24 Сәуір, 2013

Кайф

405 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Кайф

Шегебай – үлкен қаланың шет­кері мөл­тек ауданындағы биік үйлердің бір жертөлесіне орналасқан аядай ғана дүңгіршек иесі, яғни етікші. Ертеңгілік әдеттегі қалыпты тіршіліктен сәл қиыстау, бұл маңай абыр-сабыр күй кешеді. Кіреберістегі темір есікте де бір тыным жоқ, ашылып-жабылған са­йын майланбаған топсасы «ойбайын» салып, миыңды кеміреді.

 

Шегебай – үлкен қаланың шет­кері мөл­тек ауданындағы биік үйлердің бір жертөлесіне орналасқан аядай ғана дүңгіршек иесі, яғни етікші. Ертеңгілік әдеттегі қалыпты тіршіліктен сәл қиыстау, бұл маңай абыр-сабыр күй кешеді. Кіреберістегі темір есікте де бір тыным жоқ, ашылып-жабылған са­йын майланбаған топсасы «ойбайын» салып, миыңды кеміреді.

Тұйық көшенің арғы бұрышынан жылт етіп көрінген ескі «Москвич» жайлап келеді де, дүңгіршектің алдына дік етіп тоқтайды. Апырмай, ағысқа қарсы жүзген көксеркеден аусайшы! Адам деген былай, ортаға бейімделер болмас па. Жұрт аяғы басылып, төңі­рек тыныш­тал­ған соң-ақ келуіне болады ғой Шегебай­дың, немесе Шегебай етікшінің. Қай жұ­мысынан қалып барады. Шегебайдың орнын тартып ал­ғысы келіп, сыртынан бақылап, бақта­ласып жүрген біреу бар ма. Шлагбаумнан жүрдек пойызды бел­гі­ленген минутында, секундында өткізіп жіберетін кәнігі теміржолшыдай Шегебай дәл таңғы тоғызда осы маңнан табылады. Және күнде осы. Оу, жұмыр басты пен­деңіз токқа қосылса бітті, зыр қа­ғып жүйтки жөнелетін ойыншық мә­ши­не емес қой. Басы ауырады, балтыры сыздайды. Тіпті, думанды кештен көңіл­дірек оралып, артық ішілген «сома­пал­дың» әсерінен айыға алмай, түстен ке­йін, не жұмысқа шықпай қалса да Шегебайды шарқ ұрып іздейтін кім бар?! Жөндеуге берген аяқ киімдер иелеріне бүгін тапсырылмаса, ертең-ақ қолдары­на тиеді. Кеңірдектен алатындай ол не қылған асығыстық?

«Таң азаннан дірдектеп нем бар. Шіркін, Шегебай болсам жатар едім шал­жиып, төбеге шырт-шырт түкіріп. Ай-хай, дүние-ай!» – Балкондарынан ең­ке­­йіп төмен қараған екі-үш қартаң кісі Шегебайдың қызыл «Москвичін» көр­генде амандық-саулықтан бұрын: «Дұ­рыс, дәл уақытында. Жұмыстан кешік­кен жоқ, үстеме жалақыңызды дайындай беріңіз» дегендей бір-біріне көз қысы­сып, жымың-жымың күледі. Одан әріге тереңдеу, бір түрлі олар үшін де ұят әм қылмыс. Кешегі «коммунизм елесінен» әзер құтылса да бү­гінгі коммерциялық капитализм әле­уетіне «бір кірпіш боп» қалана алмай, өздерін құдды қос ме­кен­ді тірлік иесін­дей сезінетін мына биік балкондағы кісілер Шегебайды жақсы таниды. Бес саусақтай біледі. Оның сол аяғының жуан саннан не үшін кесіл­гендігін, Ауған соғысынан тапқан кесел емес­тігін еске түсіру дегенің бергі жағы ғой әншейін; Шегебайдың етікшіліктен түсетін табысына қоса ұн-жарма комбинатынан бір айлық жәрдем ақша алатыны, үш бірдей қыз тәрбиелеп отыр­ғаны, алдының институтта оқитыны, отбасымен ынтымақты өмір сүретіні, әйелінің ең болмаса бір ұл туып бере алмадым-ау деп Шегебайдың алдында кінәлі кісідей қысылатыны, жастары біразға келіп қал­са да шаңыраққа ие болатын перзент сүюден әлі де үміттері барлығы, ерлі-зайыптылардың есепсіз дүние шашпайтын мәттақандығы, тіпті гипс жаңалау үшін Шегебайдың бес жылда бір рет Германияға барып қай­татыны… бәрі-бәрі көз алдарында жазулы хаттай сайрап тұр.

