Футбол • 27 Сәуір, 2019

Футзал: «Қайрат» - финалда!

978 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда футзалдан өтіп жатқан УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалында «Қайрат» Испанияның «Барселонасын» ойсырата ұтты.

Футзал: «Қайрат» - финалда!

Бірден айта кетейік, жұма күнгі кеште осы ойынды тамашалау үшін «Алматы Аренаға» 12 090 көрермен жиналды. Бұл – футзалдан клубтар арасындағы жарыстардың рекордтық көрсеткіші! Бұрын-соңды дәл осынша көп адам бір ғана ойынды тамашалау үшін спорт кешеніне жиналған емес.

Матчтың бірінші таймында көрермендер соғылған голды көре алған жоқ. Есесіне, үзілістен кейін қос қақпаға жеті бірдей доп соғылды. Алматылықтар қарсыластар қақпасын бес мәрте дәл көздесе, қонақтар екі рәт мергендік танытты. Есеп – 5:2. «Қайраттың» ойыншылары арасынан Хоссейин Тайеби дубль авторы атанса, Джон Леннон, Эдсон және Дуглас бір-бір реттен допты торда тулатты.   

Келесі жартылай финалдық ойында Португалияның «Спортингі» Испанияның «Интер-Мовистар» клубын 5:3 есебімен ұтты. Осылайша, былтырғы жылғы чемпион өз тұғырынан тайды.

Бүгін «Алматы Аренада» ек кездесу өтеді. Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 17:30-да «Барселона» мен «Интер-Мовистар» үшінші орын үшін таласады. Ал 20:00-де «Қайрат» пен «Спортинг» бас жүлдені өзара сарапқа салады.