3 мамырда сағат 19:00-де «Севильядан Неапольге дейін» концертінде испан, француз және итальяндық сазгерлердің жалынды туындылары, сондай-ақ неополитандық әндер шырқалады. Камералық зал сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бибігүл Жанұзақ, Азамат Жылтыркөзов, «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Капонова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Салтанат Мұратбекова, Ерұлан Кәмел өнер көрсетеді. Фортепиано партиясында – халықаралық байқаулардың дипломанты Жанар Ахметова.
5 мамырда сағат 18:00-де «Tango Project» концерті өтеді. Музыка, би, вокал керемет үйлесім тапқан бірегей музыкалық жобаны «Art Contrast» аспаптық ансамблі ұсынады. Оның құрамында: Әйгерім Матаева (фортепиано, Франция), Мария Орининская (скрипка, Австрия), Татьяна Вицинская (меццо-сопрано), Жібек Сапарғалиева (флейта), Жәнібек Сапаров (гитара), Сапар Күмісқалиев (баян), Әділ Сатыбалдинов (контрабас) бар. Бишілер Әнел Марабаева мен Евгений Моисеевтің жұбы кештің көркін қыздыра түспек. Аргентиналық «танго королі» – ұлы Астор Пьяццолланың жалынды туындылары, соның ішінде Ave Maria, Fugata, №3 Этюд, «Танго тарихы. Café 1930», El penu’ltimo, Oblivion, «Мархабат», «Сыған тангосы», «Сол бір қайғы», Escualo, Adios Nonino, La muerte del Angel, «Yo soy Maria…», сонымен қатар Хуан-Карлос Кобианның «Los Mareados», К.Гардель-Д.Уильямстың «Әйел иісі» кинофильмінен танго орындалатын болады.
Ұлы мереке – Жеңіс күні «Жеңістің өшпес шырағы» атты мерекелік концертпен аталып өтетін болады. 9 мамырда сағат 15:00-де «Астана Опера» театрының Камералық залында опера солистері, хор және оркестр әртістерінің орындауында соғыс жылдарындағы танымал әндер мен сүйікті әуендер, сонымен қатар қазақ, орыс және батыс еуропалық классиканың озық туындылары шырқалады.
19 мамырда сағат 18:00-де көрермен назарына заманауи камералық музыка ұсынылатын болады. «Жүрекке жол тапқан музыка» концертіне халықаралық байқаулардың лауреаттары Ұлпан Әбдікәрімова (сопрано), Роза Солтыханова (флейта), Манарбек Абаев (кларнет), Динара Қалабаева (фортепиано) қатысады. Музыканттар америкалық және еуропалық композиторлардың туындыларын жаңа үлгіде ұсынады. Атап айтқанда, Э.Эвайзеннің Флейта мен фортепианоға арналған №1 сонатасы, А.Дютийенің Флейта мен фортепианоға арналған сонатинасы, Ф.Пуленктің Кларнет пен фортепианоға арналған сонатасы, К.Дебюссидің «Жұлдызды түн», «Керемет кеш», Л.Шпордың «Неміс әндері» op.37, Дж.Манукянның Флейта, кларнет пен фортепианоға арналған триосы сынды шығармалары шырқалады.
23 мамырда сағат 19:00-де тыңдармандар Венадағы музыкалық серуенге шақырылады. «Ұлы есімдер: Й.Гайдн, В.А.Моцарт» концертіне Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Талғат Ғалеев, П.И.Чайковский атындағы Х Халықаралық жасөспірімдер байқауының лауреаты Ақбике Алғи (скрипка), Росс Кларк (труба, Уэльс, Ұлыбритания), «Астана Опера» театрының балалар студиясы (жетекшісі – Алтынғаным Ахметова), сонымен бірге дирижер Рақымжан Баспаевтың жетекшілігімен «Астана Опера» театрының Камералық оркестрі қатысады. Мазмұнды бағдарламаға Й.Гайднның Оркестр мен фортепианоға арналған концерт ре мажор (1-бөлім), №104 симфония ре мажор (1-бөлім), В.А.Моцарттың «Серальдан алып қашу» операсынан увертюра және Констанцаның ариясы, «Дон Жуан» операсынан Церлина мен Дон Жуанның дуэті, Оркестрмен скрипкаға арналған № 4 концерт ре мажор (1-бөлім), Оркестрмен фортепианоға арналған № 23 концерт ля мажор (2-бөлім), №40 симфония (1- бөлім) енген.
25 мамырда сағат 18:00-де виолончельге арналған музыка кеші өтеді. «Виолончель үн қатқан мамыр кеші» концертіне қазақстандық виолончельші Сәния Дүркеева мен оның ұстазы – атақты швейцариялық виолончельші, Цюрих өнер университетінің профессоры Орфео Мандоцци, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері маэстро Абзал Мұхитдиновтің жетекшілігіндегі «Астана Опера» театрының Камералық оркестрі қатысады. «Қазақстанның 100 жаңа есімі – 2017» жобасының жеңімпазы Сәния Дүркеева жеке орындаушы-музыкант ретінде де, түрлі камералық ансамбльдердің құрамында да Австрия, Франция, Швейцария, АҚШ, Ресей мен Қазақстан залдарында табысты өнер көрсетуде. Орфео Мандоцци Николай Цнайдер, Юлиан Рахлин және Юрий Башмет сынды танымал музыканттармен, әйгілі дирижерлер Фабио Луизи, Кристьян Ярви және Михаил Юровскиймен шығармашылық ынтымақтастықта, сондай-ақ Цюрих Жоғарғы өнер мектебі мен Имола қаласындағы Халықаралық пианино академиясында (Италия) сабақ береді.
28 мамырда сағат 19:00-де Melodía de la pasión («Құштарлық әуені») концертінде орыс, еуропалық және латынамерикалық композиторлардың әсерлі де бейнелі әуендері шырқалмақ. Өнерсүйер қауым назарына Э.Гранадос – Г.Кассадоның «Гойески» операсынан Интермеццо, К.Сен-Санстың Виолончель мен фортепианоға арналған сюитасы, Р.Щедрин – М. Плетневтің «Анна Каренина» балетінен Пролог және Ат жарыс, Э.Вилла-Лобостың Гитараға арналған №11 этюд ми минор, «Бразилиялық бахиана» №5. Ария, Ж. Ма Руэрдің «Meditacio», М.Андре-Блохтың «Деннериана», Г.Кассадоның «Естеліктер» сынды танымал камералық шығармалары жаңа қырынан ұсынылмақ. Халықаралық байқаулардың лауреаттары Ботагөз Қалиева (виолончель), Алмас Тоқпанов (кларнет), Жәнібек Сапаров (гитара), Эльмира Сұлтанғазинаның (фортепиано) өнер көрсетуі тыңдарман көңіліне қуаныш ұялатпақ.