АХМЕТ – ІҢКӘР
(Дастаннан үзінді)
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ.
_____________________
– «Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты
(Дастаннан үзінді)
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ.
_____________________
– «Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты
Ақылы көркіне сай – инабатты»…
Дегенді естіген соң бала Ахмет,
Әртүрлі ойға түсіп,
Мұңға батты.
Сұлуды естігеннен көрген жақсы,
Гүлдерін қырдың қызыл терген жақсы.
Өзінше отауға ие болмаса да,
Он үшке Ахметтің келген жасы.
Әсершіл келеді ғой бала деген,
Қарайлап айналаға алаң-елең.
Іңкәрдің ауылына,
Аққұм жаққа,
Көшкенде жылқы айдаса аламенен.
Осындай ойға түсіп бала ғашық,
Кетеді ақ сағыммен араласып.
Іңкәрдің ауылына алып барса,
Астында ала тайы ала қашып.
…Қара күз.
Қарашаның басы болар.
Қат-қабат,
Қарбалас шақ – осы болар.
Торғайдың
«Жыңғылды өткел» жағасында,
Жататын тігіп алып қосын олар.
Өзеннің ұрымтал тұс –
Өзегіне,
Өткелдің тұрып алып кезегіне.
Оралды әулетімен
Байтұрсындар
Жалғаған
Сыр мен қырды өз еліне.
Қашаннан Сырды қыстап,
Қырды жайлап.
Жиылып осы араға ауыл аймақ.
Асықпай іргедегі
Ақкөліне,
Отырған –
Құлын ұстап, бие байлап.
Байтұрсын –
Әулетімен бір ел еді.
Қоныстап
Қыр мен Сырды жүрер еді.
Басталған батыс жақтан
Сары Тосынның
Тұмсығы осы араға тіреледі.
Болмайды «Жыңғылдыдан» өткен оңай,
Жағасы – қалың жыныс, тал-қарағай,
Қар түспей арғы бетке өту үшін,
Көшпелі ел мал айдайтын солай қарай.
Мал бағу –
Қазақ үшін мақтан кәсіп,
Даурығып айғайласып, аттандасып,
Бір жақтан арғын-қыпшақ басын қосса,
Сыр жақтан жаппастар да қапталдасып.
Жататын азғана күн мал жайласып,
Дәм тату дастарқаннан болған нәсіп.
Жоғалған малын іздеп, шашау шыққан,
Арғы бет, бергі бетке айқайласып.
Көрісіп, қалың қауым қауқылдасып,
Күлісіп, құрақ ұшып, қарқылдасып.
Алты ай жаз бірін-бірі көрмеген жұрт,
Алатын осы арада мауқын басып.
Марқайып,
Қайран Тосын төсін керіп,
Базары байтақ елдің секілденіп.
Өткелден осы бүгін өту үшін,
Тақаған Байтұрсынның көші келіп.
Маңырап,
Қой-ешкісі ығы-жығы,
Ерекше естілгендей бүгін үні…
О, ғажап!
Осы арада кім ойлаған
Тағдырдың тап болар деп тығырығы.
«Кәрі ояз» –
Яковлев Торғайдағы,
Үйінде отырыстың болмай мәні.
Не болған Жыңғылдыда ығы-жығы,
Қаптаған қалың жатақ
Қай-қайдағы.
Болған соң босатпайтын жұрт есігін,
Кәрі ояз ойлап тауып бір тәсілін.
Басынып қара тобыр кетпесін деп,
Әдейі шығарғанды бұл шешімін.
Осы жай қайдағы бір шабарманнан,
Оязға кеше кеште хабарланған.
Қалаға қалың елді жақындатпау,
Шешімін түйін болды таба алмаған.
Соңғы кез «Кәрі ояздан» бедел кетіп,
Тастады абыройын төмендетіп,
Халықты қорқытпақ боп қаруымен,
Жеткені –
Жыңғылдыға жеделдетіп.
Дегбірі қалың елдің қалмай тағы,
Туды деп тауқыметтің қандай шағы.
Қасында қаруы бар екі-үш солдат,
Соңынан ертіп жүрген жандайшабы.
Қылтиып иығында мылтықтары,
Кетердей түгел жайпап құртып бәрі.
Қалың ел мұны көріп,
Қапаланды,
–Төтеннен тап болды, – деп қырсық тағы.
«Кәрі ояз» қарлығыңқы бір дауыспен,
Бұйрығын оқып берді тұрған үстем:
–Жеріне мемлекеттің мал таптатып,
Бастыңдар аяғыңды былғанышпен.
