Тұнықтық
Күләнда кейуана сұлық жатыр. Жұмылыңқы көзі жылтырап, мөлт-мөлт етеді. Терезеден мол түскен сәулеге сөнер-сөнбес үмітін үлбірете іліп тастап, мына жарық дүниені қимай жатқаны байқалады… Тынысы тарылып, ауық-ауық жөтел қысады. Кәрі көкірегі сырылдайды. Өкпесі өшіп, буынып кеткенде, аузын әнтек ашып, ауа қармап, бүкіл денесін күшпен жиырып ала қояды.
Күләнда кейуана сұлық жатыр. Жұмылыңқы көзі жылтырап, мөлт-мөлт етеді. Терезеден мол түскен сәулеге сөнер-сөнбес үмітін үлбірете іліп тастап, мына жарық дүниені қимай жатқаны байқалады… Тынысы тарылып, ауық-ауық жөтел қысады. Кәрі көкірегі сырылдайды. Өкпесі өшіп, буынып кеткенде, аузын әнтек ашып, ауа қармап, бүкіл денесін күшпен жиырып ала қояды.
– Бармысыңдар, түге!.. Ауа, ауа!…жетпей жатыр!
– Иә, иә,– дескен қыздары емшекке емінген лақтардай шу ете түседі. Бәрі де үрпиіп, үрей кеулеген жандарын қайда қоярларын білмей, ана алдындағы соңғы парыздарын мүлтіксіз өтемекке бекінген еді. Ақсымбат, Алма, Алуа, Анар– бәрі-бәрі ана үстінде бәйек боп, нешеме таңды ұйқысыз атырып жүр. Құрсақтас 5 ұл, 5 қыздан қалғаны осы төртеуі. Төлеухан шаңырағының қазіргі берік тағанды төрт бұрышы іспеттес. Әкенің өсиетін, ананың ақылын кеуделеріне өмірлік шырақ қып жаққан көргенді, ақылды, сыпайы-сұлу қыздар шетінен. Қайсысы да қағылез. Тілге шешен. Әуелетіп ән салады. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің білгіштері ғана емес, соған лайық өздерін асқақ та биязы ұстайды. Шеше көргеннің нақпа-нақ мысалымен еліне еңбектерімен жағып жүр бәрі.
– Міне, аштық желкөзді, аштық,– деп терезенің қаптал бөлігін айқарып тастап, лап еткен желтоқсан ызғырығын сәл-пәл көлдей сулықпен желпи кедергілеп, лезде жаңғырып қалған ауа ағынынан кеңсіріктеп дем сорып, жанары шайдай ашылған ана кейпіне мейірлене қараған қыздары, бөлмені жөнді суытпай, қапсыра қойды.– Жарықтық, қыстың ауасы! – деді кейуана қыстыққаны басылып. – Торғайдың ауасындай ғой… Жұпар ауам менің! Айналайындарым-ай!.. Ел жақ аман ба екен? Біздің Шилінің мал-жаны қалай екен? Қыс қатты басталып еді-ау…
Қыздары бір-біріне шарасыздықпен қарасты. «Сандырақтап жатыр ма?» деп шошынып қалды. Осы кезде сырттан қайын енесінің немерелерін ерітіп, күйеудің үлкені Орал кірді.
Сұңғыла көңіл бәрін сезіп қалды да:
– Е, Оралмысың? Қане, түстігін дайындаңдар!– дегенде барып қыздары ес жиғандай боп, бір ауыз шымыр сөзіне қуанысып, дедек қағып қимылдап, шаруа қамына кірісіп кеткен еді. Ана есінен жаңылмай жатыр екен. Әлемнің күллі жарығы Ақбұлақ өзенінің бойында салынған осынау қызыл кірпішті көп қабатты үйдің мына сырқат меңдеген бөлмесіне бір сәтте құйылып-төгіліп кеткен еді… ОҺ, шіркін, ананың бір ауыз жайдары сөзінің шуағы қандай-ды…
Сырттан лекіген кәусар ауадан Күләнда кәдімгідей ес жиып алды. «Ой, ит тірлік-ай!», деп әлдене ойларға берілгендей ауыр күрсінді де іле бүгінгі өміріне тәубе айтып, қанағатшылдық рымымен бетін сипағысы келіп еді, қос қары ауырлап, ырқына көнбеді. Еңсесі түсіп, «жеңілгелі жатырмын ба, осы?» дегендей түңіліске енді. Сезеді, секем алады, әрине… Қия ма, бірақ жарық дүниені… «Атамашы!…».