Ескі «Москвичтің» әм аяқ киім жөн­дейтін «Алтын таға» дүңгіршек ие­сін ал мықты болсаңыз кемсітіп көрі­ңіз! Мүге­дек, мүгедектігін кімнен жасырады. Өмірбаяны әлгідей. Жалпақ таба­нымен талтаңдап жер басып жүр­гендердің де қырып тастағаны белгілі ғой. Шегебай­дың жанында олардың бір де біреуі жіп есе алмайды. Шеге­бай­дың кез келген тірлігі атқан оқтай. Үне­мі ондыққа дөп тиеді. Дүңгір­шек­тің іші де құстың ұясын­дай, жып-жы­лы. Осындайда ескі түсі­нікті жымысқы ойлар алдымен омырау­лайды-ай. Бірақ оны Шегебайға тели көр­меңіз, түптің түбін­де өзіңіз абыройсыз­дыққа қала­сыз.

Етікшілер туралы ел не демейді. Біз­дің қалада да солай, етікшілердің дені мүгедек кісілер, не мылқаулар. Әрине, бәрін бір ұғымның қауызына сыйғызуға болмас. Дегенмен, дені ішеді. Кешқұрым дүңгіршек жабыларда көп­шілігінің бас­тары бұлғақтап, бір нәрсе сұрайын де­сең бетіңе қарап ыржа­лақ­тап, басқа әлем, басқа әуенің ырғағына түсіп, өз­дерінше рахатты күй кешеді. Мейлі ғой, мұндайға көпшіліктің көзі үйренген. Мә­селен, осы мөлтек аудан­дағы бір етік­ші қара жерге төртта­ған­дап тік тұрғыз­баған тағдырына налып, өзін өзгелерден кем санап, осыларға келгенде тым кең­пейілдік танытатын құдайды да қарғап-сілеп, қазір өліп кетсе де өкінбейтіндігін айтып, бірде жуан дауысымен барылдап, бірде жы­лап-сықтап, шолтақ аяғына киген ағаш гипсі бір бұрышта, өзі тар кө­шеде көл­денең түсіп жатып алса да тірі жан үндемейді. Елемейді, елең қыл­майды. Қу арақтың уы ғой дейді әрі кет­кенде. Аяушылық сезімдер тұс-тұс­тан төпе­лейді. Түнемелікке қалатындай болса әлдекімдер қолтықтан демеп, шаң­дақ киімдерін реттеп, дүңгіршек ал­дын­да­ғы жайдақ орындыққа әкеп жай­ғас­тырады.

– Әйеліңізге хабарлайық, телефонын айтыңыз, алып кетсін.

Манадан бері айтылған мың-сан ақыл­дың бір де біріне құлақ аспаған етік­ші «әйел» дегенде ток соққандай ті­ті­р­кеніп, былшықтанған жанарымен тө­ңірегіне тіктеліп қарайды: – Ата­ма­ңыз, әйелі құрысын!

Бұл бәлкім, үйреншікті, жүрдім-бар­дым айтыла беретін қалжыңы да болар. Етікшінің әйелі тап сіз ойла­ғандай жарымжан күйеуіне төбеден қарайтын, күн сайын мөлшерлі тиын-тебенді алақанға салып тұрмаса табан астынан ұрыс шығаратын тәкәппар кісі де болмауы мүмкін ғой. Жалпы мыл­қаулар мен мүгедектерді қандай жүрек жұтқан да жөнге саламын деп уәде бере алмас. Өжет қой шеттерінен. Бастарынан бір сөз асырмайды және бір сөзді кешіре алмайды. Қалың қамыс ішіндегі жолбарыстай үнемі атыла кетуге дайын тұрады. Әлім жете ме, жұ­дырықтасудың жеті атасын меңгерген біреу болса әкемді танытар, одан құй­рығымды қысып тыныш отырайын деген сақтық, қорқу, үрей­ле­н­у сезімдері мылқаулар мен мүгедек­тердің бойларынан көп ұшыраса бер­мейді. Мүлдем өліп қалған. Әлде… гуманистік, ізгілік, адамгершілік тура­сындағы заң атау­лының бәрі жиналып келгенде солар­дың мүдделерін қор­ғай­тын болған соң, соған арқа сүйей ме?! Әйтеуір, ақыл-есі бүтін адам жарымжандармен жа­ғаласпайды. Иіледі, сынатын жерде сынады. Жазатайым ашуландырып алса да жазықты болғандай ар­қасынан қа­ғып, жік-жапар күй кешеді. Жанжал шықса жеңіске жететін солар. Ал іс шынымен насырға шапқандай бол­са, жүйкесі жұқалары аяғындағы гип­сін жұлып алып, қақ маңдайдан қон­жи­тады екен дегенді де естігеніміз бар.

