Делегация алдымен №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының жанындағы консультациялық-диагностикалық педиатрия орталығына барды. Онда делегацияға қабылдау бөлімі мен хирургия кешенінің жұмысы таныстырылды. Оны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Әсел Тасмағамбетова басшылық ететін «Сәби» қайырымдылық қоры құрған. Жобаның жалпы құны – 2,5 млрд теңге.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында Г.Әбдіқалықова молекулалық-генетикалық зерттеулер орталығының жұмысымен танысты. Медициналықмекеме заманауи жабдықпен: компьютерлік және магнитті-резонанстық томографтармен, сараптамалық кластағы радиографикалық рентген және ультрадыбыстық жүйелермен, ЭКГ-аппараттармен жабдықталған. Барлық процес цифрлы форматта жүзеге асырылады.
Келесі іс-шара 2018 жылдың маусым айынан бері жұмыс істеп келе жатқан Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында өтті. Онда медициналық кабинет, йога залы, компьютерлік сауаттылыққа оқыту, қазақ және ағылшын тілдерін үйрету кабинеттері, сондай-ақ, еңбек терапиясына арналған кабинет бар. Осы уақыт аралығында 900-ге жуық зейнеткер бассейндер мен фитнеске тегін барып, 300-ден астам қарт адам «Сұңқар» тәлімбағына, биік таудағы «Медеу» спорт кешеніне, Орталық мемлекеттік музейге және т.б. жерлерге тегін экскурсия жасады.
Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметіне тексеру жүргізді. Жыл басынан бері 3,4 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 254-і аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққандар. 717 адам әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. 2,5 мың адам қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Кездесуде «Inno Track» ЖШС-ның бас директоры Дархан Қызайбаевтың сөзіне ерекше назар аударылды. Оның кәсіпорны «Vollert» неміс технологиясы бойынша темір-бетонды шпалдар шығарады. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 500 мың шпал, 100 адам жұмыс істейді. Ол талапты жастар үшін «мүмкіндіктер есігін» ашатын заманауи индустриялық саясат үшін мемлекетке алғысын білдірді.
Сондай-ақ «Youth Art» жас суретшілер ұйымының басшысы Кристина Бекмурзаеваның құттықтау сөзі қызығушылықпен тыңдалды. Олар «Адамдарға арналған қала» тұжырымдамасын іске асыруға белсене қатысып, 10 жоғары деңгейдегі шағын сәулеттік пішінді орнатты.
Бүгінде қалада көп балалы аналар мен қарт адамдарды қолдауға бағытталған «Бақытты отбасы» және «Белсенді ұзақ өмір» жол карталары іске асырылуда. Бұл бағдарламада 13 шара қарастырылған. «Бір терезе» қағидаты бойынша құрылған «Бақытты отбасы» орталығында заңгерлер, психологтар, жаттықтырушылар және т.б. жұмыс істейтін болады. «Бақытты отбасы» қайырымдылық қорында меценаттар мен жұртшылықтың көмегімен 131 млн теңгеден астам қаражат жиналды. 1 мыңнан астам отбасына материалдық көмек көрсетілді.
Алматы елімізде алғашқылардың бірі болып «Бақытты отбасы» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Мамыр айында 30 отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта әлеуметтік төлемдердің мөлшері өсті. Атап айтқанда, өмірдің қиын жағдайына тап болған азаматтарға берілетін бір жолғы әлеуметтік көмек 10 айлық есептік көрсеткіштен (25 250 теңге) 20 айлық есептік көрсеткішке дейін (50 500 теңге) көбейді. Бұл көмекпен 10 мыңнан астам отбасы қамтылады.
2015 жылдан бастап бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 25,7 млрд теңгеге 40-тан астам жоба іске асырылып келеді. Бүгінде 21,6 млрд теңге сомасына 32 жоба іске асырылды. 7 балабақша, 1 емхана, фельдшерлік-акушерлік пункт және т.б. салынды.
Көп балалы аналармен кездесу барысында вице-премьер мемлекет азаматтардың аз қамтылған санатына әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийлері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін артып, 20789 теңгені құрады, мамыр айынан бастап жалға берілетін тұрғын үй бөліне бастайды, ал 1 маусымнан бастап бюджет саласының жалақысы төмен қызметкерлерінің еңбекақысы көбейеді. Білім беру және денсаулық сақтау жүйесіндегі қызметтердің сапасын арттыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ жұмыс тобының мүшелері жаңа әлеуметтік саясат аясында іске асырылып жатқан жаңалықтар туралы ақпарат берді.
С.Д.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің жатақханасын аралау барысында Премьер-Министрдің орынбасары «Елбасының бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру аясындағы тапсырманың орындалу барысымен танысты.
Г.Әбдіқалықова жұмыс сапарының соңында жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесті. Кездесуде студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту жөніндегі үшінші бастаманың іске асырылуы туралы ақпарат тыңдалды, жоғары білім берудегі өзекті мәселелер талқыланды.
2018 жылы жоғары оқу орындарының қаражаты есебінен 1200 орынға арналған 3 жатақхана пайдалануға берілді. Биыл да жеке қаражат есебінен 2 340 орынға арналған 5 жатақхананы аяқтау жоспарлануда.
Кездесудің қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбдіқалықова жатақханаларды уақтылы және сапалы пайдалануға беруді қамтамасыз ету, студенттерге қолайлы жағдай жасау үшін қажетті шаралар қабылдау жөнінде жоғары оқу орындарының ректорларына, мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді.