Астана – елдік ерлігі
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен журналист Сауытбек Абдрахмановтың сұхбат кітабынан
– Нұрсұлтан Әбішұлы, жақында елорданың 15 жылдығы аталып өтеді.Біз осы оқиғаға орай бұрын шығарылған «Елбасы», «Салтанат», «Тәуелсіздік» кітаптарының үлгісімен елорда туралы материалдардан«Астана» атты көлемді жинақ құрастырып жатырмыз. Сол кітапта сізбеносы сұхбаттың жарияланғанын қалаймыз.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен журналист Сауытбек Абдрахмановтың сұхбат кітабынан
– Нұрсұлтан Әбішұлы, жақында елорданың 15 жылдығы аталып өтеді.Біз осы оқиғаға орай бұрын шығарылған «Елбасы», «Салтанат», «Тәуелсіздік» кітаптарының үлгісімен елорда туралы материалдардан«Астана» атты көлемді жинақ құрастырып жатырмыз. Сол кітапта сізбеносы сұхбаттың жарияланғанын қалаймыз.
Әдетте ел өмірінің түбірлі мәселелеріне қатысты ойлар халық арасынаншығып, биліктің назары ауып, сол бойынша шешім қабылданып немесеқабылданбай жатады. Астанаға байланысты бәрі де керісінше болды.Сіз бұл идеяны өзіңіз ұсындыңыз, өзіңіз өткіздіңіз, өткізгенде де,жасыратын ештеңесі жоқ, жұртшылық онша қолдай қоймайтын кездетізеге салып дегендей етіп тұрып өткіздіңіз, өзіңіз жеріне жеткіздіңіз.Алдымен осы идеяның о баста қалай туғаны жөнінде айтсаңыз деймін?
– Астана жайын қозғағанда біз көбіне-көп оның Тәуелсіздіктің жемісі екендігін баса көрсетеміз. Сонымен бірге, тәуелсіздіктің өзі КСРО атты елде сексенінші жылдардың орта шенінде басталған қайта құрудың, демократияландырудың біз үшін басты жемісі екендігін есте ұстау шарт. Астананың өмірге келуі ең алдымен саяси күштердің бүкіл әлемде жаңаша орналасуының нәтижесі деп білу керек. Астананың алғашқы авторы – Тәуелсіздік. Қазақстан тәуелсіздік алмаса, Астана өмірге келмес еді. Бұл басы ашық жай.
Астананы көшіру Қазақстанды жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтыруда зор рөл атқаратынына мен сенімді болдым. Неге сенімді болдым? Былайша қарағанда, астана деген мемлекеттің әкімшілік орталығы ғана емес пе? Оның ауыстырылуы, көшірілуі, тіпті жаңадан салынуы тәуелсіздікті орнықтыруға нақты қандай ықпал жасай алады? Бір кезде бұлай ойлаушылар болса да, қазір астана ауыстырудың орындылығына күмән келтірушілер қалмағаны неліктен? Өйткені, біздің тәуелсіздігіміз дәл осы шешім қабылданғаннан кейін, сол шешім бойынша нақты қадам жасалғаннан кейін барып шын мәніндегі толымды сипатына ие бола бастады.
Негізінде кезінде менің ол ұсынысыма күмән келтіргендердің де сөздерінің жаны бар. Жаны болмағанда ше? Тәуелсіздік тізгіні қолға тиген тұста экономикада нағыз хаос орнай бастаған еді. Талай жыл бойы қалыптасқан республикааралық шаруашылық байланыстардың бәрі бырт-бырт үзіліп, кәсіпорындар өнімдерін өткізе алмай, содан жұрт кей жерлерде тіпті алты айлап жалақы ала алмай жүрген кез. Жетпіс жылғы коммунистік идеологиядан запы болған жұртқа енді қандай идеология ұсынсаң да қабылдамайтындай болып тұрған кез. Жасампаздық жұмыс тұрмақ, жан бағудың өзі уайымға айналған, талай отағасы үйде отырып қалып, үйді ала қапшық арқалаған әйелі асырауға көшкен кез. Жаңа қала тұрмақ, жаңа үй салудың өзі едәуір оқиға саналатын сол шақта аяқ астынан астана ауыстыру туралы әңгіме көтерілгенде кім-кімнің де қайран қалуын түсінуге болады.