«Қалаға 30 шақырым жақындамау»…
Бұйрықты масқара ғой мақұлдамау.
Сендердің,
Шошақовтар қайда болсын
Дауларың дауыл болып басылмады-ау!
Дегенде ағасы Ақтас:
– Тоқта, тақсыр!
Біз – қоймыз,
Ал, сен болсаң бөрі-қасқыр.
Бағзыдан атамекен туған жерді
Бас салып менікі деу, қандай дәстүр?!
Саласың елге салық, көпке міндет,
Білемін, біздің елден кетпегің жоқ.
Әкеңнен қалған жердей Ресейден,
Арқалап алып келген өткелің жоқ!
Кәрі ояз:
– «Замолчи!» деп айқайлады,
Бір солдат қару ұстап оңтайланды.
Тебініп астындағы атыменен
Кимелеп екіншісі қайта айналды.
Осы сәт Байтұрсынды ашу кернеп,
Қамшысын қалған еді қатты сермеп.
Сол кезде «кәрі ояз» аттан ауып,
Құлады қара жерге бір тізерлеп.
Байтұрсын басқан кезде қатты ашуға,
Тұрмапты босқа қарап Ақтасың да.
Ақтастың қолындағы қайың шоқпар,
Тиіпті «кәрі ояздың» қақ басына.
«Кәрі ояз» сол арада салып ойбай,
Қайталап дей беріпті: –
Торғай, Торғай!
Әулеті Шошақовтар түгелімен
Түрмеге тоғытылсын бірі қалмай…
«Кәрі ояз» болмас сірә, мұндай кекті,
Ақыры, дегеніне тынбай жетті.
Ауылын Байтұрсынның түгел тығып,
Торғайдың түрмесіне сыймай кетті.
Табылып,
Тақасқаны, керіскені,
Табылып
Төбелесіп-періскені.
Солардың арасында кінәлі боп,
Түсіпті Ахмет те он үштегі.
– «Кәрі ояз», қатты кетті аса тіпті,
Десіп жұрт қайта шешім жасатыпты.
«Мектепте жақсы оқиды» делінген соң,
Артынан Ахметті босатыпты.
Болған соң әулетімен басы даулы,
Ахмет мектебінде бақылаулы.
«Оқ тиіп он үш жаста жүрегіне»
Ауырып біраз уақыт жатып алды.
Сонда да қалған емес сабағынан,
Мұң кетпей жүрсе-дағы қабағынан.
Іңкәрға деген ыстық махаббаты,
Үзілген қызыл гүлдей сағағынан.
Өмірдің сезгеннен соң зор ұшқынын,
Оқыды күні-түні орыс тілін.
Онысы әкесіне «адвокат» боп,
Дәлелдеу болған істің дұрыстығын.
Көңілін жас жігіттің тонап қайғы,
Қара бұлт кеудесіне қонақтайды.
Әкесі, шешесі де тас түрмеде,
Бірақ та, есігінен қаратпайды.
Тас түрме.
Қарт Торғайдың қаласында.
Байтұрсын әулетінің бәрі осында,
Жалғыз-ақ сыртта жүрген
Ахмет бар,
Ұқсаған балапандай шарасызға.
Болмайды
Барып әсте, жолығуға,
Жігіттің жас жүрегі торығуда.
Күні-түн тас түрменің төңірегі,
Бейне бір жүргендей-ақ торуылда.
Білмейді істің мәнін,
Жосығын да,
Батпандап қайғы жүгі қосылуда.
«Қазаннан көшпелі сот келеді», – деп,
Арада алты ай күтіп, тосылуда…
Қыс өтіп,
Енді міне, көктем келді,
Кім аяр түрмеде азап шеккендерді.
Ағайын бәрі сырттап сала берген,
Мұндайда кімге айтасың өкпеңді енді.
* * *
Торғайдың қара қоңыр бір кешінде,
Тұр еді тас түрменің іргесінде.
Басында орамалы бір қыз келді,
– Жүр – деуге шама бермей, – бұл несіне?!
– Ахмет! – деді әлгі қыз,
– Мен Іңкәрмін,
Бұл жерде өзің сынды мен де зармын.
Естимін ән айтыпсың маған арнап,
Көруге мен де сені ынтызармын.
Әулетсің, білем бәрін, асыл текті,
Сеземін басқа түскен қасіретті.
Қамықпа, бұдан былай мен бармын! – деп,
Іңкәр қыз кірпігінен жасын төкті.
