсінгеніміз, біз «өндіріп» жатқан мультфильмдер өндіріске жатпайды екен. Мультфильмге ақша бөліңдер деген бағдарлама жоқ екен, тағысын тағылар. «Мақұл, кәсіпкерлер адамдарға арнап азық-түлік өндірсе, біз сол адамдардың рухани байлығы үшін қызмет етіп жатқан жоқпыз ба?» дейміз сонда да мойынсұнбай. Жоқ, былқ етпейді. Ең болмаса «мына айтып отырған мәселелерің ойланатын дүние екен, жанайқайларыңды жоғары жаққа жеткізіп, мәдениет, руханият, өнер, киноиндустрия саласымен айналысатын кәсіпкерлерді де қаржылай қолдау туралы бағдарлама қабылдатуға күш салу керек екен» дейтін жанашырларды да көрмедік. Қазір, міне, біреудің  пәтеріне ай сайын 40 мың теңге жалақы төлеп, жұмыс істеп жатырмыз.
Бүгінде ата-аналардың балаларына, немерелеріне ертегі айтып отыратын уақыттары жоқ. Азаннан кешке дейін базарда жүреді, қызметте болатыны бар, кешке үйіне келіп, тамағын ішіп, ұйқыға кетеді. Ертегінің орнына базардан «пиратский» бір дискіні сатып әкеліп бере салады. Ал балалары шетелдің мультфильмдеріне үңіледі.
– Сонда сендердің кәсіптеріңді қандай көздерден қаржыландыруға болады деп ойлайсыздар?
– Мысалы, біздің жасап жатқан өнімдерімізді бүкіл телеарналар сатып алса болады ғой. Бірақ, олар сатып алмайды. Неге алмайды дейсіз бе? Олар «Біз анау-мынау емес, әлем мойындаған «Уолт Дисней» мультфильмдерінің жылдық прокатын небары 300 АҚШ дол­л­арына сатып аламыз. Соны қазақ тіліне аударып көрсетсек те жетеді. Сендердің мультфильмдеріңді неғыламыз?» дейді. Бұл – ұрпақ тәрбиесіне деген барып тұрған немқұрайлылық. «Уолт Дисней» өзінің жаңа өнімдерін мұндай ақшаға ешқашан сатпайды. Олардың жаңа мультфильмдеріне, «Мегаорталыққа» барып көрсін, балалар бір фильмге 1500 теңге төлеп кіріп жатыр. Ал заманы әлдеқашан өтіп кеткен, шетелде прокаттан мүлде қалған, баяғы бір-бірін қуалап, балғамен бастарынан ұрып жүретін Том мен Джерриді қайталап көрсеткендеріне көңілдері тоқ. Бір танысым мысықтың басынан балғамен ұрып отырған баласына «Мұның не?» десе, «Том мен Джерриде» осылай ұрады ғой, бірақ мына мысықтың басынан неғып «шишка» шықпайды» депті.
Мысалы, прокуратура, ішкі саясат басқармалары «балалар мен жастар арасында, мектептерде қылмыс көбейіп кетті» деп, жиі-жиі жиналыс жасап жатады. Ал компьютер ойындарына тосқауыл қоймайды. Мысалы, сол компьютер ойындарының кейбірін ойнау үшін алдымен… қару таңдайсыз. Анау-мынау емес, адамды өлтіретін қару. Балтамен бе, пышақпен бе, мылтықпен бе? Әсерлі болу үшін компьютерлік ойындарда адамды қуып жүріп өлтіртеді. Тіпті, адамды балталап жатқанда «қаны шашырап» кетеді. Осыны жыл бойы ойнаған баланың аяушылық, жанашырлық деген нәзік сезімдері өліп, күндердің күнінде нағыз баскесерге айналып кетуі мүмкін ғой деп шошисың. Өйткені, мұндай «тәрбиенің» соңы – оның бір баламен төбелесіп, жеңіліп қалған жағдайда қару қолдану арқылы кек қайтаруы сияқты қайғылы аяқталуы да мүмкін емес пе?.. Ондай балалар істеген ісінің аржағын, яғни сотталатынын, абақтыға жабылатынын, сөйтіп, болашағына балта шабылатынын ойламайды. Ол тек сол мезеттегі үстемдікті, сол заматтағы қайтқан кекті ғана ойлайды.
