Қостанай қаласындағы «Әуежай» жаңа шағын тұрғын ауданында орналасқан «Қостанай» спорт және ойын-сауық орталығының ат шаптырым залы ығы-жығы жастар. Жағалай аудандар мен қалалардан келген кәсіпорындар мен шаруашылықтар, яғни жұмыс берушілер, сонымен қатар «Атамекен», «Даму», «Тобол» ӘКК секілді коммерциялық және қаржылық құрылымдар, барлығы елуден астам құрылым өкілдері оларға бос орындар ұсынды. Шараның ашылу салтанатында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов сөйлеп, жас мамандар үшін жәрмеңкенің сәтті өтуін тіледі.
«Жәрмеңке жұмыс берушілер үшін білікті мамандарды тартуға, ал жас мамандар үшін лайықты жұмыс орнын табуға мүмкіндік береді. Облыста өндіріс орындары ашылып, жаңа жұмыс орындары ұсынылып жатыр. Аудандар мен қалалардың тек бюджеттік саласында ғана бос 1200 жұмыс орны бар.
Халықты жұмыспен қамту үшін мемлекеттік бірнеше бағдарламалар бар. «Дипломмен ауылға!», «Серпін-2050», «Еңбек», «Бизнестің жол картасы-2020» және тағы басқа бағдарламалар жас мамандарға барлық қолайлы шарттарды ұсынады» деді Архимед Бегежанұлы.
2009 жылдан бері «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша облыс қалалары мен аудандарына 4310 жас маман барды. Оларға мемлекет тарапынан 4,7 миллиард теңге қолдау көрсетілді. Биылғы жылы «Серпін» бағдарламасы арқылы облыстағы жоғары және орта оқу орындарынан білім алған 700-ден астам студент бос орындар жәрмеңкесіне қатысты. Өңір басшысы жастарға биылғы жәрмеңкенің ерекшелігін де атап өтті.
«Сіздер «Еңбек» бағдарламасы мен «Еңбек ресурстарының ұтқырлығы» бағыты бойынша тамаша мүмкіндікке ие болып отырсыздар. 2018 жылдан бастап Бағдарлама қатысушыларының қатарына "Мәңгілік ел жастары - индустрияға!" ("Серпін") жобасының түлектері де қосылды. Енді «Серпін» жобасы бойынша бұрынғыдай тек оңтүстік пен батыстағы бес облыстан ғана емес, еліміздің қай шалғайынан қоныс аударса да, олар қоныс аудару бағдарламасына қатыса алады» деді Архимед Бегежанұлы.
Аудандар мен қалалар әкімдіктері «Серпін» жобасы бойынша және басқа да жас мамандарға барлық қолайлы жағдайларды жасауға алақанына түкіріп отыр.
«Бізге барлық мамандар керек. Биыл бес дәрігер келеді, медициналық жоғары оқуторындарындағы түлектермен шартқа отырдық. Оларға бір реттік көмек 1,5 миллион теңге шамасында төленеді, ауылда баспана сатып алуына жеңілдікпен несие беріледі. Ауыл мектептеріне 30 шақты мұғалім қажет. Келген мамандардың барлығына осындай көмек көрсетіледі» дейді Федоров ауданының әкімі Тәуба Исабаев.
Көптеген шаруашылықтарға мал дәрігері, зоотехник, агроном мамандары керек. Жәрмеңкеде шаруашылық басшылары түлектермен шартқа отырды.
Жәрмеңке таңертеңнен түс қайтқанша болды. Оның нәтижесі, яғни қанша жастың өз жұмыс орнын тапқаны алдағы күндері белгілі болады.