Жанарын Ахмет те жаспен шылап,
Не дерін білмей қалып тұр абдырап.
Әйтсе де, бойын тіктеп, божырамай,
Іңкәрдің амандығын жатыр сұрап.
Осы бір оқиғаға өң мен түстей,
Ахмет тұрды біраз толқып іштей.
Іңкәр қыз деді тағы:
– Аққұм деген,
Әніңіз ел аузынан жүр ғой түспей…
Салғандай осы арада сөзге салмақ,
Ару қыз Ахметті тұрды барлап.
– Аққұмда
Бір Аққу қыз бар деген соң,
Шынымен айтып едім саған арнап.
Ару қыз құрмет етті
Басын иіп,
Құшақтап Ахметтің бетін сүйіп.
Тағы да деді Іңкәр:
– Қиын кезде,
Шалмасын жүрегіңді қайғы-күйік.
Екеуі баяғыдан таныс жандай,
Рахат жан сырына қаныққандай.
Қоштасты екі ғаріп қимастықпен,
Әлдекім тұрған кезде танып қалмай.
* * *
Кім таңдап алар дейсің қырын жолды,
Бұл өзі айта жүрер ырым болды.
Алапат ұлан-асыр сот басталды,
Болмаған бұл Торғайда бұрын-соңды.
Созылды соттың ісі сегіз күнге,
Тыңдамай уәжіңді, лебізіңді де.
Бәрін де «итжеккенге» айдатпақшы,
Заңына болмаса да негіз мүлде.
Халықтың құлақ түрсек күбіріне,
Қатты айтпай сыбырлайды бір-біріне.
Бәріне 15 жылдан қағаз-хаттап,
Әкетпек жеделдетіп Сібіріне.
Осылай тыңдай қалсаң елдің сөзін,
Қалдырып Ахметтің жалғыз өзін.
Әйелі, баласымен-шағасымен,
Әулетін Байтұрсынның құртпақ көзін.
Ахмет сотта отырды бастан-аяқ,
Ақ жүзін ағыл-тегіл жасқа бояп.
Жіберді тілдей қағаз төрағаға,
– Мені де әкетіңдер тастамай-ақ!
Төраға бір жалт етіп жалақ ерні,
– «Бұл кім?» деп көпшілікке қарап еді.
– Мен! – деді жас Ахмет тура қарап,
Зал іші бір дүрлігіп қала берді.
Төраға сәл таңырқап:
– Мынауы не…
Шынында әкесіндей кінәлі ме?
Дегенде, ояз тұрып орынынан:
– Созбайық мұның сөзін тым әріге,
Бұл бала жас та болса оқымысты,
Көзінің қарасаңшы, оты күшті.
Оқуды, жағдайына қарамастан,
Бестікпен аяқтады осы қысты.
Меңгеріп осы бастан орысша ұқса,
Жазалау жөн-жосықсыз – теріс жұртқа.
Қазір де тілмашыңа жарап-ақ тұр,
Түбінде дайын бала – болыстыққа.
Дегенде, сәл ойланып төраға да,
– Жарайды қала берсін, жөн-ақ онда.
Әйтсе де, бақылаудан босатпаңдар,
Не заман болашақта болар алда?!
* * *
Уыты –
Уақыттың – от кешуі,
Ақыры шығып тынды сот шешімі.
Халықтың қолдауынан,
Қорғауынан
Ояздың басым түсті кектесуі.
Кәрі ояз жынын шашқан бейне бура,
Көктемде құтырынып шыққан тура.
«Бірін де босатпаймын!» – деген кезде,
Зал іші толып кетті айқай-шуға.
Төраға қаламсабын тықылдатып,
Столды сөз сөйледі нұқып жатып.
– Ояздың басын жарған бұл бұзықтар,
Қайтады «итжеккеннің» дәмін татып!
Дуылдап біраз уақыт барып-барып,
Дауылдай сап басылған тынды халық.
Ел-жұртты ығыр қылған сот шешімін,
Тыңдады тағат таппай, құлақ салып.
Халықтың естігені дұрыс шықты,
Бәрі де он бес жылдан іліп шықты.
– «Бұларың барып тұрған қатыгездік!» –
Деп біреу бұзды залдан тыныштықты.
Қалың ел шыға келді тағы шулап,
Толқындай дауыл соққан қайта тулап.
Кейбірі қазақшалап сілтеп жатыр,
Ояздың әкесінің аузын «сулап».
