Оқиға •

Қостанай облысында тұтынушыны жаңылыстырған кәсіпкер айыппұл арқалады

1 мин
оқу үшін

Қостанай облысында Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген азамат жағымсыз жағдайға тап болғанын айтқан. Оқиға азық-түлік өнімдерін сатып алу кезінде болған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысында тұтынушыны жаңылыстырған кәсіпкер айыппұл арқалады

Фото: Ашық дереккөз

Тұтынушы дүкеннен мұздатылған жартылай фабрикат – картоп қосылған тұшпара сатып алған. Алайда қаптаманың ішінен қырыққабат қосылған тұшпара шыққан.

«Тұтынушы сапасыз тауар үшін төленген ақшаны қайтару туралы талаппен дүкенге жүгінген (заттаңбадағы ақпарат нақты құрамға сәйкес келмеген). Алайда сатушы тауар тек сатып алынған күні ғана қайтарылатынын алға тартып, ақшаны қайтарудан негізсіз бас тартқан», делінген хабарламада.

Департаменттің тексеру нәтижелері бойынша дүкеннің әрекеттері өнімнің тұтынушылық қасиеттері туралы тұтынушыны жаңылыстыру ретінде бағаланды. Дүкен қатені мойындап, тексеру барысында тауардың құнын толық көлемде қайтарды. Кәсіпкер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 190-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.

Тұтынушы құқы қалай қорғалады?

Сауда және интеграция министрлігі заттаңбадағы ақпарат тауардың нақты құрамына сәйкес келмеген жағдайда тұтынушы не істеуі керектігін түсіндірді.

«Кассалық түбіртек пен заттаңбаны сақтаңыз. Олар сатып алу фактісін және тауардың дұрыс таңбаланбағанын растайтын негізгі дәлел.

Дүкен әкімшілігіне жүгініңіз. Егер тауар дүкеннің өзінде өлшеніп, оралып және таңбаланған болса, ақпараттың дұрыстығына сатушы жауап береді.

Егер дүкен заңды талаптарды орындаудан бас тартса, тұтынушы аумақтық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінуге құқылы», днелінген хабарламада.

Тұтынушы құқын білесіз бе?

Соңғы жаңалықтар