фото Сенаттың баспасөз қызметі
Мемлекет басшысының ұсынуын қарау нәтижесінде сенаторлар отставкаға кетулеріне байланысты Ботагөз Ералиева мен Қамбар Нұрышевты Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Ұсынылған кандидатуралар алдын-ала Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды.
Сонымен қатар Палата отырысында Парламент Сенаты тағайындаған Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасы мүшесінің өкілеттігін тоқтату және қызметінен босату туралы мәселе қаралды. Бұған дейін Рашит Ахметовтің атынан өзін Жоғары аудиторлық палатаның мүшелігінен босату туралы өтініш келіп түскен еді. Регламентке сәйкес бұл мәселе Қаржы және бюджет комитетінде алдын ала талқыланды. Ашық дауыс беру арқылы депутаттар аталған шешімді қолдады.
Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында Француз даму агенттігі тобының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы», «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы жан-жақты экономикалық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді және Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдар қаралып, ратификацияланды.
Отырыс кезінде атап өтілгендей, бұл заңдарды мақұлдау – халықаралық қатынастарды нығайту және бірлескен экономикалық жобаларды іске асыру үшін тұрақты жағдай жасау жолындағы маңызды қадам. Сондай-ақ аталған құжаттарды ратификациялау ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, отандық бизнесті халықаралық деңгейде ілгерілету үшін сауда кедергілерін жоюға және Қазақстанның сауда-экономикалық дамуын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен бірге сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дипломатиялық қызмет, халықаралық шарттар және дамуға ресми көмек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» туралы заңды қарап, мақұлдады. Заң ел Президентінің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын орындау мақсатымен әзірленді.
«Мақұлданған заң дипломатиялық қызмет заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, заң аясында дипломатиялық қызметке тұру, еңбек ету және біліктілікті арттыруға қатысты жекелеген мәселелер нақтыланып отыр. Сондай-ақ дипломаттардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау тетіктері жетілдірілген. Заңның мақұлдануы дипломатиялық қызмет органдарының жұмысын дамытуға және халықаралық шарттар жасасу процесін оңтайландыруға мүмкіндік береді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.