Әйелі, баласымен ағасы Ақтас,
Тағы да талайлары болған жақтас.
Әулетін Байтұрсынның түгел тізіп,
Айдатпақ «итжеккенге» кәрі қақпас.
Қалиы,
Байтұрсыны,
Сабалағы,
Олардың інілері,
Ағалары…
Әкетпек Сібір жаққа қойдай тізіп,
Бар болса жол жүруге жарағаны.
Сонымен,
Сот шешімі шықты шындап,
Түбінде не тындырар айқай құрғақ.
Соңғы сөз Байтұрсынға берілгенде,
Қалың ел тына қалды ұйып тыңдап.
Байтұрсын тұра алмады төменшіктеп,
Қарады төрағаға көзін тіктеп:
– Айтарым,
Айыбымды мойындаман,
Жазаңды артсаңдағы қанша жүктеп.
Білгенмін,
Тірелерін осы жайға,
Асырдың қулығыңды қосып айла.
Бурадай құтырынған тұр ғой, міне,
Жарылған оязыңның басы қайда?!
Өзіме ұнамай тұр мына қылық,
Босада қойғаннан соң кінәлі ғып.
Басына қамшы тиді дегізгенше,
Шоқпармен құлатпадым бір-ақ ұрып!
Ешкімге артқан жоқпын иегімді,
Білмеймін сүйкенуді, сүйенуді.
Басармын туған Торғай топырағын,
Сібірден сүйреп келіп сүйегімді.
Тағдырдың күтіп тұрған сынағы алдан,
Қорықпаймын, бүгін келсін, сұм ажалдан.
Жан балам!
Білім алып, орысша оқып,
Кегімді қайтарып бер мыналардан!
Сот бітті.
Ел дүрлігіп айғай-шудан.
Көріскен кемпір-шалдар шалып құрбан.
Әулетін Байтұрсынның айдап кетті,
Арбаға отырғызып дайын тұрған.
Тербетіп бір зарлы әуен қырат-қырды,
Шыңғырып бала жылап – құлақ тұнды…
Іңкәр де Ахметтің құшағында,
Еңіреп
Елмен бірге жылап тұрды.
* * *
Болса да қай заманда,
Қай ғасырда,
Той деген толы болар айғай-шуға.
Ішінде қалың елмен қараталас,
Іңкәр қыз әкесімен той басында.
Оншама ыстық емес, күн де желкем,
Тігілген киіз үйлер қатар-көркем.
Аттарды аралап жүр әкесімен,
Бәйгеге түсетұғын бүгін-ертең.
Келеді әрбіріне беріп баға,
Қоймайды сын айтады көріп қана.
Кейбірі аттан түсіп сәлем берер,
Көлденең келе жатып жолыққанда.
Мынау ат озады деп,
Мынау озбай –
Кетеді кейбірінің мінін қозғай,
Кейбірі – бұған тіпті разы емес,
Жалықпай ат жаратқан ала жаздай.
Кейбірі айтқанына мәз болады,
Кейбірі мақтануға аз қалады.
Бір жерде әңгіме айтып тұрып қалмай,
Көруге одан әрі қозғалады.
Бір кезде аулақ тұрған ана жерден,
Көзіне бірден түсті ала дөнен.
Аз ғана асаулығы сезіліп тұр,
Ат екен сирағы ұзын, алқымы кең.
Құбыла – тең болғандай дүниесі,
Кім, – деді, – мынау аттың шын иесі.
Тыпыршып бір орнында тұра алмай тұр,
Бардай-ақ көтеретін бір киесі.
Сол кезде Ахмет те «мен, мен!» – деді
Иіліп әкесіне сәлем берді.
– Озайын деп тұр екен топқа салсаң
Ерік бер мына ала дөненге енді…
Тұлпарды танып тұрмын шаппай келген,
Озады ең болмаса тоқ бәйгеден,
Қосып көр, бәлкім озар, алаңдама,
Кім білген қонатынын бақ қай жерден?!
Бір жақтан Нүреш айтты:
– Мына кісі
Келіп тұр біздің атты сынағысы.
Озар деп осы жолы мен де ойлаймын,
Тұлпардай тұр ғой міне, құрақ ұшып…
Күдігі Ахметтің сейілді енді,
Қосуға тоқ бәйгеге пейілденді.
– Іңкәрға тартқан сыйым осы болсын,
Қайтайын таңғалдырып қалың елді!