Сәл тыңайыс оның ойын аласапыран қылды.
…1931 жылдың қақаған қысы еді. Шешесі Жұпар мен алты жасар Күләндаға тосыннан қайғы бұлты үйірілді.
Торғай аудандық партия комитетінің бюро мәжілісі өтіп жатыр.
– Мал қырылды! Жекенің қолынан бір-бір сиырдан жинап алу керек! – деп бірінші хатшы Талтаңбаев естіген адамды талдырып түсірердей талап қойды.
– Бұл асығыс шешім! Халықты құрдымға кетіретін қасіретті шешім! – деді орындарынан қоса көтерілген бюро мүшелері Мәлік Бөкішев пен Ахметқали Мейірманов. – Онсыз да жұттан қаусап қалған жұртты… қазақты!.. Қынадай қыру ғой бұл!
Сол бюрода «партия саясатына қарсы адамдар» деген жаламен екеуі де партия қатарынан шығарылып, түрмеге жабылды. Бұлардың соңдарынан «сыбайластар» сыбырлай аталып, 72 адам жазықсыз істі болып Ақтөбеге айдалады.
Бір күні таң алдында тілеулес лауазымды азамат есіктерін қағады. «Қамданып отырыңдар. Талшық етерлік дәм-тұздарыңды қағаберіс жерге, ұраға ма, жасырып тастаңдар. Бұлардан бәрін күтуге болады. Тосыннан тінтуі ғажап емес»,– деп ескертіп кетеді. Ол шығысымен жандайшаптар сау ете түседі. Түстерінен адам шошырлық. Біреуі қорадағы ұраның дәп үстіне етігін нығырлап тұрып алады. Шыңғырып жібере жаздаған Күләнданы анасы байғұс көзімен ымдап, әрең тыныштандырады. Әлгі біреу сол орнынан қозғалар емес. Қалғандарын зыр жүгіртіп тіміскілентіп қойды. Ақтармаған, қопармаған жерлері жоқ. Табандарынан тозып, құр сүлдері қалғандай.
– Не, ештеңе таппадыңдар ма? – деді тепкіленген бастығы.
– Сіздің тұрған маңайыңыз болмаса, тінтпеген тұсымыз қалмады…
Бастық үрейден бүріскен ана мен балаға аянышпен қарады. Күләнданы өзіне икемдеп, басынан сипады да сыбырлай:
– Мәлік әкең шын коммунист екен-ау, бір түйір дән тығып кетпегенін қарашы!..– деп аналарды алдына салып, өзі соңынан қозғалды. Есіктен шыға беріп, манағы өзі тапжылмай тұрған ұра үстіндегі шөп шаламмен тегістелген жерге бір қарап, оң саусағын шошайтып, сәл күлімсіреді.
Бұлар құшақтасқан күйі естерін әрең жиды. «Қызым, бұл дүние жақсы адамдарсыз болмайды!– деді Жұпар шешесі көзін жасқа бұлап. – Әйтпесе, дүние қараң қалар еді!..».
