Е.Максимнің анасы Гүлмира Әлібектің айтуынша, онымен МУЗ-ТВ телеарнасының бас директоры Арман Дәулетияров сөйлескен.
Ол Ержанның «Голос. Дети» шоуында тамаша өнер көрсеткенін, бірегей талантымен осы бағдарламаны тамашалаған миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулап алғанын атап көрсеткен. Сондықтан ол сыйлықсыз қалмауы керектігін айтқан.
Енді әнші анасымен бірге 7 маусым күні МУЗ-ТВ-2019 сыйлығын тапсыру салтанатты шарасында қызыл кілеммен жүріп өтетін болады. Бұдан бөлек, жас дарын басқа әртістермен қатар сахнада ән салады.
«Баламның өнерін жоғары бағалағаны үшін МУЗ-ТВ арнасының басшысына алғысымызды айтамыз. Бұйырса, салтанатты шараға барамыз», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Гүлмира Әлібек.
Айта кетейік, Мәскеудегі «Мегаспорт» спорт сарайында өтетін бұл шараға, сондай-ақ Қазақстаннан Димаш Құдайберген де арнайы шақырылған.