Медицина • 26 Сәуір, 2019

Трансплантолог

1397 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Трансплантация – медицинаның интеллектуалды болашағы зор ең басты бөлігі. Қазір бұл сала әлемде өте жылдам қарқын алып отыр. Қазақстанда да медицинадағы озық технологияның арқасында ағзаны трансплантациялау дамып келеді.

Трансплантолог

Трансплантолог-хирург қандай болуы керек дегенге келсек, иммунология бағытында, заманауи дәрі-дәрмектер, диаг­ноз қою, тексеру тәсілдерінде мол ақпаратпен қаруланған, уақытпен есеп­тес­пейтін, білімін үздіксіз жетілдіріп оты­ратын, кәсіби әлеуеті жоғары, ойшыл, хирур­гияның барлық сатысынан өткен, бола­шаққа жұмыс жасайтын, өмірін осы жолға арнаған фанатты айтамыз. Яғни, кәсіби білікті хирург болу үшін үш нәрсе – терең білім, еңбекқорлық, іскерлік қабілет керек. Кәсіби хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймахановты осы қасиеттің бәрін бір бойына жиған алтын қолды дәрігер, ағза алмастыру ісінің хас маманы деуге әбден болады. 

Әсілінде, қазіргі профессор Байма­ха­нов бала кезінде медицинаға бара­мын деп мүлдем ойламаған. Экономист, құрылысшы әулетінде тәрбиеленген ол қаржыгер болуды армандаған. Алайда айбатты әке баласына дүниедегі ең абзал, қайырымды мамандық дәрігер екенін кесіп айтады. Көргенді, тәрбиелі ұлға әке сөзі заң. Осылайша Алматы медицина институтына түскен болашақ дәрігер алғаш­қы екі курста тек химия, физика, философия, саяси эконо­ми­ка пәндері оқытылғандықтан, оқу­ды таста­­ғысы да келген. Тек үшін­ші курс­тан топоанатомиядан дене мүше­­лері құры­лысын оқи бастағанда қызы­ғу­шылығы оянып, шәкіртақысына клини­ка­лық хирургияның журналдарын сатып алып, кейіннен жаздырып алып оқиды. Әрі факультативті сабақтарға үзбей қатысады. Ал тәжірибеден өтуге ауруханаға барған бұл өзінің жаны қалайтын мамандық екенін түсінеді. Ол кезде диагнозды тек науқастың ауруды сипаттауымен қолмен ұстап қояды. Сонда ғой практикант студенттің қойған диагнозы дәл келіп жататын. Өйткені 6 курсқа дейін жалпы хирургияға байланысты монографиялардың тізімін алып, жүзге жуығын оқып тастаған. Жаңа кітап, жаңа тәсіл шықса үйренуге асығатын. Тіпті ұстазы Сапар Орашов кейде дәріс үстінде: «Болат, дұрыс айтып жатырмын ба?» деп пікірлесіп отыратын. Өйткені көп ізденетінін білетін. Сол кездері алған негізгі базалық білім, оны әрі қарай үздіксіз жетілдіру осы күнге дейін көмегін тигізуде.

– Дәрігерлер көп оқуы керек, – дейді профессор Баймаханов. – Қызы­ғу­шылық болмаса, еш нәрсені оқи алмайсың. Маған студент кезімде ешкім оқы демесе де  қажетті деген оқулық, әдебиет­терді оқуға тырыстым. Мәселен, 80 пайыз жағдайда диагнозды науқастың түр-кел­беті, жүріс-тұрысы, жатқан жаты­сы­на қарап білуге болады. Бізде қа­лай, науқас «мына жерім ауырады» дейді, дәрігер сонымен тоқтайды. Әрі қарай ол қалай ауырады: сыздай ма, ашып, бүріп ауырады ма? Әрбір дерт өз белгісін береді.

Мен алдымен науқастан бәр­ін тәптіштеп сұрап шығамын. Сонда симптомның жүз па­йыз жағдайында бір ауруға сәйкес келеді.

Жалпы, медицинада хирургия – элита­лық сала. Кейбіреулер үшін жақсы хирург атану оңай сияқты көрінер. Меди­цинаға келген жастар жалақының аздығынан, болмаса ізденіп оқуды қаламай басқа салаға кетуде. Олар еңбектенсе, кәсіби деңгейін арттырса, танымал маманға айналар еді. Ондай маманды шетелден де іздеп келіп жатады. Ал білім-білігің болмаса, саған кім келеді? Рас, тырысу керек, бірақ ол жаратылысында берілген қабілетке де байланысты. Оқуды қызыл дипломға бітірсе де науқасқа келгенде, білімін қолданып анализ жасай алмай жатады. Қабілет-қарымы жетпейді. Яғни, бұл қабілет-қарым, талант табиғаттан келетін қасиет. 

– Қазіргі жағдайда хирург ота жа­сау­ға жүз пайыз диагнозбен бару керек. Ал кейбір жағдайда ота үстінде ше­шім қабылдауға тура келеді. Менің отала­рым­ның 95 пайызы онкологиялық аурулар. Кейде жас адамның екі-үш ағзасын алып тастауға тура келеді. Ота жасаған жөн бе, жоқ жауып қоя салу керек пе? Әрине, қайта жаба салу оңай. Онда адамнан айырыламыз. Тәуекел етсең, артынан асқынулар болуы да елу де елу пайыз. Мықты хирург соны жылдам бағамдауға, қоры­­тынды жасауға қабілетті болуы керек. Жа­қында екі жастағы қызға ота жаса­­дым. Ұйқы безінің қатерлі ісігі. Бір емдеу мекемесінде ота жасап, ашқан да жаба салған. Диагноз компьютерде көрі­ніп тұр. Егер қолыңнан келмесе, өзіңе сен­­бесең ондай жауапкершілікті алма. Оны жасай­тын адамдар бар. Жақсы, мені тауып келді, келмесе ше? Менің айтарым, қолың­­нан келмесе, зияныңды тигізбе, – дейді кейіпкеріміз. 


Ақшамен есептелмейтін де дүниелер бар

«Адамның үміт отын жалғап, жүзіндегі қуанышты көру – айтып жеткізгісіз керемет сезім ғой. Егер мен қаржыгерлік маман­дықты таңдағанда, әлдеқашан бизнеске кетіп, жағдайым бұдан мың есе жақсы, шалқып өмір сүрер едім. Бірақ бәрібір бүгінгі мамандығымнан тапқан бақытқа жетпейді деп ойлаймын. Жанын саған тапсырып, көзі жәутеңдеп жатқан адамның соңғы үмітін жалғаудан артық қандай бақыт болуы мүмкін. Оны ешнәрсемен өлшей алмайсың. Ағза алмастырған күні қанша шаршасаң да, ертең науқастың жақсы болатынын біліп шығасың. Сол көңілге зор медет. Науқастың, оның бала-шағасы мен жақындарының қуанғанын көргендегідей рахат сезімді еш жерден сезіне алмайсың. Олардың берген батасы, жүректерін жарып шық­қан ізгі ниет-тілектері ешнәр­се­мен өлшен­бей­ді. Сол баталардың қасие­тін қашанда сезініп тұрамын». Міне, біз­дің кейіпкеріміз осылай толғанады... 


Жақсы команда – сенімді тірек 

Қазір елімізде 11 трансплантация орта­лығынан төртеуі ғана қалған. Солар­дан науқастар негізінен қолы жеңіл, кә­сі­­би ше­берлігі кәнігі хирургтерді таң­­дап жатады. Мұндай маманда – бі­лім, қол, техника, адами қасиеттері – бәрі сай болады. Де­генмен, трансплантация – командалық еңбек. Оны жасақтаудың өзі үлкен мәселе. Олар жетекші хирургтің білім-білі­гін таңдап келеді. Яғни, жақ­сы команда – мықты маманға жинала­ды. Мәселен, бір транс­плантацияда нау­қас­тың айналасын­да елу-алпыс адам жүреді. Болатбек Бимендеұлы болса, олардың білімін жетілдіруге шетелге оқуға жіберіп, жағдайын жасап, еште­ңе­ден аянып қалмайды. Міне, осы аса жауап­ты істі атқару үшін 14-20 сағат бойы аяғыңнан тік тұрып, ақ тер, көк тер болып операция жасау өз алдына, одан кейінгі ем, күтімнің барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылуы үшін қатаң тәртіп талап етіледі. Ол жағынан профес­сор­дың командасына еш өкпесі жоқ. 


Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты

Елімізде тұңғыш рет 1979 жылы бүй­рек­ке, 1997 жылы бауырға трансплан­та­ция жасалды. Сол кездері Болатбек Бимендеұлы отандық хирургияда өз орны бар академик Мұхтар Әлиевпен бірге трансплантация жасауға қатысқанымен, нәтижесі дұрыс болмаған соң тоқтайды. Бірақ осыдан сегіз жыл бұрын мүше алмас­тыруды қайта қолға алған ол Алма­ты­дағы №7 қалалық ауруханада бүйрек, бау­ыр трасплантациясын жасауға кірісті. Бүгін­де еліміздегі трансплантологияда Болатбек Бимендеұлынан көп ота жасаған дәрігер жоқ. Қазірге дейін 450 бүйрек пен бауыр алмастырды. Оның 70-сі бауырға жасалды. Бүйрек пен ұйқы безін бір мезетте алмастырған да профессор Баймаханов. Сондай-ақ Қазақстан тари­хында тұңғыш рет 9 айлық балаға бауыр трансплантациясын ешқандай шетелдік дәрігерлердің көмегінсіз жасап, осы күнге дейін 24 баланың өмірін сақтап қалған. Ал жақында дүние жүзінде алтыншы мемлекет болып Қазақстан бір емес, екі туыстық донордан бауырларының бір-бір бөлігін алып, бірегей күрделі ота жасады. Бұл – еліміздің трансплантация саласын дамыту ісіндегі зор тәжірибе.

– Нәтижеміз жақсы, жаһанға мақ­та­нып айтуға тұрарлық, – дейді әңгімесін жал­ғаған хирург мырза. – Тіл көзден сақ­тасын, туыстық донордан қайтыс бол­­ғандар жоқ. Ал операциядан кейінгі нау­қастардың өмір сүру мерзімінің нәти­жесі дүниежүзілік деңгейге сәйкес келуі де еңбегіміздің жемісі. Қалай деген­де де, қайтыс болған адамнан мүше алмастыруға қарағанда, туыстық донор өте күрделі ота. Өйткені екі бірдей адамның өміріне жауаптысың. Шетелде негі­зінен қайтыс болған донормен жұ­мыс жасайды. Ал бізде ет жақындары донор­лыққа рұқсат етпейтіндіктен, шама­мен жүз пайыз туысқандық алмастыру. Қазір шетелдіктер біздің нәтижемізді кө­ріп, үлкен құрметпен қарауда. Өйткені мықты хирургтер әлемде санаулы. Солар­дан үйреніп, қазір өзіміз де сол деңгейге жет­тік. Жасаған оталарымыз олардан артық болмаса да, кем емес. Кезінде біз олар­дан үйренсек, қазір біреуді үйретуге қол жеткіздік. 
Бөле-жара айтатын жағымды жаңа­лық, Болатбек Бимендеұлы ағзаны алмас­ты­руға машықтанғаны сонша, қазір туыс­тық донордан бүйректі кеспей, лапароскопиямен алу жағынан дүние жүзінде бестікке кіреді. Ал жасаған операцияның жыл­дамдығы бойынша әлемде бірінші орын­да. Мәселен, мықты деген Кореяның білікті хирургі Т.К.Пак донордан мүшені үш сағатта алса, Баймахановтың қолының шапшаңдығы 40-45 минутқа жетеді. Қалыпты жағдайда ол ота 5-6 сағат жасалса керек.
Болатбек Бимендеұлының шәкірт туралы өз ойы бар. Шәкірттің бақыты – жақсы ұстазға жолыққаны. Хирургияда жо­лын ашқан алғашқы ұстазы Мұхтар Әлиев осы орталыққа жұмысқа келгенде жас дәрігерді ординатурада қалдырып, кан­дидаттық, докторлық диссертациясын қорғатады. Сондай-ақ профессорлар А.Шүленбаев, Ш.Жураев, М.Сейсембаев, шетел­дік профессорлар В.Вишневский, Субаш Гупта, Ли Кванг, Т.Пакты айнымас ұстаздары санайды. Бүгінде өзі де шә­кірт тәрбиелеуде. Қазір командада бүй­рек алмастыруды жастардың өздері жасайды. Бауыр трансплантациясында біраз деңгейге дейін шәкірттеріне сеніп тапсырады, нәтижесі жақсы.
Жүректің анасы – бауыр
Мамандардың айтуынша, адамның бауыры ең қайырымды ағза болып саналады. Өйткені кесілген бауыр уақыт өте өсіп, өз қалпына келеді екен. Техникалық жағынан жүрек, бүйрек ауыстыруға қара­ғанда, бауыр трансплантациясы өте күрделі. Жүрек алмастырудың оңтай­лылығы – одан шығатын төрт қол­қа тамырдың диаметрі өте кең. Ал бауыр­дың тамырлары аттың қылындай өте жіңішке, нәзік. Оған қоса өт жолдары бар. Тамырдың бәрін микроскоппен 14-20 сағат аралығында аяғыңнан тік тұрып тігіп шыққанда көздері қарауытып шы­ға­ды. Ең бас­ты жауапкершілік – бауырын берген донорға зиян тигізбеу.

«Марапатты бізге емес, дәрігерлерге беру керек»

Болат Бимендеұлы отыз жылдан аса қолынан қандауыры түспей денсаулық күзетінде жүрген ай емес, күн, сағат санап соңғы демін күтіп, өлімнен хабар күтіп жатқан жақындарына бауырын қақ бөліп берген жандарды көп көрді. Бұл бүгін­гідей баласынан безінген тасбауыр әке, тасбауыр ана, 

тасбауыр бала көбейіп келе жатқан заманда адам мейірімнің, бауыр­малдықтың биік үлгісі екені анық. Сон­дықтан ол туыстық ағза алмастыруға келіскен сол адамдардың осы қадамын батырлыққа балап, ерліктерін атап өтуді ойластырады. Осылайша Болатбек Бимен­деұлының идеясымен орта­лық әлемде тұңғыш рет бауырының бөлігін өз еркімен сыйлап, адамның өмі­рін ұзартуға баға жетпес үлес қосқан донор­ларды марапаттау рәсімін үлкен сал­танатпен атап өтті. Онда 2011-2016 жыл­дары бауырын берген 40 донор мен 40 реципиентке «Бауырымды – бауырыма сыйлаймын» естелік медалі табыс етіліп, ерекше құрмет көрсетілді. Бұл шарадан көңіл тебіренбеуі мүмкін емес еді. «Жанымызды шүберекке түйіп екі дүниенің ортасында жатқанымызда бауырлардың бауырын бөліп бергені өз алдына, ең алдымен елімізде осындай күрделі отаны жасауға мүмкіндік беріп, дәрігерлерді оқытып, тегін ота, тегін ем-домын жасатуға қамқорлық көрсеткен Үкіметімізге, профессор Баймахановқа шексіз ризамыз», деген сондағы көпшілік мұндай медальды Алланың рақымымен екінші өмірді қайта сыйлаған дәрігерлерге беру керектігін де Денсаулық сақтау министрлігіне құлақ­қа­ғыс қылған еді. Расында да, бізде кейде осындай бірегей таланттардың еңбегі бағаланбай жатады.
Медицина шексіз мамандық. Міне, осы шексіздікте әр дәрігер өз биігін бағындырады. Дәрігерлер, әсіресе кәсі­би хирургтар – бейбіт өмірде қаһармандық қа­дам­ға баратын кадр сыртындағы батырлар. Болатбек Бимендеұлы да сондай батырлардың бірі. Бірақ ол жалғанға жар салмайды. Қарапайым қалпынан бір айнымайды. Тек өзі емдеген адамдардың шын жүректен айтқан алғыстарын естігенде ғана көңіліне қанат біткендей марқаятыны, масаттанатыны бар. 

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»