Мұның бір де бірінің Шегебайға қатысы жоқ. Шегебайдың тұла бойынан ибалықтың иісі аңқиды. Клиент­те­рімен ылғи да күліп амандасады. Жұ­мыр басына пайдасы жоқ, бөстекі әңг­і­­­­­­­­ме­лерге араласпайды. Әкім-қаралар­дың жер-жебіріне жетіп жамандайтын, ішіп қой­ды мен жеп қойдының көрігін қыз­дыратын, саясаттан сала құлаш «тол­ғау» соғатын, «жұрттың бәрі жаман да тек өздері ғана жақсыларды» Шегебай саналы түрде жанына жуытпайды. Болған талайлар. Ертелі-кеш аядай дүңгір­шек­тен қарыс сүйем аттамайтын, етік жамап, өкшелерге нәл қа­ғып, күс-күс алақа­ны­нан қалақтай бал­ғаның сабы ажырамайтын Шегебайды аяп, сырттай болса да зиялы қауымның ортасына тартқансып, етікшінің «сауатын» ашқысы келетін сұңқылдақтар «Алтын тағаны» төңірек­теуін төңірек­теген. Бірақ олардың бір де біріне Шегебай ыңғай танытпады. Ыңғай танытса ұтылады. Белінің қуаты, білегінің күші бола тұра жан қинап жұмыс істе­гісі келмейтін, одан гөрі базар жағалап, екі-үшеуі «сабраз» жасап, арзанқол шөлмекті ауыздан-ауызға жа­ғалатып, бұрыш-бұрышты бұқпантай­лап пана тұтатындар аздап жылынып алу үшін Шегебайдың дүңгіршегіне де әдейілеп соғар еді. Қырық жылғы құ­дасын көр­гендей құшақ жая ұмтылар еді. Ойдан-қырдан жүдемелетіп әңгіме соғар еді. Өзге етікшілердің өзім деген кісілерге қол ұшын беруге әзер тұратын жомарт мінездерін мысалға келтірер еді.

Темір төске балға шақ етіп тиеді. Шегебай германиялық гипс аяғын ер­кіндеу созып, бірнәрсе айтқысы келгендей тамағын кенейді. Жұтқыншағы жыбырлайды. Темір төске тиген балға­ның дауысы шақар.

– Болдыңдар ма, бойларыңды жы­лытқан шығарсыңдар. Енді осы той­ған­­дарыңа риза болыңдар! Шагом марш!

– Оу, Шегебай-ау, үйге кірген жы­ланның басына ақ құйып шығармаушы ма еді?

– Сен немене, неңе жетісіп әкі­реңдейсің, а?!

– Әкіреңдеп тұрғаным жоқ, маған жұмыс істеуге мүмкіндік беріңдер.

– Не?! Сенің қолыңнан балғаңды тартып алғалы жатқан біреу бар ма?!

– Балғаны тартып алу ма сендерге, арттарыңа қараңдар!

– Біз көппіз, көзі адырайған көк­сау Шеге­байдың кеудесіне сұқ сау­сағын қадайды. – Аспандама, ақсақ!

– Шыр бітейін деген екен…

– Көзіңе көк шыбын үймелету түк емес біз үшін… Сен секілді талай ақ­сақ­тың асаулығын жөнге түсіргенбіз бір сәтте.

– Қолдарыңнан екі келсе бірін қылыңдар.

– Үстіңнен аудандық мәслихатқа арыз түсірсек ертең-ақ біздің алдымызда құрдай жорғаларсың!

– Ойбай-ау, аудандық мәслихатты қайтесіңдер, жаздың екен, маңдайды парламентке бір-ақ тіреңдер.