– Ол әңгіменің көтерілуінің негізгі себебі неде?
– Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Ел қатарлы Одақтан бөлініп шыққаннан, тәуелсіздік алғаннан, Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылданғаннан, Туды, Гимнді, Гербті бекіткеннен ел бірден шын мәніндегі тәуелсіз мемлекет бола қалмайды. Шынтуайтында, жаңағы жайлардың бәрі кез келген мемлекеттің міндетті атрибуттары. Тәуелсіздіктің басты белгісі – өзіңнің тағдырыңды өзің шешуге қабілеттілігің. Тәуелсіз саясат жүргізе алуың. Соған шамаңның жетуі, мүмкіндігіңнің келуі. Еуразияның қақ ортасында біз орнатқан Астана – Қазақстан халқының дербес таңдауы. Астана – елдің болашаққа салған көпірі. Жаңа қоғамның символы. Біз іс жүзінде жаңа мемлекет орнатуды астанамызды жаңадан салудан бастадық десек те артықтығы жоқ.
Жаңа қоғамды жаңа идея ғана құра алады. Ал идея ойдан туады. Мен әуелде жалпы қала туралы ойландым. Шпенглердің «Ұлттар дегеніміз қала салушы халықтар» деп айтқаны бар. Сен жақында бір мақалаңда Абайда «ұлт» деген сөз қолданылмағанына назар аударыпсың. Расында да, ұлт – этностан, халықтан бір саты биік тұрған ұғым. «Ұлттық университет», «Ұлттық кітапхана» дегенде ол жерде кілең бір ұлттың өкілдері оқиды, ол жерге тек бір ұлттың өкілдері барады дегенді ойға да алмаймыз ғой. Халықты ұлтқа айналдыратын белгілердің бірі – қалалар. Мемлекет мәдениеттілігінің бір белгісі де – қалалар. Мәдениет сөзінің өзі де арабтың маданият – қала деген сөзінен шыққан.
– Иә, арабтар пайғамбарымыз жатқан Мәдинені «Мәдинәт-ән-нәби», яғни «пайғамбар қаласы» дейді.
– Астана ауыстырудың қажеттілігі мемлекеттің түпкі мүдделерінен ғана туындаған жоқ, мұның өзі біз үшін ХХІ ғасыр стратегиясының бір нышаны. Қазақстанның тәуелсіздігіне қол жеткен тұста жаңа елдің астанасы жаңа заманның көптеген жаңа талаптарына сай келуге тиіс екендігіне көзіміз жетті. Халықаралық қатынастардың барған сайын жандана түсуі, елдің ішіндегі, елдің сыртындағы қаржылық, өндірістік, коммерциялық байланыстардың қатты кеңеюі, сондай-ақ елді басқарудың күрделіленуі астаналық міндеттердің санын арттырып, сапасын күшейтуді талап етті. Осы тұрғыдан біз Алматыға басқаша көзбен қарай бастадық. Ең алдымен, жаңа мемлекетіміз астанасының мәртебесі елдің геосаяси жағдайы мен әлемдегі жалпы ахуал талап ететін биік өлшемдерге сәйкес пе деген тұрғыда ойландық. Баяғыда Макиавеллидің өзі ел астанасы елдің ортасында орналасқаны дұрыс болатынын жазып кеткен. Тәуелсіздік қолға жаңа тиген тұста Алматының елдің шетінде, желдің өтінде тұрғаны көптеген проблемалар туғызуы мүмкін екені байқала берді. Күрделі геосаяси себептерге қоса, қаланың қазаншұңқырға салынғаны, содан да ауасының қатты ластанып бара жатқаны, құрылыстың тау беткейіне жақындап, тығырыққа тіреле бастағаны, қаланы кеңейтер жер жоқтығы кім-кімге де белгілі еді. Қала әуежайының маңайына жиі тұман түсетіні де шет елдер басшыларының ресми сапарларын тәуекелге тіреп тұруы мүмкін болатын. Алматының астана мәртебесінсіз-ақ осы жылдарда қаншалықты өскенін, экологиялық мәселелері әлі де шешілмегенін көріп отырмыз, ал астана күйінде қала бергенінде ендігі жағдайын көзге елестетудің өзі қиын. Қаланың әдемілігіне, табиғатының әсемдігіне, әрине, айтар сөз жоқ. Бірақ, жасыл желекке жаның жадырап, сәулетті үйлерге сүйсініп, асқаралы Алатауға аңсарың ауып отыра бермейсің ғой. Мемлекет құру керек. Ел болу керек. Халықты бір мақсатқа ұйыту керек. Экономиканы дамыту керек. Басқа да керектер көп.
