Саясат • 26 Сәуір, 2019

Владимир Путин мен Ким Чен Ын кездесті. Неге?

1364 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Ресейдің Владивосток қаласында жолықты. Ким Чен Ын қалаға өзінің брондалған по­йызымен келді. Олар келіссөз орны ретінде жергілікті университеттің кампусын таңдапты. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін. Бұл көршілес екі ел жетекшілерінің алғашқы кездесуі. Бірақ қос тараптың жолығудағы мақсаты не?

Владимир Путин мен  Ким Чен Ын кездесті. Неге?
Ким Чен Ын жақында Ко­рея Халық Демократиялық Рес­пуб­ликасы Мемлекеттік кеңесінің төрағасы болып қайта сайланған соң алғаш рет шетелдік сапары ретінде Ресейді таңдап отыр. Алайда Мәскеу тарапы үшін бұл коммунист корейлермен бірінші бет көрісу емес. В.Путин билікке жаңа келген 2000 жылы осы елге сапарлатқан. Ал Чен Ынның әкесі Ким Чен Ир Ресейге үш рет келген – 2001, 2002 және 2011 жылы. Соңғы сапарында ол Д.Мед­ведевпен жолығып, отанына олжамен оралған. Ресей КХДР-дың 90 пайыз қарызын, яғни 11 млрд долларын кешірген еді. 

В.Путин мен Ким Чен Ын ал­дымен екі сағаттай бөлек сөй­лесіп, кейін кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Содан кейін салтанатты қабылдауға қатысты. Алайда ресми шаралар аяқталған соң журналистердің алдына тек Ресей президенті ғана шықты. Коммунист Ким кездесу орнынан кетіп қалды. В.Путин келіссөзге көңілі толатынын және бірнеше экономикалық жобаларды талқылағанын айтты. Яғни, әдеттегідей ешқандай бірлескен мәлімдеме жасаған жоқ, келісім-шартқа қол қоймады. Қос мемлекет басшысы айтқандай, бұл тек «пікір алмасу кездесуі» болды.    

Өткен жүздесудің себептері аз емес. Осыдан 2 ай бұрын ғана Ким Чен Ын Ханой қаласында АҚШ президенті Дональд Трамппен жолығып, құр қол қайтқан. Екі тарапСолтүстік Кореядан экономикалық санкция­ларды алып тастау талаптарына келісе алмады. Осылайша былтыр басталған атышулы Солтүстік Корея – Америка қатынасы сәтсіз аяқталды. Вашингтон Корей түбегін ядролық қарудан тазартамыз деген мақсатына жете алмады. Сондықтан енді қысым үдей түсуі әбден мүмкін. Енді жағдайдан шығу үшін Корей басшылығына аймақтағы өзге державалардан қолдау табу керек болып тұр. Яғни, ертең алда-жалда тағы бір келіссөздер бастала қалса, Пхеньян Мәскеуге арқа сүйемесе де, ықпалды ел өкілдерімен кездесіп жатқанын, түбекте жалғыз қалмағанын тілге тиек етуі ғажап емес. 

Басқаша айтса, бұл кездесуге Ресейге қарағанда Солтүстік Корея көбірек мүдделі еді, оның экономикалық пайдасы болмаса да. Айтпақшы, екі елдің экономикалық қарым-қатынасы екіұдайлы мәселе. Осы жылы Ресейдің біршама депутаттары Пхеньянға сапар шеккен. Қарсы алған корейлер бірлесіп көлік жолын, темір жолын, көпір салуды, ресейлік ұшақтарды сатып алуды  ұсынып, Мәскеуге сәлем айтып жіберген. КХДР транспорт жүйесін жаңғыртуға қатты қызығушылық танытып жүр. Өйткені оның хәлі тым нашар. Мәселен, бұл елдің орталық бөлігіндегі темір жол пойызы сағатына 40-50 шақырым жылдамдықпен жылжиды. 