– Мультфильмге қалай келдіңіздер?
Біздің бұл сауалымызға Нұриддин Паттеев былай деп жауап берді:
– Біз бірнеше жігіт Әбілхан Қастеев атындағы колледжді бітіргенбіз. Әрине, ол жерде мультфильм өндірісінің қыр-сырын үйретпейді. Бірақ, кішкентай кезімізден сурет салуға құмар болып өскендіктен бе, студент кезімізде шетелдерде өте қатты дамыған комиксті салуды қолға алдық. Яғни, өзіміз оқиғасын жаздық та, сол бойынша қызықты суреттер салдық. Тоқсаныншы жылдар ғой, бір ағамыз «мыналарың жақсы екен, сендерге көмектесейін» деп, комиксімізді баспаханадан шығарып берді. Осыдан кейін «анимациялық студия құрсақ қалай болады» деп ойлана бастадық.  Оның қандай бағдарламада жасалатынын да білдік. Әуелі мультфильм-жарнамалармен айналысып көрдік. 2004 жылы алғашқы мультфильміміз экранға жол тартты. Бірақ, тәжірибе аздығынан 10 минуттық дүниені бір жылға создық. Дегенмен, қызығып істеген жұмыста қиналғаныңды білмейсің. Осыдан кейін қолымыздан мультфильм индустриясымен шұғылдану келетінін білдік те, ары қарай батыл кірістік. «Алдар көсе мен Шайтандарды» және ақын Әбділдә Тәжібаевтің «Толағай» атты жыры негізінде түсірілген мультфильмдерімізді де бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары жылы қабылдады.
– Бүгінде қанша мультфильмдерің бар?
– Жиырмаға жуық.
– «Қазақияға» байланысты интернеттегі комменттердің бірінде «Асықтың түрі Санч Бобқа ұқсап кетіпті» деп жазыпты.
– Біз Санч Бобқа ұқсаса ұқсай берсін дедік. Жақында бір қызды көрдім, құлағына Санч Боп бейнеленген сырға тағып алыпты. Бұл ол ұйықтаса да, тұрса да Санч Бобпен өмір сүреді деген сөз. Сондықтан біздің кішкентай бүлдіршіндерімізді ұлттық қаһармандарға «қайтару» үшін кейіпкерімізді Санч Бобқа ұқсастау етіп алдық.  Ал болашақта Асықтың бейнесін бірте-бірте айқындай түсетін боламыз.
– Негізі, анимациялық фильм «түсіру» өте қиын болу керек. Өйткені, «Қазақфильм» дүниеге келгелі қан­шама толық метражды көркем фильм шығарып тастады. Бірақ Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген мультфильмінен басқа есте қалатын дүниелерді көрген жоқпыз. Әрине бар ғой, бірақ іліп алары аз. Ал енді, анау Алматыда үлкен қара шаңырақ – «Қазақфильм» тұр. Белгілі өнер ордаларын қаншама режиссерлер бітіріп жатыр. Мәскеуге барып оқып келіп жатқандары да жетерлік.