Тәуелсіздіктің табалдырығында бізге үш бірдей үлкен-үлкен міндетті шешуге тура келді. Оның біріншісі – тәуелсіз мемлекет құру. Екіншісі – жоспарлы экономикадан нарықты экономикаға көшу. Үшіншісі – тоталитаризмнен демократияға ауысу. Осылардың әрқайсысы өзінше қиямет-қайым шаруа. Олар аз болғандай сол тұста бұғанасы бекімеген тәуелсіздігімізді сынаққа салғысы келетіндер де көбейіп кетті. Солженицын шықты ана жақтан «Қазақтар малының тұяғы жеткен жердің бәрін өз жерім деп санай берген» деп, Горбачев шықты мына жақтан, дәл қызметінен кетерінде «Қазақстанның теріскейдегі бес облысы Ресейге тиесілі болуы керек еді» деп. Жириновский сияқтылар қосылып жатты жаңағыларға. Оларға сөзбен емес, іспен жауап беру керек еді. Тәуелсіздікті бекітетін нақты қадамдар жасау керек еді. Азаттықтың өзі алмағайып кез болатын ол. «Бұлар дербес ел болып тұра алмайды, ертең-ақ күндерін көре алмай, ырың-жырыңы шығып, алдымызға қайтып келеді әлі» дейтіндер де аз емес-ті.
– Айып етпеңіз, мынандай жай еске түседі. Біз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін екі жыл өткенде, 1993 жылдың аяқ жағында сол кездегі Целиноградта славян қоғамдарының бірлескен съезі өткені, онда Целиноградты Қазақстандағы славяндардың астанасы деп жариялау жөнінде шешім қабылданғаны да бар ғой? Сондағы казачествоның атаманы тіпті көрші елдің туын үйінің шатырына тігіп те қойыпты. Ол туды жігіттер түнде бұғалық тастап жүріп жұлып алыпты.
– Ондай да болған тіпті. Рас, бұларының ешқандай заңға маңайламайтын, қисынға сыймайтын шешім екенін жаңағы «бірлескен съезді» ұйымдастырушылардың өздері-ақ тез түсініп, әлгі шешімнің күшін жойған, арандатушы әрекеттері үшін артынша кешірім де сұраған.
Әйтсе де сондай қадам жасалғанының өзі кім-кімге де секем алдырмай қоймайтын. Мұның бәрі баяғы Хрущевтің Тың өлкесін РСФСР-ға қосу керек дейтін парықсыз ұсынысының жүзеге асуын аңсайтындар әлі күнге бар екенін көрсетіп тұрған еді. Одан бұрын, 1979 жылы дәл осы Целиноградта неміс автономиясын құру туралы шешімге қарсылық білдірген жастардың наразылық шеруі болғанын да ұмытпау керек.
– Сөйткен өңірге астана ауысатыны жайындағы хабар шөл далаға су келгендей әсер еткені анық. Қасым Тәукеновтің біздің газетте жарияланған «Аманат» деген мақаласынан бір үзінді оқып берейін. Ол кісі: «Ақмола келешекте астана болады деген әңгімелер Сарыарқаның желімен бірге гулеп ала жөнелді. Өмір бойы жаншылып, әр жерден төбеміз ғана көрініп жүрген біздер бұған шексіз қуанып, құптадық. Бұл таңдауды Нұрекеңнің көрегендігіне баладық. Ал енді Нұрсұлтан Әбішұлының өзі астананы көшіру қажеттігі туралы ойға бірте-бірте бекінгенін ашық айтыпты. Шынында да, астананы басқа орынға ауыстыру көп мәселені жаңаша шешуді талап ететіні түсінікті ғой. Халқымыздың еңсесі көтеріліп, кейбір қарттарымыздың қуанғанынан көздеріне жас та келді» деп жазған еді. Сонда сіз бұл қадамды, арғы кезді айтпағанның өзінде, соңғы жетпіс жылда жаншылған ұлттық рухты көтеру мақсатымен де жасаған болып шығасыз ғой?