Иә, жақсы адамдарсыз не боларына көзі жетіп өсті ғой Күләнда қыздың. Сол жазықсыз 72 адамның арыз-хатын Мәскеуде оқитын студент билік басындағыларға табыс етпегенде, не боларын кім білсін? Арыз-шағымды түрмеден алып шығудың өзі мұң болған екен. Торғайлық ұста қос түпті шелек істеп, ас-су құйылған сонымен ілестіріле шыққан екен құсаға толы үшбу хат. Жоғары биліктің жетесіне жеткізіле жазылған екен. Арнаулы комиссия мүшелері әдейі балықшылар кейпімен киініп жансызданып, жолай Қостанайлатып жүріп, шашылған адам сүйектерінің ара-арасымен әрең жылыстап өтіп, күйзелген қазақ елінің пошымына әбден көз жеткізіп, әлгі әділетсіз сотталғандарды босатып жіберуге қол ұшын берген ғой…
Ойға шомған қарияның көкірек көзінде кешегі сұрғылт заманның қаншама зар жұтқызған суреттері қатталып қалды десейші. Неге жүрегін қарып, есіне ентелене түсе береді? Өмірмен қоштасар алдында әке бейнесінің күні кешегідей түр-сипатымен қайтып айналып соғып, мазалай беретіні несі екен? Әлде, бақилықта кездесуге, күтіп алуға дайындалып жүр ме екен қызын? Анасы Жұпар да мейірімі толы жанарын өзіне тіктеп, әлденеге қимай, сынай қарайтындай… Қасына шақырғысы келсе де бата алмай, үнсіз қипақтай береді… «Күнім-ау, сол!.. Бәрі жақсы болады»,– дейді шарасыздықпен. Тап осы үзіліп те үздігіп шығып, басыла қалған шарасыз үні осы ғұмырында бір бәсеңсімей алға жетелеп, үміттендіріп келеді екен-ау… «Бәрі жақсы болады!..».
– Бәрі жақсы болады! – Кәрі әженің дауысы кенет ширығып, саңқ етті.
– Апа, а-а-па!– Қыздары ішілмей қалған шайын тастап, жетіп келді.– Не болды? Қай жерің, қай жерің?..
– Өңім бе, түсім бе? Жұпар анамның дауысы естіліп… Немерелерім қайда? Орал, бәрің жиналыңдаршы қасыма!
Бәрі жиналды. Әжелерінің тосын шақыруына таңырқаған немерелері ешнәрсенің байыбына жетпей, бірін-бірі түрткілеп, ересектері үргедектене қарап, кішкенелері қитыққыш кілтипанмен қиғылықтана қалды.
– Тынышталыңдар! Әже қазір әңгіме айтады,– дегенде барып, олар сап тыйылды.
Әже әңгімесін құлақтарына емшек сүтімен қоса сіміріп өскен балғындар ынта-пейілін салды. Көздері түсіп еді, мына әже басқа біреу секілді. Қақ жарып сәндеп тарап қоятын шашын ақ шәлі қымтап жауып, бір талын да селдіретпеген. Басы-көзіне ұқыпты әженің осы жатысында бір мін жоқтай. Тек суалыңқы ұрты мен түсіңкі қабағы, әрсізденген жанары мен қусырылған танауы, ұшықтанған ерні басқа кісідей ғып жібереді екен. Соған аң-таң кішкенелер жағы. Олардың да жетесіне бір сәт әлдене ауырлық ахуалы жеткендей, араша дауыспен: «әжелеп» бірі маңдайынан сипап, екіншісі бетінен сүйіп, үшіншісі еті қашып сидиған білегіне оратылғысы келіп, абдырап, аптығып қалды.
Мына көгенкөздеріне әдеттегідей ғақлиялы сөздерін айтпаққа бекінген. Олардың да тыңдаудан жалықпасын біледі. Әл-дәрмені жараса. Не айтады сонда? Адам болғандарын, жақсы болғандарын тілейді ғой. Өздері кетсе де отағасы Төлеуханның шаңырағын ел алдында абыроймен ұстап отырса болды да. Шүкір, соңына тәрбиелі ұрпақ тастап барады. Осыларға әкесі Мәліктен екінші қайтара қалай мәңгілікке айырылғанын айтып берсе артықтығы болмас… Өнегенің өрісі өрелі келеді… Жұпар анам әлгіәзірде текке дауыстамаған шығар-ау…
– Менің әкем Мәлік, халыққа сыйлы басшы болған адам!– деді де жөтел буып, жөндеп тіл қата алмады.
Қыздары ана сырына әккі ғой, не айтпағын сезіп отыр. Кенже қызы Анар мұндайда жазғыш жорналшылығымен қатар, әңгімешілдігіне басып, ана сөзінің жалғасындай етіп, қысқаша қайырым жасауға бекінді. Ғазиз жүректің талпынысын шорт тыйып тастаудың анаға соншалықты соққы боп тиерін сезгендіктен де жамап-жасқап, жеңілдетпек ойы бар… Ана енді құлағын Анар қызының сөзін тосып, басын әлсіз изеп, үнсіз құптап жатыр еді…
…Не істесең, алдыңа сол келеді. Ішінде Мәлік Бөкішев бар, баяғы жазықсыз 72 адамды ұстатып, бір жарым жыл түрмеде зарықтырған Талтаңбаев өз ниетінің құрбаны боп, оған ұзақ мерзімді жаза кесіліпті. Бостандыққа шыққан Мәліктің екінші тынысы ашылғандай болған. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі ретінде зор ұйымдастырушылық жұмысымен көзге түсті. Республика оқу-ағарту ісінің халық комиссары Темірбек Жүргеновтің қабылдауында болып, ойларымен бөлісіп, нақты іс-шараларды жүзеге асыра бастайды. Колхоз-совхоз театрын құрады.
– Бейімбеттің «Шұғасын» қатырып қойдыңдар!– деп жұрт шексіз алғысын жаудырып жатқанда Мәлік: «әлі де айыздарыңызды қандырамыз»,– деп, ішкі сырының ұштығын сездіріп қояды. Айтқандай, көп кешікпей көрермендер Майлиннің «Талтаңбаевтың тәртібі» деген спектаклін тамашалап, жүгенсіз биліктің тасырын тойтара әжуалап, бәрібір әділдіктің үстемдік құратынын паш еткен еді.
Клубтан мәз-мәйрам боп шыққандар:
– Бұл бір барлық «талтаңбайларға» сабақ болатын қойылым екен!
– Адам тағдырымен ойнау – түбі осылай опындырмақ!
– Нақақтан жала, зорлық-зомбылық өз иесін таппай қоймайдының кері ғой бұл!– десіп, ақиқат алдында тазарып қалғандай боп, халық қасіретінің себептеріне талдамалы түрде көз жеткізе бастап еді.
Расында да, Мәліктің бастамашылдығымен қойылған әр спектакль қара халықтың көзін ашып, қоғамдық құрылыстың ерекшеліктеріне сақтықпен ой жүгіртуге дем бергендей еді. Ұлттың қалыптасуына, мемлекеттің болашағына қатысты сындарлы ой түйіндеуге септескендей, сезім қылын нәзік шертуімен, тылсымдықтың тұмылдырығын сыпыратын. Сөйтіп, қараңғы қазақтың бұғаулы өз шеңберінен асып, бұла күшпен бұлқынуына бағыт-бағдар сілтеген Мәліктей алаш арыстары қазақ елінің әр тұсынан селдірей көрінгенімен, тұтаса білек қосуға ұмтылыстарын байқатып қалып жүрген. Тәуелсіздік тамырын тереңге тарта бастаған тұстар шығар, бәлкім!..
…1937 жылғы қыркүйектің орта шені. Сұрапыл қара желдің екпініне шыдамай бір жығылып, бір тұрып он екі жасар Күләнда сонадайдан көрінген көліктің артынан ышқына адымдап келеді. «Халық жауының» қызы деп, Торғайдағы мектептің бесінші сыныбынан шығарып жіберген. Ауылы Шилі 120 шақырым шалғайда жатыр. Кейде еңірегенде етегі жасқа толып кетеді. Өзіне жан баласы жуымай, міне, мейірімді бір жолаушының келісімімен оның көлеңкесін ғана паналап, сырт көзге сездірмей қашып-пысып келе жатқан түрі. Есіне, мектептегі сапқа тұру жиыны түсіп кеткенде, ерінін қыршып, қатуланып алады…
– Оқу-тәрбие жұмысында кеңес үкіметіне қарсы еңбектерді пайдаланғаны үшін әкесі Мәлік Бөкішев халық жауы болып, ұсталып кетуіне байланысты қызы Күләнда оқудан шығарылады! – деген мектеп директорының қаһарлы дауысы әлсін-әлі ызылдағандай боп, жанын жегідей жейді. Көрер құқайы әлі алда екен. Өксік буып, көз жасын сүрткілей берген оны әлдекім саптан алға сүйреп шығарғандай болды.
