Азия чемпионатында Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен 10 боксшының үшеуі қалың топтың арасында қалып қойды. 52 кило салмақтағы Әнуар Мұзафаровтың қабағы жарылып, жеңіс қырғызстандық Азат Үсенәлиевтің еншісінде кетті. 57 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен әлем чемпионы Қайрат Ералиев үндістандық Кавиндер Сингх Бишттен айласын асыра алмады. 69 кило салмақтағы Асланбек Шымбергенов өзбекстандық Бобо-Усмон Батуровқа жол берді. Осылайша, жартылай финалға еліміздің жеті боксшысы жетті.
Жартылай финалда 49 кило салмақтағы Теміртас Жүсіповтің рингке көтерілуіне дәрігерлер рұқсат бермеді. 64 кило салмақтағы Санатәлі Төлтаев аса тартысты өткен бәсекеде тәжікстандық Баходир Усмоновтан ұтылды. Ал атағы алысқа жайылған Василий Левитті Оңтүстік Кореяның оғланы Ким Хьен Кью екі рет нокдаунға түсіргеннен соң төрешілер жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Осы үш споршымыз қола медальді қанағат тұтты.
Финалда Қазақстанның төрт боксшысы барын салып айқасты. Жарыстың соңғы күні алғашқы болып рингке көтерілген 60 кило салмақтағы Зәкір Сафиуллин моңғолиялық Ценбаатар Эрденбаттан ұтылды. Одан кейін қос қандасымыз Қазақ елінің әнұранын шырқатты. Әсіресе, біз Тұрсынбай Құлахметтің жанқиярлығына риза болды. Негізі елімізде 75 кило салмақ дәрежесінің көшбасшысы Әбілхан Аманқұл екенін барша жұрт жақсы біледі. Даңқты бапкер Нұрлан Ақүрпековтің шәкірті ескі жарақатынан айыға алмады. Содан ұлттық құрама жаттықтырушылары ойлана-толғана келе, Әбілханның орнына Бангкокқа Құлахметті апаруды құп көрді. Өз кезегінде Сыр бойының сайыпқыраны ел сенімін толықтай атқады. Ширек финалда ол Азия ойындары мен Азия біріншілігінің жеңімпазы, өзбекстандық Исраил Мадримовты әдемі ұтты. Жартылай финалда түркіменстандық Нұрсахат Паззыевтың мұрын бұзып, еліне қайтарды. Осы жекпе-жекте қазақтың ұлына айқын жеңіске жету үшін небары 20 секунд жеткілікті болды. Финалда Тұрсынбай Құлахмет үндістандық Аши Құмарды еш қиналмай жеңді.
81 кило салмақтағы Бек Нұрмағанбеттің де өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Жастары буыны арасындағы жарыстарда жасындай жарқырап, ересектер дуына қосылғанына аз ғана уақыт болған Түркістанның тастүлегі Таиландта көпті көрген кәнігі спортшыдай рингте өзін еркін сезінді. Тактикалық та, техникалық та тұрғыдан даярлығы өте күшті Бек сары құрлықтың басты додасының бас жүлдесін талассыз жеңіп алды.
Алыптардың айқасын барша жанкүйер тағатсыздана күтті. Өйткені, Өзбекстан мен Қазақстан боксшыларының өзара тартысы, «жан алысып, жан беріскен» айқасы жанкүйерлерді ешуақытта бей-жай қалдырған емес. Оның үстіне, ақтық айқасқа сыралғы қарсыластар шықты. Екеуі де бүгінгі таңдағы алып құрлықтың үздіктері, әлемдік деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген саңлақтар. Мәселен, Баходир Жалолов – әлем чемпионатының қола жүлдегері және Азия чемпионы. Кәсіпқой рингте де өзін жақсы қырынан көрсеткен ол алты кездесудің барлығында айқын басымдық танытты. Қамшыбек Қоңқабаев – әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Бангкоктағы жарыстың шешуші сайысында екеуі де барын салды. Десек те төрешілер Жалоловтың қолын көтерді. Қоңқабаев күміс медальді қанағат тұтты.
Бангкокта өткен Азия чемпионатының ерлер арасында мына боксшылар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді: 49 кило – Нодиржон Мирзахметов (Өзбекстан), 52 кило – Амит (Үндістан), 56 кило – Миразизбек Мирзахалилов (Өзбекстан), 60 кило – Ценбаатар Эрденбат (Моңғолия), 64 кило – Баходир Усмонов (Тәжікстан), 69 кило – Бобо-Усмон Батиров (Өзбекстан), 75 кило – Тұрсынбай Құлахмет (Қазақстан), 81 кило – Бек Нұрмағанбет (Қазақстан), 91 кило – Ким Хьен Кью (Оңтүстік Корея) және +91 кило – Баходир Жалолов – (Өзбекстан).
Сонымен қатар, әйелдер арасында өткен жарыста төрт боксшымыз қола медальді мойындарына ілді. Олар – Милана Сафронова (64 кило), Дариға Шәкімова (69 кило), Фариза Шолтай (81 кило) және Ләззат Күнгейбаева (+81 кило).
Жалпы командалық есеп (ерлер)
Орын |
Мемлекет |
Алтын |
Күміс |
Қола |
Барлығы |
1. |
Өзбекстан |
4 |
1 |
1 |
6 |
2. |
Қазақстан |
2 |
2 |
3 |
7 |
3. |
Үндістан |
1 |
3 |
3 |
7 |
4. |
Оңтүстік Корея |
1 |
1 |
– |
2 |
5. |
Моңғолия |
1 |
– |
3 |
4 |
6. |
Тәжікстан |
1 |
– |
– |
1 |
7-9 |
Иордания |
– |
1 |
1 |
2 |
7-9 |
Жапония |
– |
1 |
1 |
2 |
7-9 |
Филиппин |
– |
1 |
1 |
2 |
10-11 |
Қырғызстан |
– |
– |
2 |
2 |
10-11 |
Қытай |
– |
– |
2 |
2 |
12-14 |
Түркіменстан |
– |
– |
1 |
1 |
12-14 |
Иран |
– |
– |
1 |
1 |
12-14 |
Сирия |
– |
– |
1 |
1 |