– Жас мемлекеттің жаңа-жаңа апыл-тапыл басқан шағында бас қатырар көп шаруалармен бірге бұл мәселе де ойымнан бір кетпей қойды. Батыл-батыл шешімдерге бармасақ, тосын қадамдар жасамасақ тәуелсіздік жағдайында да елдің дағдылы жолмен, инерциямен жүре беретіні, бірте-бірте баяғы қара жолға қайта түсетіні анық көріне бастады. Осылардың бәрін ойлай-ойлай келіп, ақыры елдегі түбірлі өзгерістерді астана ауыстырудан бастаған жөн екен деген тоқтам жасадым.
ДӘЙЕКТЕМЕ:
«Сілкінуге ешқандай құлқы жоқ адамдарды қалай сілкіндіруге болады? Съездердің сылдыр уағызына, марксизм-ленинизмнің ұлы да, ұлық та классиктерінің дәйексөздеріне толған миды қалай тазалау керек? Ескі шырмауға маталып, мемлекеттің әрең соғып тұрған жүрегі Алматыда ұйлыққан ескі тәртіптегі билеуші элитаны қалай жұмылдырарсың?
Өзгерістер басталған сілкіністі уақыт – 1991 және 1992 «парламенттік» жылдар әлі жадымда. Егер әлдекім мені парламентаризмге қарсы екен деп ойласа, құдай сақтасын. Мен әрдайым сындарлылықты және уақыттың бос сөзге төзбейтінін толық сезіне білуді жақтаймын. Ал ол кезде қаншама саяси және реформаторлық «мылжың» болды десеңізші… Өмірлік маңызы бар бірде-бір заң өтпей жатты. Заңдарды парламенттік талқылау процесіне араласпайтыны, килікпейтіні жоқ. Бүйірден қосылып жөнді-жөнсіз қыстырыла кету, жоқтан өзгені сағыздай созып сөз ету, лаққан философиялық толғамдар мен әйтеуір өзін көрсетіп қалуға әбден малтығып жатқаны.
Мен сондай қажитынмын. Қатты шаршайтынмын. Бұл қажып-шаршауым әлдебір іскерліктен, болмаса қабылданған, қабылданып жатқан заңдардың көптігінен емес, керісінше солардың мүлдем жоқтығынан болатын. Өйткені заңды бүгін қабылдау қажет, ертең оның ешкімге қажеті болмай қалады… Сондай минуттарда қайдағы бір түсіндірмелер тасқындап, мылжың сөздер малтықтырған кезде не істеріңді білмейсің. Әлдебір таза суға сүңгіп кетіп, сол жерден жақсы тың ойлармен, құлантаза көңілмен шыққың-ақ келеді.
Барлық салада, бәрінде де түгелімен, түбегейлі өзгерістер қажет деген айқын сезім мені барған сайын билеп алды. Қалыптасқан жағдайдан, тірелген тұйықтан шығудың амалын іздеп шарқ ұрдым.
Бәрін еңсере отырып қана елді алға жылжытуға, сөйтіп өткеннің кесел жарасын жазуға болатынын ұқтым.
Ширығып алып, қайта-қайта бұлқынып, мүмкіндігінше сені ілгерілетуге тиісті адамдардың қасаңдығы мен оралымсыздығынан құтылуға да болатын еді. Мұның өзі біршама уақыт қана жалғасқанымен, ұдайы жалғаса беруі мүмкін емес-ті. Адамдарды серпілтіп, турасын айтқанда, бастың миын «желдетіп алуларына» әдеттен тыс төтен шешім керек болды.
Сөйтіп астананы көшіру қажеттігі туралы ойға бірте-бірте бекіне бердім.
Н.Назарбаев,
«Еуразия жүрегінде»,
Астана, 2005, 28-бет.
