– Жолбарыс батыр – бар ғұмырын туған жерінің тұтастығын сақтауға арнаған тарихи тұлға. Жолбарыс Торыұлы 1785 жылы туған. Ол – белгілі Есет Көтібарұлының бөле ағасы. Батырдың әділет үшін ішкі және сыртқы жауларымен күресі халық арасында ауыздан-ауызға таралып, күні бүгінге дейін жеткен. Оның есімі орыс мұрағат құжаттарында жиі кездеседі. Жолбарыс батыр XIX ғасырдың әлеуметтік-саяси оқиғаларына белсене қатысқан. 1823 жылы Жоламан Тіленшіұлының басшылығымен болған көтеріліс кезінде Ресей бекіністеріне шабуылға қатысқан. Елге беделді, ықпалды тұлғаны орыс билеушілері де түрлі сый-сияпатпен өз жағына тартуға тырысқан, – дейді осы конференцияны ұйымдастырушы «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» директоры Айболат Құрымбаев.
Осы конференцияға астанамыз Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген «Қасиетті Қазақстан» зерттеу орталығы директорының орынбасары Батырхан Жұмабаев өз сөзінде бүкіл Қазақстан бойынша 25 мыңнан аса тарихи ескерткіш бар екенін айтты.
– Соның ішінде елімізде 185 жалпыұлттық қасиетті нысан, 463 жергілікті нысан тіркелді. Яғни, елімізде 700-ге жуық сакральды нысан бар. Бүгінде біз Кеңес Одағы кезінен өзгермей келе жатқан тарихи ескерткіштер туралы заңға өзгеріс енгізу үшін Парламентке ұсындық. Ол бойынша «Қасиетті нысан» тізіміне енген киелі нысандар болашақта арнайы реестрге тіркеліп, мемлекеттің ерекше қорғауына алынады, – дейді Батырхан Жұмабаев.
Осы жиында батырдың ұрпағы, Жолбарыс батырдың сауытын бүгінге сақтап жеткізген Жолдығали ақсақал Батырханов Бөрлі өңірінде батырдың есімімен, өмір жолымен байланысты жер-су атаулары көп екенін айтып берді. Бүгінде Ақсай қаласында ұлттық ат спорты мен басқа да ұлттық ойындар өтетін алаң Жолбарыс батырдың есімімен аталады. Бір қызығы, бұл шынымен де батырдың тұлпарының тұяғы тиген жер екен. Одан бөлек, Қарғалы, Шиелісай, Үшағаш, Жолбарыс сайы, Бақтыарал мен Түйеші сынды орындар Жолбарыс Торыұлының қонысы болған, түрлі тарихи оқиғалар өткен киелі топырақ екен.