Президент • 29 Сәуір, 2019

Ел Президенті Шығыс Қазақстан жұртшылығымен кездесіп, өзекті мәселелерді ортаға салды

1112 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің өңірлеріне жасаған үшінші жұмыс сапары Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған киелі топырақ, Алаш қайраткерлерінің ізі қалған қастерлі мекен – Шығыс Қазақстанда жалғасты.

Ел Президенті Шығыс Қазақстан жұртшылығымен кездесіп, өзекті мәселелерді ортаға салды

Мемлекет басшысы ең әуе­лі Алаштың рухани астанасы – Семейге келіп, Қазақ инно­вациялық гуманитарлық-заң университетінде қала жұрт­шылығымен, зиялы қауым өкіл­дерімен кездесіп, шаһардың әлеу­меттік-экономикалық даму мәсе­лелерін талқылады. Кездесу бары­сында Қасым-Жомарт Тоқаев «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында елімізде атқарылып жатқан маңызды жұмыстарға тоқталды. «Қазақ жазуын латын графикасына біртіндеп көшіруді бастадық. Бұл – қазақ тілін ғылым мен техниканың тіліне бейімдеп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыру үшін жасалған үлкен қадам. «Туған жер» жобасы аясында меценаттардың қаржысына 600-ден астам әлеуметтік нысан салынды. Осындай берекелі бас­тамалар әрбір өңірде жалғасын табуы керек», деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы халқымыздың тарихтан тағылым алып, ұлы бабаларымызды әрдайым ұлықтай білгенін айтып, ұлы Абайдың мұрасы «Рухани жаңғырудың» маңызды бағдарына айналуы қажет екендігін атап өтті. «Алдағы жылы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Осы айтулы датаны біз тұтас ел болып, мемлекеттік деңгейде атап өтуіміз керек. Біз үшін бұл мерейтойдың маңызы ерекше. Тарихи датаны ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек. Негізгі мақсат – дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу. Үкіметке Абайдың мерейтойына қажетті шаралар әзірлеуді тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы керек

Қазақстан Президенті Семей жерінің ұзақ жылдар бойы ядролық сынақтың тауқыметін тартқан өңір екеніне тоқталып, полигон зұлматы 500 мың адамның өмірі мен тағдырына тікелей зардабын тигізгенін айтты. «Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегі мен ерік-жігерінің арқасында Семей полигоны біржола жабылды. Бұл оқиғаны әлем жұртшылығы теңдессіз ерлік деп бағалады. Елбасы – жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы. Тұңғыш Президентіміздің ұлы шешімі халқымыздың жадында мәңгі сақталады», деді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет екеніне баса мән беріп, қазір «Семей полигонындағы ядролық сынақтың тауқыметін тартқан тұрғындарды қорғау және оңалтуға арналған бұған дейінгі шаралардың тиімділігі» жөнінде арнайы зерттеу жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Полигонның салдарынан түрлі дертке шалдыққан азаматтарды тиісті деңгейде емдеумен қатар, оларға оңалту қызметін көрсету мүмкіндіктерін де қарастыру қажет. Семейде және осы өңірге қарасты ауылдарда 1300-ден астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Қажетті жағдай жасалмаған тар ғимаратта орналасқан оңалту орталығы бір уақытта 35 бала ғана қабылдай алады. Бұл – шындық. Мұндай жағдай мүлде сын көтермейді. Облыс әкіміне мәселені дереу қолға алып, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы атом электр стансасын салу мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп жатқанын айтты. «Бұл – күрделі мәселе. 2030 жылы Қазақстанда электр энергиясының жетіспеушілігі байқалуы мүмкін. Сондықтан осы мәселені қазір шешуіміз қажет. Дегенмен, көпшіліктің пікірін ескермей, атом электр стансасын салу туралы шешім қабылдауға болмайды. Бүгінде бұл стансаның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын көптеген технология бар. Сонымен қатар АЭС жаңа жұмыс орындарын ашып, Қазақстанның энергетикалық дербестігін қамтамасыз ете алатынын ескерген жөн», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Семей қаласының бүгінгі жағдайына байланысты жүзеге асырылатын бірқатар міндеттерді атап өтті. «Қаланың әр көшесі мен ғимаратында тарихтың салған ізі бар. Көне ғимараттардың тарихи және бастапқы бейнесін сақтап қалу – өте маңызды міндет. Біз ұлы Абай туралы айтқанда, оның әкесі – Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Сондықтан алдағы уақытта облыс әкімдігі Құнанбайдың есімін ұлықтауға байланысты тиісті шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыруы керек», деді Мемлекет басшысы.