Бұл идея мені біржола баурап алды. Елдің нақты жағдайын сараптағанда, қалай мемлекет құрамыз деп толғанғанда дәл осы ойға жиі берілетінмін. Бұл тоқтам оңайға түскен жоқ. Астана ауыстырған жағдайда Алматыдан қозғалатының анық. Оған да қиналасың. Қиып кететіндей қала ма Алматы?! Тәуелсіздігіміздің тал бесігі емес пе ол? Желтоқсанның ақ қарына алау жаққан ұл-қыздарымыздың азаттықты аңсап алаңға шыққан қаласы емес пе ол? Тіпті жеке өзімді алсам, туған ауылыма тиіп тұрған жер емес пе Алматы? Арқа жерінде жиырма жылдай жүргенімде қанша рет түсіме кірген аяулы мекен ғой ол! Алғашқы немерелерім дүниеге келген қала ғой ол! Осылардың бәрін ойлайсың. Күндіз күлкің, түнде ұйқың бұзылады. Қалай болып шығады деп қобалжисың. Сау басқа сақина тілеп алып жүрмейміз бе өзі деп іштен тынған кездерім де бар. Ондай-ондайды енді айтуға болатын шығар. Оңай емес қой. Пәтер ауыстырудың өзіне адам қанша ойланады. Басқа қалаға көшуге тіпті бас қатырады. Таңдауың сәтті шықса жақсы, сәтсіз шықса, ағылшындар айтатындай, ол өзіңнің жеке проблемаң. Ал бұл жерде мәселе бүкіл елдің, ел болғанда да егемендігінің елең-алаңында, тәуелсіздігінің табалдырығында тұрған, әлі әрі-сәрі күйдегі елдің тағдырын айқындайтын шешімге келіп тіреледі ғой. Оған қалай қиналмассың?
Алматының жаңа мемлекеттің астанасы күйінде қала алмайтынының тағы бір себебі болды. Қаншама жыл кеңестік социалистік республиканың астанасы ретінде қалыптасып қалған ол қалада сол кездегі сіреспе саясаттың салқыны бәрібір сезіліп тұратын. Басқасын былай қойғанда, Президент Аппаратының, Үкімет Кеңсесінің кешегі Компартия ғимаратында отыруының өзі психологиялық тұрғыдан көңілге біртүрлі әсер ететін сияқты көрінуші еді. Алматы өзіне түскен жаңа геосаяси жүкті көтере алмады. Мен туралы кітап жазған ағылшын авторы Джонатан Айткеннің Алматы жайында қаланың аумақтық және экологиялық кемшіліктерден өзге жария етіле бермейтін басқа да проблемаларын атағаны бар. Айткен Алматыны өзінің стилі мен мазмұны жөнінен кеңестік ахуалдағы шаһар болатын, көп қазақтар онда өздерін жайсыз сезінетін деген еді. Дегенмен, сол Алматыдан астананы көшіруге бекінудің өзі оңай тәуекел емес.
– Алматының қадір-қасиетін сіз Астананың халықаралық тұсаукесерінде сөйлеген сөзіңізде айшықты айтып едіңіз. Міне, былай дегенсіз: «Бәріміздің де жастық дәуреніміз, дегендерімізге жетуіміз, кемелімізге келуіміз сол бір ғажайып қалаға етене байланысты. Жаңаша дәурендеуіміздің дәл бір осы шырайлы шағында, шапағатты сағаты мен мерейлі минуттарында азаттығымыздың ақ құсын өз бауырынан аспандата самғатқан аяулы Алматы мен әзіз Алатауға бәріміз де тікемізден тік тұрып, басымыз жерге жеткенше иіліп, қанша мәрте тағзым етсек те, артықтығы жоқ деп білем. Дүние тұрғанша тұр, жәннат қалпыңнан жазбай, жасай бер, жайнай бер, қыдыр қонып, құт дарыған киелі қоныс, мүбәрак мекен – Алматы!.. Биікке самғап, қиырды шарлау, заманнан қалмай зымырай заулау – мына біздерге өзің берген тәрбие, өзің көрсеткен өнеге, өзің тапсырған тарихи аманат!».
Сұхбаттарымызда дәйексөздерді пайдаланып жүрмін ғой. Осы тұста газетте сіздің Алматыда ғалымдармен кездесуде бұл шешімнің ұлттық қауіпсіздікке қандайлық қатысты екендігін айтқан сөзіңізді келтірудің орайы бар сияқты.
– Келтір. Қай сөз екенін шамалап отырмын.