– Бұған қоса Бөкішева пионер қатарынан қуылады!– деп оқу ісінің меңгерушісі қызыл галстугын мойнынан сыпырып алғанда, есіріктене шыңғырып, талып түсіпті… «Өлтірсеңдер де галстугымды шешпеймін!»– деп мұғалімнің қолын қыршып алса керек…. Құйындатқан желмен арпалысып, жантәсілім етіп келе жатқан түрі, мынау енді, қаршадай бейбақтың.
Тінткілеп- тіміскілесе, жала табыла береді екен-ау. Үйінде баяғыдан сақталып қалған «Айқап» журналын аралас-құралас жүрген біреудің парақтап отыратынын байқаушы еді. Сол сығыр көз «Мәлік алаштықтармен сыбайлас» деген өсек шығарып, жеткізген ғой. Аңду күшейіп, үйден журнал нөмірлері табылып, «қылмыскерлікті» жеделдете түскен екен. Аңқау әкесінің ұсталар алдында: «елімнің еңсесін тіктеуден басқа айыбым жоқ еді»,– деп ашынып айтқан сөзі, міне, құлағында жаңғырып келеді.
Әкесі сөйтіп, нақақтан атылып кеткен. Әділдік алмас қылыштай боп қап түбінде жатпайды екен… Жан әкесі 1988 жылы ақталды!
1991 жылдың жаз ортасында А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың ақталуына байланысты Торғайдағы күндері өтіп, оған жоғары билік өкілдерімен қатар алаш арыстарының қыздары Шолпан Ахметқызы мен Гүлнәр Міржақыпқызы, Лиза Аймауытова, М. Жұмабаевтың немересі Ұлжан қатысып, мәре-сәре боп қалғандары бар.
– Күләнда, мен сені сырттай жақсы білемін ғой,– деді Гүлнәр апасы бір сырласқанда. – Газет, жорналдарда шыққан мақалаларыңды сүйсіне оқып жүремін. Әкенің ақталғанын да солай білгенмін. Қуаныштарың ұзағынан болсын!
– Тағдырласпыз ғой біз, апа! Әкелеріміз ақталды! Рухтары мәңгілікке саф алтындай жалтырап, жаладан аршылды! Біз, ұрпақтары, енді ғана бақыттың шын мағынасын түсінгендейміз ғой! Бұл қуанышымыз түптеп келгенде, жалпы қазақтың бағы десек, артық емес, апа!
Гүлнәр апа көзінің жасын іркіп алып, Шолпанға қарата сөйледі:
– Мына Күләнда сіңіліңіз қазақ намысын жыртушы үлкен тұлға!
– Айналайын, алдыңнан жарылқасын!– деп Шолпан апасы разылық танытты.
– Иә, Күләнда апайдың қазақ дәстүр-салты, әдет-ғұрпы жөнінде жазған мақалаларымен жақсы таныспын,– деп Ұлжан да сөзге араласты. – Әсіресе, халық әндерінің білгір сыншысы. Атам Мағжанның бірнеше әнінің мазмұнын дұрыс қалыптап, жөндемдегені не тұрады? Соған әжем Зылиха қатты разы боп…– Ұлжан сөмкесінен оралған зат алып, жайып жібергенде шашақтары желкілдеген ақ жібек шәлі көзге оттай басылды. – Әжемнің сыйы бұл өзіңізге, Күләнда апай! Кәне, иығыңызға өзім жабайыншы! Қалай құлпырады ә! Нағыз Алаш қызы осылай сәнденіп жүруі тиіс қой!
– Енді қайттім, құдайым-ау!– деп Күләнда не істерін білмей сасқалақтады. – Маған Зылиха апам шәлі сыйлайтындай… Рақмет, рақмет! Алла разы болсын!
– Қымсынба, Күләнда! – деп Гүлнәр апа басу айтты. – Ықылас сыйы ғой. Біздің де енді жадырап, қуануымызға хақымыз бар шығар…
Дереу ол күлімсіреген күйі қалтасынан томпиған бірдеңе алып шықты да ішінен жарқ еткен сыңар білезікті суырып алды.
– Өзім салған білезігім еді. Саған тарту етемін. Қосарлы сыйды көзіндей көріп ұстарсың!– деді. –Шолпан апа-ау! Мына Күләнданың көпшілік біле бермейтін бір тылсымын айтайыншы.