Атасы ақ тілегін айтқан бойда,
Ахмет шын бекіді осы ойға
– Кетейін елмен-елді жалғастырып,
Өнерім осы болсын қосқан тойға.
Мұндайда үргін-сүргін топыр – қызық,
Келеді той думаны енді қызып.
Үстіне «иә, сәт!» деп аттандырды
Жеңілдеу бір баланы отырғызып.
Кең жазық – еркін сілтеп даламенен,
Ат жарыс ұлы дүбір ала келген.
Қосылып тоқ бәйгеге кете барды,
Көзге ұрып топ ішінде ала дөнен.
Қалды жұрт андағайлап,
Аттар кетті,
Жанталас – ызы-қиқу көкпар да өтті:
Думанның
Дуылдаған ең қызығы –
Басталар палуан күрес шақ та жетті.
Түрініп етек-жеңін бір-бір мықты,
Күрескер топ ішінен дүлдүл шықты.
Шапшаңдық, айла-тәсіл, амал керек.
Шын күрес ұнатпайды сылбырлықты.
Жеңіліп жатыр бірі,
Біреу жеңіп,
Бойына қуат кіріп, шабыт еніп.
Бір кезде «түйе палуан» дара шықты,
Паңданып өз күшіне өзі сеніп.
Бойында
Бұлт-бұлт етіп,
Бұлшық еті,
Жойқын күш, тастайтындай
Жұлқып өтіп.
Ортаға шықты осылай
Бір дәу қара –
Дүрлетіп айналасын –
Дүркіретіп.
Күн қызып,
Болған кезі ұлы сәске,
Күреске –
Атан түйе тігіп бәске.
Бірақ та,
Қара дәумен жұлқысуға,
Ешкімнің барар емес батылы әсте.
Басым тұр қара дәудің ызбары әлі,
Жиналған палуандар жүз қаралы.
«Батырым нағып тұрсың?!» – дегендейін,
Бір кезде Ахметке қыз қарады.
Іңкәрдің лебі ме,
Намысты ерге,
Болмаса –
Бойындағы шабыт – сел ме?
– Мен бармын! – деп Ахмет атып тұрып,
Ширығып, жылдам басып
Шықты төрге.
Таңданып кейбіреулер «бұл кім?» деді,
– Тақасу қара дәумен мүмкін бе еді!
Жүрегі Іңкәрдің де алып ұшып,
Астында аршын төстің бүлкілдеді.
Ахмет қара дәуге келді тақау,
Қара дәу тіл қатпайды бейне мақау.
Қиын ба, мынадайда мерт болары,
Болмаса, тұлғасына түсіп ақау.
Іңкәр қыз,
Іштей тілеп «иә, сәт!» деп –
Сиынып бір Құдайға бойға – дәт, деп.
Қарады қара дәуге Ахмет те,
Өзімен салғастырып сынап ептеп.
Қара дәу
Ахметке тұра ұмтылды,
Тартысып,
Салғыласып – көп жұлқынды.
– Апыр-ай, не болады
Ақыры! – деп,
Іңкәр қыз әкесімен толқып тұрды.
Қымқыру қара дәуді
Қиын еді,
Ахмет қыран құстай шүйіледі.
Қара дәу
Қолтығына қысып алып,
Ұршықша
Ахметті үйіреді.
Құтылып Ахмет те
Қолтығынан,
Әзірге көрінбей тұр олқы бұдан.
Бір кезде
Жас Ахмет қара дәуді,
Бөрідей ала түсті алқымынан.
Келтірмей белден ұстап үйіруге,
Бүркіттей қона қалды иінінде.
– Ахмет, Ахмет! – деп
Айқай салып,
Жанкүйер –
Жастар жағы сүйінуде.
Қара дәу тәсіл жасап шатты-батты,
Тұйғынды төмен қарай қапсыра атты.
Сырықтай сирағымен
Түскен бойда
Тобықтан –
Қара дәуді
Қатты қақты.
Бойында шабыт селі сәл тасыған,
Ауыр жүк арылғандай арқасынан.
Құлаған дауыл күнгі
Томардайын –
Қара дәу –
Бір-ақ түсті шалқасынан.
Есіріп тұрған қауым – ел манағы,
Ішінде Іңкәр ару – кермаралы.
Жан-жақтан
«Жарайсың!» деп айқайласып
Жіберді дүрліктіріп кең даланы.
Тынғандай бір алуан іс атқарып,
Ахмет елге қарап тұр шаттанып.
Маң басып,
Маңдайынан сүйді ақырын
Атасы
Ахметті құшаққа алып.