ДӘЙЕКТЕМЕ:
«Ашығын айтайын, бұл шешімнің біздің ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қатысы бар. Мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыз мекен еткен қасиетті қазақ жерінің бір бөлігін – аяулы Сарыарқаны саяси саудаға салып, дарқан даламызды дау-дамайға айналдырғысы келетіндер бар кезде, солтүстіктегі шұрайлы өңірге суық көзінің сұғын қадайтындар бар кезде біз мына жылы жерде, әсем қала – Алматыда тыныш отыра алмас едік.
Біз Алатаудың бауырына сыймай кеткен жоқпыз, қайта жер жәннаты Жетісуды қимай-қимай кеттік. Тарихтың қатал талабы осындай».
Н.Назарбаев,
«Қалың елім, қазағым»,
«Өнер», 1998, 296-бет.
– Астананы Алматыдан ауыстыру жөніндегі ойға қашан бекіндіңіз?
– Бұл туралы ойдың өзі сәл ертеректе, 1992 жылы туған. Әйтсе де ол кезде мұны тіс жарып ешкімге айтқан емеспін. Айтпағаным да дұрыс болды. Ол жылы мұндай идея көтеруге тіпті ерте еді. Бұл таңдаудың да өзінің тарихи себептері бар. Ертедегі бабаларымыз геосаясат дегеннің не екенін Макиавеллиді оқымай-ақ білген. Содан да осы Сарыарқадағы Ортақ пен Кертақ, Ұлытау мен Кішітау сияқты мекендерде баяғы Жошы мен Бату ханның заманын былай қойғанда, Орда-Ежен, Тайбұға, Көшім, Орыс, Әбілқайыр, Шайбани кезінен, берідегі Тәуке мен Абылай дәуірінен ұлысымыздың туы тігілген. Осы жердегі ежелгі Бозоқ қаласы бір кезде Қыпшақ хандығының астанасы болған.
– Сонымен, алдымен астананы ауыстыруға бекіндіңіз, одан кейін оны елдің ортасына алып келуге тоқтадыңыз. Сонда қандай жерлер қарастырылды?
– Алдымен ойға Ұлытау келді. Аты да, заты да астана болуға сұранып тұрған сияқты. Қасиетті өңір. Бар қазақтың басы алдымен сонда қосылған. Барлық ру-тайпалардың таңбалары тасқа қашалып, бабаларымыз бірлікке анттасқан жер ғой. Тәуке хан Ұлытауда хан сайланған. Абылайдың ордасы да Ұлытауда болған. Бірақ біздің ғасыр – прагматизм ғасыры. Ұлытауда су көздері тапшылығының, темір жолдың жоқтығының өзі бұл ойдан бірден бас тартқызды. Қарағанды, Көкшетау, Ақтөбе қалалары да болашақ астана бола ала ма деген тұрғыда қарастырылды. Былайша қарағанда, менің бүйрегім Қарағандыға көбірек бұрылуға тиісті еді. Сонда еңбек жолымды бастадым, сонда үйлендім, сонда балалы-шағалы болдым, сонда қызмет бабымен өстім. Бірақ, Қарағанды астана жасауға көмір шахталарының әсерінен жер жиі-жиі ойылуы мүмкін екендігінен жарамады. Көкшетаудың инфрақұрылымының әлсіздігі бірден көрінді. Ақтөбеге қарай өтсек біз елдің бір қиырынан екінші қиырына шығып кететін едік. Жалпы, қалаларды, әсіресе, астана болуға лайықты қалаларды бағалаудың әлемде қабылданған 32 өлшемі бар екен. 1994 жылдың басында мен құрған арнаулы комиссия әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, ауа райы, жер бедері, сейсмоахуал, қоршаған орта, инженерлік және көлік инфрақұрылымы, коммуникациялар, құрылыс кешені, еңбек ресурстары сияқты көптеген жағдаяттарды қарастыра келіп, Ақмоланың артықшылықтары көбірек деген тұжырымға тоқтады.
– Ол қандай артықшылықтар?