– Ал біз, кімге және не жазатын­дығымызды жақсы білеміз, ақыл үй­рет­пе! Халыққа жөнді қызмет жасай алмайтын етікшінің керегі не?! Дө­рекі…

– Арымызға тіл тигізді деңдер бір жерінде…

– Оны өзіміз білеміз.

– Мейлі, ал қазір дереу табан­да­рыңды жалтыратыңдар!

– Егер жалтыратпасақ…

– Онда өз обалдарың өздеріңе!

Шегебайдың жарымжан аяғымен қалай орнынан ұшып тұрғандығын ешбірі байқамай қалды. «Дүлей ғой мына ақсағың!» Көк желкеден тиген гүр­зідей жұдырық алғашқы екеуін қо­са­­қабат сыртқа атып жіберді. Үшін­шісінің намысы оянып қарсы ұмтыл­мақшы еді, гипс аяқ тура оң бүйіріне қадалды. Қисалаңдап ол кетті. Төртін­шісінің көзі жыпылықтап, тұтқыннан құтылғандай қос қолын төбесіне қо­йып, Шегебайдың арт жағымен мысықтабандап жылжыды. Тысқа шыққан соң тісін қайрады: – Бұл бассыздығың үшін тиісті орган­дарға жауап бересің Шегебай, бұл – адам правасын таптау! Біз демократиялық елде өмір сүріп жатырмыз…

– Қолдарыңнан келсе кесіп алың­дар!

– Неңді кесеміз, екінші аяғыңды ма?!

Арыз бір адамның атынан жазылса келістіруге, бітістіруге, тіпті жауып тастауға да болар еді. «Алтын таға» дүң­гіршек иесінің үстінен жазылған қара­лау арыздың соңына анау-мынау емес, төрт аза­мат қол қойған. Төр­теуі де азаматтық құқымыз жермен-жексен болды деп зар илейді. Және жазулары қандай, мірдің оғындай! Сауатты. Заң-законның көзінен тізгенде акаде­микті жаңылыстырар. Жауап күтеміз деп артын салмақтайды. Талап арыз екі-үш құзырлы мекемеге қатар жіберілген. Не істеу керек? Әкімдіктегілердің әбден бастары қатты.

***

Шегебайдың күндегісі осы, бір жа­ғынан мұнысына да шүкіршілік. Ақ­сақтығын араға тықпалап, ертеңді-кеш ошақ бұ­тын күзетіп, үйден қарғы адым шыға алмайтындай күйге ұшыраса, ішудің кө­кесін әне, сонда кезіктірер. Оу, бәрі­нен бұрын «қой, жұмысқа барайын» деп, есік жақтауындағы киім­дерін киіп, те­мір гараждың ішінде күй­беңдеп жүретін тірлігіне не жетеді! Қызыл «Москвичі» жарап тұр әзірге. Қақаған қара суығыңа қарамай, кілтті бұрап кеп жіберген сәтте дар ете түсе­ді. Шетелдік жұтынып тұр­ған жаңасын алуға бір түрлі көңілінің хошы жоқ. Қай бәйгеден қалып жатыр. Үй мен жұмыс арасына кідіріссіз қаты­нап тұрса жарамай ма. Және Шегебай ескі мәшиненің кем-кетігін өзі-ақ жөндеп алады. Ешкімге жалынбайды. Оның үстіне көз дегеннен көрді ғой көресіні. Ертеңгілік көршілері бірінің мәши­несін бірі сүйрелеп, от алдыра алмай әуреге түсіп жатқанда ақсақ Шегебай мұртынан күліп, шетелдік мәшине­сімен жандарынан зу ете шықса… Бәре­келді! Ондайда Шегебайдың осы кісі­лердің ұлтаны желімнен ажыраған аяқ киімдерін аса ыждағаттылықпен жамап беретіні, пұлын да көп алмайтыны әрі уәдесінде тұратыны ескерілмейді де, оның ақсақ аяғын сылтауратып, биік үйлердің арасына темір гараж қой­ғызып алғандығы – әрбірінің кеудесін аяусыз тырналар. Міне, жылы жерде тұрған Шегебайдың мәшинесі бірден гүр ете түспегенде қайтеді?! Оу, бұл Шегебай­дікі не басыну, а?! Егер Ауған соғы­сынан мүгедек боп оралса әңгіме тәмәм. Жұрттың аузын жабуға сол жалғыз деректің өзі жетіп-артылады. Бірақ олай емес қой, Шегебай бейбіт күннің мүгедегі. Турасына көшкенде ұн-жарма комбинатында техник боп жүріп, жүгері тартатын агрегаттың әл­дебір ақауын жөндемек болғанда тран­спартерге аяғын шайнатып алған. Сол-ақ. Осындай кә­кір-шүкірді сылтауратып, әркім әки­мат­тан рұқсат алып кез келген жерге қап­татып гараж қоя берсе, балалар ойнайтын алақандай алаң­нан да айырылып қалар. Шегебайдың темір гаражын сүр­гізіп тастаса қалай болар еді. Әрине, мұн­дай арам ой әркімнің кеудесінде булығып жүрген де шығар-ау. Бірақ гуманистік тәрбиемен ауызданған кеше­гі кеңес заманының адамдары қалай дегенде де ізетті ғой. Мүгедекті іштей мүсіркейді.

