Облыс аттас ауданның Заречный поселкесінде тұратын Гүлсара Әлмағамбетованың төрт баласы бар. Ол көп жыл бұрын жұмыс істеп жүрген бала бақшадан кетті де, үйде отырып, уақытын балаларының тәрбиесіне арнады. Қазір балалары өсті. Ол жақында «Бастау» курсын оқып, сертификат алған болатын.
«Алғашында мен ісімізді бастауға қорықтым. Өйткені бизнеспен ешқашан айналыспаған соң, түсінбегенім рас еді. Бірақ ешқандай қиындығы жоқ екен. Ақмарал Бекмұрзаеваның бизнес-жаттығуының арқасында бәрін де түсіндім, ықыласым оянды» дейді Гүлсара.
Көп балалы ана алған 3 миллион теңге несиеге 10 сиыр сатып алды. Отбасы бұрын тек құс өсірген болатын, сондықтан алғашында сиырды күту оларға жеңіл болмады. Гүлсараның жолдасы, балалары жұмылғанда іс оңғарылып жүре берді.
«Әзірге сүт мол емес, бірақ алдағы уақытта оны көбейтеміз деген ойымыз бар. Салық есебін жасау қиын секілді көрінетін, оған кәсіпкерлер палатасынан мамандар көмектеседі. Жалғыз ғана қиындық бар, ол – жайылымның тарлығы» дейді Гүлсара.
Әлмағамбетовтер отбасы әзірге кәсібін орнықтыру үшін көп жұмыс атқаруда. Олар алдағы уақытта мал шаруашылығынан тек сүт өндірмей, оны кеңейтуді мақсат тұтып отыр.