– Алдымен айтатын артықшылығы – Ақмола қазақ даласының жер кіндігі дейтіндей маңайда тұрғандығы, ел экономикасының дамуын айқындайтын ірі шаруашылық өңірлерінен алыс еместігі. Тағы бір артықшылығы – тоғыз жолдың торабында екендігі. Ендігі бір артықшылығы ретінде қаланың көлемі шағындығын, халқының саны шектеулілігін, яғни құрылыс салуға да, тиісінше демографиялық өсуге де мүмкіндігі көптігін айтуға болады. Қаланың қақ ортасының өзінде жалпы аумағы 30 гектардай жер бір қабатты ескі үйлермен толтырылған. Келешекте ол үйлердің бәрін сүріп тастап, қалағаныңша құрылыс сала беруге болады.
– Ақмоланың, бұрынғы Целиноградтың кезінде қарқынды дами алмай қалғанының өзі түптің түбінде артықшылық болып шыққан ғой сонда?
– Бір есептен солай десе де болады. Ақмоланың өзімнің көңіліме қонған тағы бір тұсы – ерке Есілдің бойында тұрғаны. Өзен деген қаланың сәні ғой. Ауыз су, техникалық су жағынан да көп қиындық келмейтініне көзіміз жетті. Көлік инфрақұрылымы қалада жақсы дамыған. Арқаның ауасын айтсайшы! Ақмоланың экологиялық тұрғыдан артықшылығы тіпті даусыз еді. Қаланың тағы бір жақсы жері – құрылыстың Алматыға қарағанда екі еседей арзанға түсетіні. Осының бәрін ойлай-ойлай, барлық жағынан есептей-есептей келіп, ақыры болашақ астананың орны Ақмола болады деп шештік. Әуелі бұл идеяны зиялы қауымның аузымен айтқызуды, қоғамдық пікірді зерттеп байқауды орынды санадық.
– Осы тұста мына бір жайды айтқым келеді. Бұл мәселені алдымен «Қазақ әдебиеті» газеті көтерген. Бір топ жазушылардың ашық хатын жариялаған. Ол кезде Президент Аппаратында бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасарымын. Газет қозғаған мәселе маған тосын көрінгені сондай, қызметтік құқымды пайдаланып, бас редактор Оралхан Бөкейді кабинетіме шақырғаным, «мемлекеттің тағдырына қатысты мұндай мәселені бірауыз ақылдасып алу қажеттігі» жөнінде өзімше ескертуімді айтып жібергенім де бар. Сөйтсем, сіздің айтуыңызбен жасалған шаруа екен ғой ол… Аппаратта жүріп біздің өзіміздің осы әңгімеден хабарымыз болмапты.
– Иә, Оралхан сол кезде газет басшысы ретінде менің бір шетелдік сапарыма қосылған. Ұшақ Алматыдан шығып, осы Астананың тұсына келгенде шақырып алып, «Қарашы, қандай байтақ жер. Еліміздің дәл ортасы. Қандастарымыз бұл жақта әлі аз. Түбі астананы осы жаққа ауыстырамыз» деп ашық айттым да, оған газетіне жазушылардың пікірін шығаруды, сөйтіп жұрттың құлағын үйрете беруді тапсырдым. Солай болған.
Шарль де Голльдің: «Жоғары билік адамды жалғыздық пен мұңға батырады» деген сөзі бар. Сол сөз астана ауыстыруды ойластырған кезде есіме жиі түсетін. Әуелде мұнымды тіпті айналамдағы адамдардың өзі қолдай қоймады. 1993 жылдың соңына қарай жұрт алдында бір сөйлегенімде астананы Алматыдан ауыстыру қажет болатын сияқты деп айтып көріп, аңысын аңдап байқағанмын. Былайша қарасаңыз, елді елең еткізетіндей, тіпті сенсациялық әңгіме емес пе? Ал залдағы жұртшылық онша елеңдей қойған жоқ. Тап бір мен мәтіннен жаңылып кеткендей қарады. Аң-таң қалдым.
– Иә, астананы ауыстыру идеясы ә дегеннен бүкіл халықтың қолдауын иеленіп кете қойған жоқ. Біраз жұрттың ел болып есімізді жия алмай жатқан шақта осындай ғаламат ірі шаруаға кірісу қажет пе өзі дегені рас. Мұндай соншалықты жаңашыл, соншалықты тосын, соншалықты батыл идеяны баршаның бірдей түсініп, жақтап кетуі де оңай емес еді. Мысалы, Алматыда жүргізілген қоғамдық пікір сауалнамасы бойынша ондағылардың дені Ақмолаға көшу дегенді тіпті естігілері де келмегенін өзіңіз «Қазақстан жолы» кітабыңызда жазғансыз. Астананың 10 жылдығы қарсаңында бізге берген сұхбатында Иманғали Тасмағамбетов әуелде осы шешімге күмәнмен қарағанын, сіздің өзіне батыра айтқан бір сөзіңізден кейін бұл идеяның қызу қолдаушысына айналғанын әңгімелеген болатын.