Семейді дамытудың арнайы бағдарламасы әзірленді

Қасым-Жомарт Тоқаев 2017 жылы Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытудың бес жылдық кешенді бағдарламасының аяқталғанын айтып, тұрғындардың тұрмыс сапасын лайықты арттыру негізгі міндеттердің бірі болып қала беретінін жеткізді. «Қазіргі кезде 350 мың халқы бар қаланың жылдық бюджеті 56,6 миллиард теңге. Сондықтан облыс басшылығына Семей қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. Бұл орта мерзімді перспективаға жоспарланған шаһарды өркендетудің міндеттерін жандандыруға мүмкіндік береді», деді Қазақстан Президенті.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы облыс басшылығына қаладағы шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше мән беру қажеттігін атап өтіп, бұл шара жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың табысын айтарлықтай арттыруға септігін тигізетінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев қаладағы көпірлер мен жолдардың жағдайы тұрғындарды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе екеніне тоқталды. «Бүгінде қаладағы үш көпірдің екеуі жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар шаһардағы жолдардың 20 пайызынан астамының жағдайы нашар. Инфрақұрылымның бұл проблемалары шұғыл шешім қабылдауды талап етеді», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы жұмыс сапары аясында «100 мектеп – 100 аурухана» бағдарламасымен салынған Жедел медициналық жәрдем ауруханасының жұмысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа медициналық мекеменің емдеу-сауықтыру, ота жасау бөлмелері көрсетіліп, негізгі қызмет бағыты жөнінде мәлімет берілді. Жалпы аумағы 44,5 мың шаршы метр болатын ауруханада 800-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Бір уақытта 345 науқасты қабылдап, алғашқы медициналық қызмет көрсете алады. Қазақстан Президенті Жедел медициналық жәрдем ауруханасының қызметкерлерімен әңгімелесу барысында өңірде мамандандырылған жоғары технологиялық медициналық мекемелердің, республикалық ғылыми орталықтардың бөлімшелерін ашу жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Денсаулық сақтау саласын толықтай цифрландырудың маңыздылығына тоқталды.

Мемлекет басшысының Семейдегі жұмыс сапары облыс бюджеті есебінен салынып жатқан «Абай Арена» мәдени-спорт кешенінің құрылысымен танысумен түйінделді. Нысанның жалпы аумағы – 33,8 мың шаршы метр. Кешен осы жылдың соңында пайдалануға беріледі. Шара барысында Қазақстан Президентіне «Қарағайлы» тұрғын ауданының жобасы таныстырылды. 25,4 мың адамға арналған тұрғын ауданның аумағы – 787,7 мың шаршы метр. Биыл 13 үй пайдалануға беріліп, 800-ден астам отбасы баспаналы болады.

710 елді мекеннің жартысы ауыз сусыз отыр

Қасым-Жомарт Тоқаев Семейден соң облыс орталығы – Өскеменге келіп, Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде жұртшылықпен жүздесті. Бұл жиынға облысымыздағы іргелі кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер мен жастар қатысты. «Бүгін асқар Алтайдың бауырында Сіздермен жүздесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Шығыс Қазақстан – еліміздің алтын тәжі. Бұл аймақ бүкіл Еуразия халықтарының тарихында ерекше орын алады. Қойнауы қазынаға толы кенді Алтайдың өнімдері бүгінде әлемге танымал. Өндірісі өрге басқан өңірді Елбасы ұдайы назарында ұстап келеді. Сондықтан алғашқы сапарларымның бірін осы қасиетті өлкеге арнап отырмын. Жаңа ғана біз Жидебайға барып, Абай, Шәкәрім рухына тағзым еттік», деді Қазақстан Президенті жиынды ашқан сөзінде. 

Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылыққа арналған сөзінде облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш­теріне тоқталды. «Өткен жылдың қоры­тын­дысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 9,3 пайызға артқан. 2015-2018 жылдардағы индустрияландыру бағдар­ламасының аясында 19 жоба жүзеге асырылып, 3,5 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Облыс экономикада жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп қана қоймай, әлеуметтік саланы табысты дамыту жағынан да үлгі көрсетіп отыр. Өңірдегі медициналық мекемелер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дәрігерлер біліктіліктерін арттырған. «Менің мектебім» жобасы арқасында Шығыс Қазақстан республикадағы ІТ-сыныптарымен толықтай қамтылған алғашқы өңір атанды. Аймақта балғындар балабақшамен 100 пайыз қамтылған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақта археология саласында да игі істер атқарылуда. «Туған жер» жобасы шеңберінде меценаттар қара­жатына көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Бір сөзбен айтқанда, об­лыс­тың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Сөзсіз, бұған облыс әкімі Даниал Ахметовтің сіңірген еңбегі зор, – деген Мемлекет басшысы облыста қолға алынуы тиіс алдағы маңызды мақсат-міндеттерге тоқталды. «Мен үшін әкімдер жұмысының басты көрсеткіші – жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны, еңбекақы көлемі және еңбек етуге жасалған жағдай. Осыған байланысты облыс басшылығына аталған бағыттағы жұмыстардың тиімділігін түбегейлі арттыруды тапсырамын. Бірнеше ірі өндірістік кәсіпорынның болуы – Шығыс Қазақстанның артықшылығы. Шағын және орта бизнеспен байланысын арттыру үшін олардың мүмкіндіктерін белсенді пайдалану керек», – деді Президент. 

Қазақстан Президенті азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруды басым бағыт­тардың бірі ретінде атады. «Бүгінде облыстағы 710 елді мекеннің жарты­сынан сәл ғана асатын бөлігі орталық­тан­дырылған ауыз сумен қамтылған. Нақты айтсақ, 54 пайыз. Өңірлерді дамыту бағдар­ламасына сәйкес 2020 жылға қарай ауыл­дардың 80 пайызына таза ауыз су жет­кізілуі керек», деді Мемлекет басшысы.

Алакөлге баратын жол тез арада жөнделуі тиіс

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі туристік инфрақұрылымды дамытуға баса назар аудару қажеттігін айтты. «Қазіргі жағдайда туризм индустрия­сы экономикалық өсімнің маңызды драйвері әрі жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында жылына 2 миллионнан астам турист тарта алатын Алакөл жағалауы 10 негізгі туристік орталықтың қатарына енді. Былтыр көптеген қазақстандық Алакөлде демалуды жөн көрген, алайда оларға сапасыз қызмет көрсетілген. Халық жергілікті автомобиль жолдарының тозып кеткеніне шағымданды. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының әкімдеріне жергілікті жолдарды жөндеу, қызмет көрсету сапасының деңгейін көтеру мәселелерін тез арада шешуді тапсырамын», деді Қазақстан Президенті. 
Мемлекет басшысы өңірдегі киелі орындар туристер мен қарапайым азаматтарға қолжетімді болуын ерекше атап өтті. «Ұлы Абай туған Жидебайға айрықша мәртебе беру қажет. Ресейде – Пушкин, Ұлыбританияда – Шекспир, Германияда Гетеге тағзым ететіні секілді, бұл жер ең танымал, халық ең көп баратын орынға айналуы керек. Осы ретте Мәдениет және спорт министрлігіне, облыс әкімдігіне тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өңірдегі эко­ло­гия­лық жағдайды жақсартуға жан-жақты тоқталды. «Семей поли­гоны­ның бізге қандай зардап әкелгенін ешқа­­шан ұмытпаймыз. Ядролық қару­дың сы­нақтары біздің жеріміз бен таби­ғатымызға орны толмас апат әкелді. Біздің еліміз Семей полигонын жауып, әлемдегі ядролық қаруға қарсы қоз­ға­лыста көшбасшы болды. Алайда, сол сынақтардың ауыр зардаптары әлі күнге біздің азаматтарымыздың денсаулығына зиянын тигізуде. Мені әсіресе, қан айналымы жүйесі мен қатерлі ісік ауруларының көбейіп кеткені қатты алаңдатады. Бұл аурулар бойынша облыстағы көрсеткіш республикалық орташа есептен 1,5 есеге көп. Одан бөлек, адамдардың денсаулығы мен көңіл күйіне кері әсер ететін зиянды заттардың ауаға шамадан тыс тарауы да – аймақтағы өзекті мәселе», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Осыған байланысты Президент Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне үкіметтік емес ұйымдармен және кәсіпорындармен бірлесіп, қоршаған ортаның сапасын жақсарту үшін кешенді шараларды жүзеге асыруды тапсырды. 

