«Ауданда мүдделі адамдар бір бірін қалқалайды, кінәсін жауып отырады. Өртке кінәлілерді анықтап, жазасын берсе, олар екіншіде қайталамас еді. Жұмыс жүрмейді! Науырзым қорығы еліміздің бетке ұстар табиғат байлығының бірі. Жылда осылай өртене берсе, одан не қалады?», деді Архимед Бегежанұлы.
Сонымен қатар баяндамасында Науырзым қорығындағы өрт туралы бір ауыз сөз айтпаған Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Талған Кәкімовты де сынға алды.
Өңір басшысы жергілікті жерде өрттің алдын алу, профилактикалық, түсіндіру жұмыстары жүру керектігін айтты. Өртке кінәлілерден әкімшілік жауапкершілікке тарту да нашар, оларға салынған айыппұл да мардымсыз.
«4 гектар орман алқабы өртенген, сол үшін 19 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқанда 312 мың айыппұл салған. 4 гектар ағашты жер, тұтас тоғай емес пе? 4 гектар үлкен алқап, осынша орман жанғанда 312 мың айыппұл деген немене?», деді Архимед Бегежанұлы.
Кеңейтілген мәжілісте облыс әкімі аудандар әкімдеріне және тиісті орындар басшыларына орман алқабының өрттен аман сақтау жұмыстарын қатаң тапсырды.