Бір қарағанда Ресей үшін тар­тымды бастамалар. Алай­да Мәс­кеу бұл елге үлкен кө­лемде қар­жы құюы екіталай сияқ­ты. Мәселе, диктатормен жа­қын­дасып, имиджін бұзуда емес. Мәскеу бұған дейін өз хал­­қына қарсы күрескен Башар Асадқа да, Николас Модуроға да қолұшын берген, беріп те келе жатыр. Себеп өзге де болуы мүм­кін. Біріншіден, Солтүстік Ко­рея – кедей ел. Ол ең құрығанда мұ­найымен есептесетіндей Венесуэла секілді табиғи бай­лыққа шалқып отырған жоқ. Екін­шіден, коммунист корейлер тұрақ­сыздау. Сенімді серік деп 1950-1990 жылдары байланысы берік болған Мәскеудің өзі де айта ал­майды. Үшіншіден, Ресейдің өзі Батыстың санкция­ларына ұшы­раған. Артылып жатқан ішкі қаржы ресурстары да көп емес.  

Ешбір келісімшартқа қол қойылмаса, инвестиция мәселесі тек сөз талқымен шектелсе, онда бұл кездесудің мәні неде? 

Ресей АҚШ-тың Ханойдағы сәтсіз келіссөздерінен кейін Ко­рей түбегіндегі ядролық қару ісі­не араласып жатқандығын көр­сеткісі келеді. Яғни, әлемдік проб­лемаларды шешуде сырт қал­ма­дым дегені. Держава имид­жі үшін керек. Бәлкім осы бір ке­ліссөздер сәтті жалғасып кетсе, денуклеаризация ісінде бір­шама жетістікке жетсе, онда АҚШ-тың абыройын түсіргені. Себебі Дональд Трамп Солтүстік Кореяның ядролық қаруын жоямын деп былтыр біраз алаулатып, жалаулатқан. Алайда оның уәдесі бос сөз болып қалды. 

Бұдан бөлек, Ресей Ким Чен Ын бүгін-ертең ядролық қарудан бас тартпайтынын түсінеді. Се­бебі ол бас қаруынан айырылса, АҚШ оны Саддам Хусейн, Муаммар Каддафи тізіміне қосуы мүмкін. Алайда дәл Владивосток маңында ядролық қарудың жарылып жатқаны Мәскеуге де ұнамайды. Сол үшін ядролық мәселе түбегейлі шешілмесе де, «мұз секілді қатып тұрғанын» қалайтын шығар. 

Ким Чен Ынның Путинмен кез­десуіндегі келесі мақсаты – Ре­сейде жұмыс істейтін корей­лер­дің жағдайы. Бүгінде бұл елде 8-10 мыңдай солтүстік-корей­лік жұмыс істеп, еліне жыл са­йын бірнеше миллион доллар жібереді. КХДР экономи­касы үшін бұл әжептеуір көмек. Алайда 2017 жылы желтоқ­санда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қа­был­даған санкция бойынша әлгі еңбек мигранттары Ресей­ден шығарылып, өз еліне биыл 2019 жылдың соңына дейін қай­тарылуы тиіс. Әзірше Ресей Қа­уіп­сіздік Кеңесінің мүшесі ретін­де санкция талаптарын орын­дап келеді.  

Сонымен В.Путин мен Ким Чен Ынның Владивостоктағы кездесуін өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын, оны не алға, не артқа жүргізбеген шара деп бағалауға негіз бар. Қа­зақ­станда кейде облыс пен облыс, министрлік пен министр­лік арасында бір-бірін құқық­тық тұрғыда ешбір әрекетке мін­дет­темейтін «өзара түсіністік туралы меморандумға» қол қояды. Аталған қос ел басшыларының жүздесуі де соның айналасындағы әрі бір-бірінің ішкі сырына барлау жасап, кей сұрақтарда «өзара түсініскен» көрісу болды.