Ал Шегебайдың үш қыз тапқан әйелі етікшіге қарағанда сәл ақыл­ды­лау. Ойланып сөйлейді, алды-артын без­бенге салады. Орынсыз жерге ки­лік­пейді, көбіне-көп үнсіз қалады. Мә­селен, мына жағдайға бола Шеге­бай­дың құлағын шулатудың қажеті не?! Аман-есен жүре берсін Ше­гебай! Құдай тілеуін беріп төртінші құр­сақ көтереді екен, Шегебайдан сүйінші сұрауға асықпайды. Мән-жайды шегіне жеткенше зерттейді. Бір-екі айдан соң УЗИ аппаратына түседі. Ұл болса талай түнгі арман-мақсатының орындал­ғаны. Егер… жо-жоқ, о не дегеніңіз, Алла асылық айтқызбасын, көз­ге кө­рінген үш қызын бағып-қағып, құтты орындарына қондырса да жетер. Екі-үш күн ауруханаға жатып шығар азар болса…

– Сіз былай икемделсеңізші өмірге?!

– Не?!–Шегебай әлдекім жон арқасын осып жібергендей осқы­ры­нады. – Не айтпақсың мұнымен?!

– Тыңда, тыңдасаң–біздікі сізге болысу.

– Ал, ия…

– Елмен жағаласып… Жұрт аяғы басылған соң шықсаңыз да құр қал­массыз үлестен. Көзге түсіп… Артық әрекеттің қажеті не?

– Кімнің қорасына түсіппін?!

– Түспесеңіз де… Мәшинеңізді жылы гаражға қоясыз. Ешбір қинал­май­сыз. Ал атан жілікті жігіттер…

– Немене, атан жілікті жігіттер керек болып жүр ме саған?!

– Ту…у, бас десе құлақ дейсіз. Қызба мінезің-ай! Егер қажет болса әйел­дер о жағын да сізден сұрамайды.

– Иә, солай, солай екен-ау?! – Амалсыз шегіншектейді Шегебай: «Дұрыс, дұрыс айтады, әйелдің қулығына таяқ бойламас. Гараждың құжаттары түгел. Жер салығын төлегем. Оның үстіне әлгі сен айтқан атан жілікті жігіттердің алдынан талай өткем. Арым таза. Аккумуляторларын менің жылы гаражыма кіргізіп қойса бірнәрселері кете ме? Жалқау шеттерінен. Әлде мүгедек Ше­гебайға кіріптар болғысы келмейді. Не дейсің маған?! Ал мен тумысымнан жұмыскер боп жаратылған адаммын. Сондықтан денім сауда жұмыстан жарты сағат кешіккім келмейді. Мейлі, тау қопарып тастамасам да…»

