KTK арнасының жазуынша, әсіресе Сарыағаш ауданының шаруалары қиын жағдайға тап болған. Ауданда екі мыңға жуық шаруашылық 400 гектар аумақта жылыжай қызанағын өсіреді. Алайда фермерлер өнімдерін өткізе алмай, шығынға ұшырап отырғандарын айтады.
Диқан Нұрсұлтан Қуанышбаевтың айтуынша, қоймада 15 тонна қызанақ жиналып қалған. Егер бір апта ішінде сатылмаса, өнім жарамсыз болып, шаруашылық толық шығынға батуы мүмкін. Оның сөзінше, қазіргі шығын көлемі 25 миллион теңгеге жақындаған.
Қазір Шымкент базарларында қытайлық қызанақтың келісі 350 теңгеден сатылып жатыр. Ал жергілікті өнімнің бағасы шамамен 550 теңге. Диқандардың пікірінше, сатып алушылар дәл осы 200 теңгелік айырмашылыққа байланысты импорттық өнімді таңдайды.
Жылыжай иелері өндіріс шығынының өте жоғары екенін айтады. Бір гектар жылыжайды ұстауға шамамен 500 тонна көмір жұмсалады. Бұдан бөлек жұмысшылардың жалақысы, электр энергиясы, тыңайтқыш пен көшет шығындары бар. Соның салдарынан отандық қызанақтың өзіндік құны бір келіге 450-460 теңгеге дейін жетеді.
Фермерлер импорттық өнімдердің сапасы мен дәмі төмен екенін де алға тартты. Сонымен қатар олар шекарадағы фитосанитарлық бақылауға қатысты күмән тудырады. Жылыжай фермерлері қауымдастығының өкілдері сырттан ауру жұқтырған көкөністер келуі мүмкін екенін айтып, бірнеше рет мәселе көтергендерін жеткізді.
Ал Сауда және интеграция министрлігі баға ең алдымен тұтынушы үшін қолжетімді болуы тиіс екенін мәлімдеді. Ведомство дерегінше, импорттық қызанақ ел нарығының тек 7 пайызын ғана қамтиды. Сонымен бірге министрлік жергілікті фермерлер елді толық қамтамасыз етуге және тұрақты баға ұсынуға кепілдік берсе, ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін айтты.
Қазір диқандар қарыздарын жабу үшін өнімдерін кем дегенде өзіндік құнымен сатуға тырысып жатыр. Олардың айтуынша, жағдай өзгермесе, келесі маусымда көптеген жылыжай шаруашылықтары жұмысын тоқтатуы мүмкін.
Айта кетейік, Түркістан облысының Жетісай ауданындағы шаруалар биылғы алғашқы қауын өнімін жинай бастады.
Фермерлерге бордақылау алаңдарын дамыту үшін жылдық 5%-бен жеңілдетілген несие беру басталды.