Мемлекет басшысы жемқорлықтың әлі де болса қоғамның асқынған дерті екенін, оның ел үшін атқарылуы тиіс көптеген бас­тама мен жобаларға кедергі келтіріп отырғанына өкініш білдірді. «Мен өз тарапымнан бұл жүйелі мәселені шешу үшін бар күш-жігерімді саламын. Алайда, азаматтардың өздері белсенділік танытпай, жемқорлықты жою мүмкін емес. Президент ретінде айтарым, мен үшін әділеттілік – баршаның заң алдындағы теңдігі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу барысында азаматтық қоғам өкілдері, жастар, педагогтер, дәрігерлер мен кәсіпкерлер сөз алып, өз пікірлерін білдірді. «Қазцинк» компаниясы кәсіподақ ұйымының төрағасы Сергей Солдатов жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру арқылы ғана елімізді алдыңғы қатарлы мемлекеттер санатына қосуға болатынын жеткізді. «Шығыс» өңірлік орталығының маманы Салтанат Заманбекова еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кезінде мемлекеттің білім саласына дара жол салғанын айтып, сол жолды енді Қасым-Жомарт Кемелұлы жалғастыратынына сенім білдірді. Зайсандық «Ақбай» шаруа қожалығының жетекшісі Сәулеш Әбілғожина өзінің жеті баланы тәрбиелеп-өсіріп отырған көп балалы ана екенін атап көрсетті. Өскемендегі Ана мен бала орталығының бөлім басшысы Александр Патрин мемлекет қамқорлығының арқасында еліміздегі медицина саласы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып отырғанын алға тартты. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өскемендегі «Казцинк» ЖШС-на қарасты мыс зауытында да болды. Қазақстан Президентіне металды мырыш, тазартылған қорғасын, алтын мен күміс, катодты мыс сияқты шығарылатын өнімдердің тізімі ұсынылды. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 305 мың тонна мырыш, 168 мың тонна қорғасын, 70 мың тонна мыс, 47 тонна алтын және 1440 тонна күміс өндіруге қауқарлы. Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек ұжымымен әңгімелесу барысында «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстан түсті металлургиясының флагманы және ірі экспорттаушысы екенін атап өтті. «Сіздердің кәсіпорындарыңыз Өскемен мен бүкіл Шығыс Қазақстан облысының бюджетін қалыптастыруға және әлеуметтік саласын дамытуға зор үлес қосып келеді. «Қазцинк» өз жұмысшыларына көмектесіп қана қоймай, сондай-ақ қоғам үшін маңызды жобаларды жүзеге асыруға атсалысады. Бұл – бизнестің жоғары әлеуметтік жауапкершілігінің және өңірдің барлық тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға деген ниетінің дәлелі», деді Қазақстан Президенті.

Азамат ҚАСЫМ,

Раушан НҰҒМАНБЕК,

«Egemen Qazaqstan»