– Е, айтқаның жөн! Ішіміздегі зар-наланы жазып, тарқатып жіберсе, жер шарын орап аларлық шындық желілері ширатыла түсер еді-ау! Айт, айта ғой, шырағым!
– Айтсам, былай,– деп Гүлнәр апай ойнақылана сөйледі. – Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің «Күләндам» деген дастаны бар. Торғайдағы ақсирақ аштықты айна-қатесіз көрсеткен өлмес жыр. Осының атауына мына Күләнданың есімі алынған екен. Аққұйын ақын арнайы жолығып Мәлік әкесінен осылай атауға рұқсатын алыпты. Күләнданың бала болмысынан елдің қызы боларлық тұлға шығарын болжаса керек, аруақты ақын. Мүлт кетпепті, жарықтық! Бұл Күләнда бүгінде барша қазақтың мақтанышы, ақылшысы, һәм тарих білгірі! Нәзік жүрегінде мың қатпарлы шындық тылсымы бүгілген. Ұрпақтар бұл алтын көмбенің несібесін әлі талай жыл тамашалайтын шығар! Оның Торғай өңірінде Наурыз мейрамын тірілтудегі талпынысы ерекше болыпты. Сондай-ақ, Өзбекәлі Жәнібеков «Шертер» ансамблін құрғанда, мұражайлар ашқанда Күләнданы нағыз кеңесшісіндей дәріптепті.
– Келші бері, маңдайыңды әкелші! – деп Гүлнәрдің осы сөздеріне разы болған Шолпан апа икемделе түскен Күләнданы мейірлене сүйіп, құшағына құшырлана қысып-қысып қойды.
Осы Шолпан апасы өмірден өте-өткенше Күләнда сіңілісімен үнемі хат жазысып, бүкпесіз сырласып, ел мерейін бірге көтеріскен еді.
Арқалықтан Астанаға отағасы Төлеуханның шаңырағын мама қаздай боп өзі бастап көшіріп әкелген Күләнда кейуананың ойына моншақтай жалтырап туған өлкесі Торғайы, одан әрі Шилісі, бертіндегі тұрағы Арқалық елестей берді. Осы облыс орталығынан Мәскеуге барып, ұлттық салт-дәстүр өнерінің сайысына қатысып, ән салып, күй тартқан. Келе сала оны республика телеарналары кезекпе-кезек аттай қалап шақырып, насихаттық мазмұндағы бірнеше жобаларды сәтті жүзеге асырған болатын.
Осы Арқалықта 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін қуаттаушылар сеңдей соғылысып, алаңға жинала бастағанда, «жастарға басу айтыңыз» деушілерге сыр бермей, іштей толғанып, шерге байланып, шерменде күйде тымырайып отырып алған-тын.
– Алаңға шыққымыз келеді! Рұқсат беріңіз!– деп сырттан терілеріне симай ентігіп келген Алуа мен Анарға бірден келісімін берді:
– Барыңдар! Тек тұрысты қойыңдар! Әкем де 31 жасында халық үшін құрбан болған! Ел ертеңі үшін жан пида!– деп қыздарын откешуге қайрап салған еді жарықтық.
Қос қызы қынаптан суырылған қылыштай жарқ-жұрқ етіп үйден атылып шыққан.
Кейін мұны естіген жұрт: «Қайтсін, жазықсыз құрбан болған әкесін бүкіл ғұмырында аза тұтып келді емес пе? Қанында бұрық-сарқ қайнаған кек жүрек тоқтамай басылмас!»– деп ашынған кейуананың батыл да шешімді қадамына қайран қалысқан.
…Өтіп еді күндер осылай, қайғысы мен қуанышы алмасып. Жанын қарыған сансыз сергелдеңмен семсерлесіп жүріп, сексеннің сеңгіріне ілігіп еді.
…Ананың алмас жүрегі кенет үзілді! Тазалықтың тұнығына тойымсыз тамсанған текті тұлғаның тынысы тоқтады!.. Сәл мызғып кеткендей ме, екен?!
Қайсар ӘЛІМ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.