Шегебай «Москвичін» дүңгір­шек­тің терезе тұсына әкеп тіреп қояды. Кабинадан алдымен оң аяғын, сосын сол аяғын шығарады. Маңдайшадағы кіш­кене ай­наға қарап, қобыраған шашын тарайды. Жейдесінің жағасын түзейді. Үстіне иісмай бүркеді. Ақсаңдай басып екі жерден құлыпталатын темір есікті жайлап ашады. Әлденеден күдіктене ме қалай. Осы арадан желкелеп шыға­рып жіберген әлгі аяқ-қолдары балға­дай төрт азамат Шегебайға әкімшілік тарапынан тиісті жаза қолданылмады деп жарапазан айтып жүрген көрінеді-міс; ол ақсақтың әлі сазайын тарттырамыз деп тістерін қайрап жүрген көрі­неді-міс. Кім білсін, осы күні адамға сенуге бола ма. Автобекетке, вокзалға, концерт залдарына жарылғыш зат қо­йып, оларын күні бұрын құқық қорғау органдарына хабарлап, айдың-күннің аманында елді дүрліктіріп және одан ләззат алып, шырт-шырт түкіріп жүр­гендерден бір нәрсе күтуге бола ма. Олардың қасында Шегебайдың «Алтын тағасы» сіріңкенің бір тал шиі ғой әншейін. Жарқ етті де жоқ болды. Орнында бір уыс күл қалар.

Ішке кірген бойда бірден былғары алжапқышын беліне байлап, төс темір­ді дүңкілдете жөнелмейді. Алдымен гүл­дерге су құяды. Қызыл пүліш­пен қап­талған диванның шаңын сүртеді. Керек­ті қағаздарын реттейді. Салық коми­тетіне, электр қуатына және сон­дайлық кәкір-шүкірге төленетін ақша­ны сейф­тің үстіңгі тепшегіне қаттайды. Қолына хош иісті крем жағады. Әй­елі­нің әпен­ділігін күлкі қылғанымен ептеп іші жылиды. Шегебайдың олпы-солпы жүр­­ген­дігін ол да қаламайды. Бой­жетіп қалған қыздарының кейбір қылық­тарына қара­дай қарап қарны ашады, әлі бала. Әкелерінің күні бойы шаншылып, балға соққылағандығымен шаруалары жоқ, Шегебай табалдырық­тан аттаса-ақ болды, мойнына асыла кетеді. Ой, бәрекелді! Сондайда кү­йеуінің үс­тінен жағымсыз иіс шығып жүрсе жақ­сы ма?! Қыздары түгіл оны өзі де ұнат­пайды. Айтқанға көнсе Ше­ге­байдың иығына қыл жұқтырғысы жоқ.

Ағаш сәкідегі қаз-қатар тізілген аяқ киімдер қатаң график бойынша кезегін күтеді. Айналып келгенде олар түгелі­мен Шегебайға бағынышты. Бірін-бірі баса-көктеп, басып-жаншымайды. Ер­тең­гі күні осылар иесін тапқанда қа­лай-қалай ойнақтар еді, тіпті Шегебайды да басып озып, шаң қаптырып кетер еді. Аяғы саулармен жарысқа түсе­тін­дей Шегебайдың шамасы қайда. Сон­дықтан әркім қолынан келетін шаруасына мә­тіби. Мыналарды балғамен тұмсықтан бір-бір нұқып қойса да Ше­гебайдың қолын қағатын тірі жан жоқ.

Бірінші тұрған бұзаубас бәтеңке анау интеллигент шалдікі. Әрине, шал десеңіз шалқасынан түсер. Әлі күнге дейін сыптай боп әдемі киінеді. Өмір бойы креслодан түспеген кісі сәл кө­кіректеу, танымайтын адамдай кейде Шегебаймен де салқындау амандасады. Шегебайдың оған қарап қалған несі бар, жасы үлкен болған соң бас изейді. Одан бір нәрсе дәмете ме? Аяқ киімін жөндеуге әкеп жүрген кемпірі. Ой, оныкі баяғы оқтау жұтқандай сіресу. Бәтеңкені қолына алып тұрды да кері ысырды. Ықылас танытпады бір түрлі. Одан кейінгі кезек бастауыш мектеп мұғалімінің етігі. Бір баласы бар. Бұл ауланың тұрғындары Шегебайға бес саусақтай белгілі. Оның күйеуімен қол ұстасып қатар жүргенін көрмепті. Әлде байқамай қалды ма. Ұзынқұлақтан ес­туінше әлгі есерсоқ күйеу біреудің тұр­мысқа шықпаған қызымен байланысып жүкті ғып қойған тәрізді. Қыздың әкесі де әпербақан біреу білем, «қолыма түссең ажалың менен болады» дейтін көрінеді. Оу, айдалаға айбат шеккенше, одан да қызын тәрбиелеп алмас па?! Мұғалимамен хабарласа ма, хабарласпай ма, кім білсін, о жағына тереңдеп қайтеді. Ал шындығына келгенде Ше­гебайдың көкірегінен де бір түрлі аяушылық сезім оянады. Өзі де үріп ауызға салғандай әдемі. Оқтаудай балтырлары қандай! Сырмасы сынған етікті мұқият сүрткілейді. Қонышын қалыпқа кигізеді. Өткір бәкінің ұшы­мен сөгілген тұсты ойып алып, жаңадан былғары жапсырады. Бүгін кешке дейін дайын етеді бұйырса. Радиодан терме тың­дайды. Сыр сүлей­лерінің ерекше маһам­мен айтылатын терме-дастан­дарының дискісі түгелге дерлік осында. Бірінен соң бірін тың­дайды. Жалықпайды.