– Анимация – инемен құдық қазған­дай өте қиын шаруа. Бір секундтық көрініс үшін бақандай 25 сурет салып, бояу керек. Ал 3, 5, 7 және 10 минуттық мультфильмдерде қаншама көрініс болатынын санасаңыз, басыңыздағы шашыңыз жетпейді. Бұл көздің майын тауысатын бір қиындық болса, жүйкеге салмақ салатын екінші қиындығы тағы бар. Ол – қаржы мәселесі. Себебі, мульт­фильм өндірісіне қаржы өте аз бөлінеді. Қазір толық метражды көркем фильм­дерге қаржы әжептәуір көп бөліне бастады ғой. Бірақ мектептегі білім балабақшадан басталатыны сияқты, болашақ көрермендерді қалыптастыру да анимациядан басталатынын ұмытпау керек. Ресей мұны баяғыда біліп, баяғыда түсініп қойған. Сондықтан олардың анимациясы да, басқасы да жетерлік. «Ералаштарының» өзі бір төбе. Сол сияқты, анимацияның ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесінде рөлі зор екенін Ресеймен бірге Қытай да біліп алды. Мысалы, Қытай шетелдердің мультфильмдерін импорттауға тыйым салыпты деп естідім. «Тек қана өз мәдениетімізге байланысты өнімдер шығарыңдар, қанша ақша керек болса да бөлеміз» депті-мыс дейді. Ал, біз болсақ өз экрандарымыз арқылы аттары аталған және аталмаған шетел мультфильмдерін қазақшалап, кеңінен насихаттап жатырмыз. Бұл, әрине, «қазақ мультфильмдері аз немесе жоқ» деген сөзге қарағанда жақсы. Бірақ осының идеологиялық астарына тереңірек үңіліп қарасаңыз, шетелдің мінез-құлқын, салт-дәстүрін, тәрбиесін, тағы басқаларын біз жаһандану процесі арқылы «жұтылып кету» қаупіне қарамастан өз ұрпақтарымыздың санасына өз қолымызбен, яғни төтелеп жеткізіп жатырмыз. Мұның салдарын байқау қиын емес. Мысалы, жаңа жыл мерекесіндегі балалардың үстіндегі мерекелік киімдерін қараңыз: Өрмекші адам, Тасбақа Ниндза, Шрек, Санч Боб және тағы басқалар. Неге біздің балаларымыз өзіміздің батырлар жырындағы қаһармандар болып киінбейді? Өйткені, олардың санасында қазақ мультфильмдері қалыптастырған ондай типтік қаһарман бейнелері жоқ. Ертегілерден оқып, ауызекі әңгімелерден естісе естіген шығар қазақ батырлары мен сұлулары тура­лы, бірақ қазақ анимациясында тура Өрмекші адам мен Тасбақа Ниндза сықылды қаһармандар жоқ қой.
– Демек, анимацияға арнап мықты сценарийдің жазылмауы, режис­сер­лердің қиын іске тәуекел етпеуі сияқ­ты мәсе­ленің бір ұшы қаржыға келіп тіреліп тұр демексіздер ғой?
–  Иә, осы және басқа да мәсе­ле­леріміз­ді шешу жолын жеңілдету үшін біз қазір Қазақстан аниматорлар ассоциациясын құрып жатырмыз. Өйткені, Шымкентте жүріп «даусымыз» алысқа жетпейді екен. Сондықтан Астанадан ассоциациямызды ашып, еліміздің түкпір-түкпірлеріндегі аниматорлардың басын қосып, даусымызды қаттырақ шығарасақ дейміз, – деді Батырхан Дәуренбеков.
– Елімізде анимациямен айналысатын қанша студия бар?
– Шымкентте 3-4 студия бар, содан кейін Астана, Алматы және Көкшетауда бар.
– Әмен Қайдаров аталарыңыз ақ батасын берген болар?
– Иә, ол кісі бізге өте риза. Өзі арнайы келіп, анимациямыздың тұсауын кесіп, батасын берген. Студиямызды ашқан кезде біздің қызметкерлер небары 7 мың теңге айлықпен жұмыс істеді. Оларға да жағдайды түсіндірдік, «шыдаңдар, әлі-ақ мемлекетіміздің жағдайы түзеледі, түзелген кезде анимацияға да көңіл бөледі» деп сендірдік. Міне, содан бері біраз жыл өтті, еліміздің жағдайы түзелді, Еуропа елдері қаржылық дағдарысқа ұшырап жатқан кезде, біздің еліміз дамып жатыр. Ал, біз осы жылдар ішінде тек қана ұлттық мазмұндағы фильмдер жасап келдік. «Қазақфильмнің» редакторларының өзі «Алматы мен Шымкенттің арасы тиіп тұрса да, алматылық режиссерлердің туындыларына қарағанда сендердің мультфильмдеріңнен қазақтың мінезі көрініп тұрады» деп мойындайды.