***

Мылқау әйелдің бір бөлмелі үйінде шалқасынан түсіп, шырт ұйқыда жат­қан Биахмет жер асты дүмпуінен шошып оянғандай, жастықтан басын жұ­лып алды: – Мен… мен, қайда, қай­дамын, а?!

«Сен, сен айдасың!–Келіншек сылқ-сылқ күліп саусақтарын ербеңдетті. Үстөл үстіндегі жартылай ішілген жар­тылықты нұсқады, – бас жаза­мы­сың?!»

– Кетші-ей!–Биахмет бет-аузын тыр­житты. Бір стақанды тартып жібер­се де теріс болмас еді. Бірақ өз-өзін тежеуге тырысты. «Мынау қайдан тап болған тың бастамалар? Ішу ешқайда қашпас, ішті ғой мүйіз шықса. Апыр-ай, бір нәрсе көрінейін деп жүргеннен сау ма?! Шегебайдың түр-тұлғасынан-ақ құтыла алмай-ақ қойды. Көзін тастай жұмса-ақ болды, жүрер жолын кес-кестеп, талтайып Шегебай тұра қалады. Міне, менікін көрдің бе дегендей, балағын жуан санға дейін түріп, Германиядан жасатқан гипс аяғын көрсетеді. Ұрып қойыпты ондай аяқты! Өзіміздікімен-ақ Биахмет те қатардан қалып жатқан жоқ. Ешкімнен кем емес, бұйырса ертеңнен бастап Са­рыағаш шипажайына барып, демалып қайт­пақшы.

Биахмет ақсақ та осы мөлтек аудан­ның ана басындағы аяқ киім жөндейтін дүңгіршек иесі. Мұныкі де Ауған соғы­сынан тапқан кеселден аулақ. Төбелес қоя баяғы. Біреулер пойыздың тамбурынан лақтырып жіберген. Жер-жерге түйіндемесін жіберіп, өзіне лайық қыз­мет іздеп еді. Техникум бітірген. Екі-үш дипломды мамандар қызмет таппай сандалып жүргенде Биахметтікі не аспандау. Мүгедектерге мораль­дық және ас­қан адамгершілік тұрғысынан қарайтын біздің қоғам қалай дегенде де адал ғой. Биахметке де әкелік қамқор­лығын аямады. Екі-үш ай тегін оқы­тып, дүңгіршек ашып берді. Қалғаны Биахметке байланысты.

Жарағыр, көбірек сілтеп жіберген бе немене?! Төбе құйқасы қырық құ­мырсқа кеміріп жатқандай шымырлайды. Та­мағы құрғайды. Мойны был­қыл­дап, екі иығына алма-кезек құ­лайды. Осы келін­шектің не пәлесі барын қайдам, әлде арақтың ішіне дәрі қосып бере ме, әй­теуір үйіне келсең бітті, ай­налсоқтап тұ­заққа түскендей матала­сың да қала­сың. Биахметті клиенттер күтіп жүрмесін ана жақта.

Көзі кіртиіп төңірегіне тіктеліп қара­ды. Өз шаруасымен әрлі-берлі зыр­лаған мылқау келіншектің жуан бөксесін ала­қанымен сарт еткізді. Бұ­йымтайы енді еске түсті: – Бардың ба, Шегебайға?

«Бардым». – Келіншек басын изеді.

– Мән-жайды түсіндірдің бе?

«Түсіндірдім».

– Не деді?

«Үн-түнсіз шығарып салды».

– Қалай, қалайша, жын қағып кеткеннен сау ма Шегебайды?! Оу, ол Гер­манияға жүргелі жатқанда осы қа­ланың бар етікшісі жиналып, «орамал тон болмайды, жол боладының» ырымын жасап, ниетімізді білдірген жоқ па едік. Соның басы-қасында өзім жүр­гем. Германия болмағанмен Сарыағаш та…

Қабырғаға сүйеніп орнынан тұрды. Тәл­тіректеп тысқа шықты. Бүрсеңдеп іш­­ке қайта кірді. Әлденеге ашулан­ған­дай қол­дары дірілдеп, қырлы стақанға құ­йыл­ған арзанқол арақты шімір­кен­бес­тен тартып жіберді: – А-ха-ха, сен, сен бар-ау, маладес! Сезесің бір нә­р­сені. А-ха-хау, бүгін менің кайф ұс­тайтын кү­нім екен ғой. Бүгін қасың­дамын бұйыр­са…

«Еркіңіз білсін!» дегендей келін­шектің көздері күлімдеді.

Биахмет екі қолын тарақтап жел­кесіне қойып, темір кереует үстінде ер­кін көсілді. Мастығы тез тарқады. Көзін жұмса бітті Шегебайды көретін болған соң, одан құтылудың жолдарын тере­ңірек және жауапкершілікпен ойластырды: «Шегебайдың мұнысы адам­гер­ші­лікке жата ма? Бес-он тиынын бермесе артына тықсын! Биахметке бұйыр­ған не­сібе де тұрған шығар бір жерде. Кім-кімді асырап жүр? Оу, алысқа сапар шек­келі жатыр екен, «Биахметтің жолы болсын, жақсылап демалып қайтсын» демей ме ең болмаса. Үн-түнсіз шыға­рып салғаны қалай? Және Биахмет арнайы адам жіберіп тұрғанда…»

Көз алдынан аумалы-төкпелі дү­ние­лер кино лентасындай тізбектеліп өтіп жатты. Қаладағы мылқаулар мен мүге­дектер қауымдастығы бас қосу ұйым­дас­тырса бітті, бәрі жабылып Шегебайды мақтайды. Мақтағанда да түбін тү­сіреді. Ақсақтығына қарамай шағын бизнесті дұрыс жолға қойған Шегебай… Тірі жанды сандалтпай, аудан­дық салық комитетіне уақытымен жарнасын төлеп тұратын да Шегебай… Халыққа қалт­қысыз қызмет істеудің үлгісін Шегебайдан үйреніңдер… Шегебайдың тәжіри­бесін бүкіл қалаға таратамыз… Айына бір рет Шеге­бай­дың лекциясын тыңда­йық… Шегебай мастер-класс ұйымдас­тырсын… Оу, сон­да бұл Шегебай баса-көктеп қайда барады?! Шегебайға тоқ­там айтатын бір адам табыла ма, самародный сары алтын болды-ау сонда бұл Шегебай?!.. Шегебайдың иненің жасуындай қыл­мысы жоқ, тап-таза… Шегебай құдай­дың тапа-тал түсінде төрт бірдей азаматты желкеден түйгіштеп, дүңгір­шек­тен қуып шығады. Сонда да Шеге­байдікі дұрыс. Мейлі, ит те болса сол төртеуі ғой, Биахметтің арғы-бергі жол шығынын көтеріп жүрген. Шегебай бүйтіп басқа секіре берсе, бір күні…

***

Шегебайдың дүңгіршегі түн жарымында от құшағына оранды. Оның қай­дан келген кесел екендігін етікші жақ­сы түсінді. Ертеңінде асықпай киінді. Қайда асығады. Гипс аяғын сылап-сипап қайта киді. Тістері қышыр­лады, жағы жыбырлады. Сөйтті де мылқау келін­шектің үйіне телефон соқты:–Биахмет, сен сондасың ғой, күт мені. Қазір барып, желкеңді қиямын, сау аяғыңды сындырамын!.. Әңгіме сол!..

– Келме, неге келесің! Сені шақыр­ған біреу бар ма?! Кайфты бұзасың, бүгін кайф ұстайтын күнім…

Шегебайды есік алдынан әйелі күтіп алды:–УЗИ-ге түстім. УЗИ алдамайды. Құдай тілегімізді берді, төртін­шіміз ұл екен, Шегебай…

Етікші не ілгері, не кейін жүрерін білмей қалт тұрып қалды.

Қуаныш ЖИЕНБАЙ.