Қайбір жылдары қатты қинал­ғанымыз сонша, осының бәрін қойып коммерциялық жобалармен айналысып кетсек пе деп те ойлағанбыз. Бірақ өзіңе-өзің өкпелеп, елден безіп кетпейсің. Оның үстіне жоба да, ой да көп. Та­рихымызды түгелдей мультфильмге айналдырып шықсақ, балабақшадағы балалар мектепке бармай тұрып-ақ біраз біліммен сусындап қалар еді. Физика, химия, математика, биология, жағрафия және басқа пәндер бойынша көрнекі үгіт құралдарын неге қызықты мультфильм етіп шығарып, таратпасқа? Сосын қазақ анимациясының, жоға­рыда айтқанымыздай, жаңа ұлттық қаһар­мандарын ойлап тапсақ дейміз.
– Біреулерге, мысалы, мультфильм еріккендердің ермегі сияқты. Бірақ олай емес, мультфильм нағыз тәрбие құралы. Мысалы, екі жастан бастап «Nickelodeon» телеарнасынан орыс тілінде мультфильм көретін бала соны көре-көре орысша үйреніп алды дегенге сенесіз бе? Мен сенем. Өйткені, өз көзіммен көрдім. Егер біздің телеарналар да осылай жұмыс істейтін болса, бүкіл қазақстандық балалар қазақ тілін баяғыда үйреніп алар еді.
–­ Нұрғали Әшімовтің қамқорлығы кезінде бір шабыттандырып тастады деп естідік?
– Әшімовтің арқасында АҚШ-қа жолымыз түскені рас. Мәдениет пен өнерге жаны жақын Нұрекең облысқа әкім болып тұрған кезде біздің талабымызды қолдап, Голливудке, Уолт Диснейге баруымызға ерекше жағдай жасады. Әсіресе, Уолт Диснейден көргеніміз бен көңілге түйгеніміз өте көп.
* * *
Кеңестік империя саясаткерлерінің кинематография саласындағы со­лақай саясаттарының салдарынан «кіші халықтардың» ұлттық мульт­фильмдеріне онша көңіл бөлінбеді. «Қазақ мультфильмінің «алтын қорында» қандай байлығымыз бар?» деген сұраққа режиссер Әмен Қай­даровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген дүниесінен басқа ештеңе таппай, күмілжіп қалатынымыз да сондықтан. Өйткені, «Қазақфильм» киностудиясы өзінің ең жұлдызды жылдарының өзінде де анимациялық фильмдер жасау тұрғысынан көп кенжелеп қалғаны белгілі. Абырой болғанда, бір «Қарлығаштың» өзімен-ақ шығыс пен батыс киносыншыларын әлемде қазақ деген халық пен оның өте ғажайып аңыздары мен ертегілері, оларды анимация тілінде сөйлете білетін шебер суретшілері мен режиссерлері бар екенін жария еткен.
Біз бүгін бір ғана «Сақ» кино­студиясының шығармашылық жұмысын сөз ете отырып, қазақ еліндегі барлық аниматорлардың ойындағы өзекті мәселені қозғадық деп білеміз. Ал ел аман, жұрт тыныш болса, мәселе қанша болса да, қашан болса да шешіледі. Ендеше, ұлт мультипликаторларынан әлем бүлдіршіндері елігіп қарайтын, желігіп қайталайтын, яғни «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» сегіз қырлы, бір сырлы жаңа қаһар­мандарының толыққанды бейнесін күтейік.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Тараз – Шымкент – Тараз.