ДӘЙЕКТЕМЕ:
«Сол жылдары өз басымнан өткен мына жай есімде қалып қойыпты. Бір жолы Нұрсұлтан Әбішұлы жексенбі күні сейіл құруға тау жаққа барды. Президент көмекшісі кезім. Парламент астананы ауыстыру жөніндегі шешімді қолдағанымен, бәрі де өз орнында тұрған шақ. Көктемнің жайнаған күні. Соның алдында ғана жаңбыр жауып өткен, ауа саңғырап тұр. Бір қырқаға көтеріліп едік, алдымыздан айналайын ару Алматы алақандағыдай айқара ашылып шыға келді. Ғажап көрініске сүйсіне қарап тұрды да, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қандай керемет!» деді. Сол арада мен: «Осындай кереметті қалдырып…» деп қалдым. Айтылар сөз айтылып кетті. «Сен ондайды қой», деді Нұрсұлтан Әбішұлы қабағын қатайтыңқырап. Сөйтті де астананы ауыстырудың қандай-қандай тұрғыдан тарихи қажеттілік екенін жіктеп-жіліктеп айтып шықты. «Біз мынандай территорияға елдің бір шетінен қарап отырып, ие бола алмай қалуымыз да мүмкін. Арқада, солтүстік облыстарда демографиялық ахуалды қалайда өзгертуіміз керек. Мына елдің негізгі иесі кім екенін бүкіл әлем білуге тиіс. Елдің иесі елдің қиыр-қиырына бірдей қарап отыруға тиіс. Тым болмаса соны түсінсеңдерші. Экономиканы ел орталығынан басқарған тиімді, Ақмола тоғыз жолдың торабында тұр, облыстардың астанамен байланысы да оңайлайды» деп бастап, біраз әңгіме айтты. «Бұл мен үшін емес, бұл ел үшін керек, елдің ертеңі үшін керек, мұның мәнін қазіргі адамдар толық ұғар-ұқпас, бірақ болашақ ұрпақтарымыз ұғатын болады», деп бітірді сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы. Шынымды айтсам, менің астана ауыстыру идеясын жан-тәнімен қолдайтындардың қатарына нық сеніммен қосылуым да сол күнгі әңгімеден басталған еді».
И.Тасмағамбетов,
«Мемлекеттің мерейлі мерекесі»
«Егемен Қазақстан», 2008 жылғы 6 мамыр.
– Мен 1994 жылғы 6 шілдеде депутаттар алдында сөйлеген сөзімде астананы көшіруге кететін қаражаттың ішінде орны толмайтыны тек көші-қонның нақты шығындары ғана болатынын, қалған қаржының бәрі келешекке салынған инвестиция екенін айттым. Бүгінгі күннің деңгейінен жоғарырақ қарай алсақ, мемлекеттің келешектегі мүдделері тұрғысынан ойлай алсақ, астананың Арқаға ауыстырылуы қай жағынан қарағанда да өзін өзі ақтайтын шешім дедім. Пікірталас барысында депутаттардың біразы менің ұсынысымды қолдауға бейім емес екені көріне бастады. Олардың кейбіреулері экономиканың мынандай дағдарысты кезеңінде, жұртқа жалақысын уақтылы төлей алмай жатқанда астана ауыстыруға ешқандай мүмкіндік жоқ дегенді көлденең тартса, енді біреулері идея негізінен дұрыс, бірақ оның орындалуын кейінге қалдыру керек дегенді айтысты. Ашықтан ашық қарсылық білдіргендер де болды. Талқылау шегіне жақындаған тұста Әбіш (Жоғарғы Кеңес Төрағасы Ә.Кекілбаев – C.А.) сөз тауып кетті. Аяқ астынан: «Президент астананы Ақмолаға көшіру жөніндегі ұсынысын шілде айында енгізіп отыр. Келіңіздер, Нұрсұлтан Әбішұлының айтқанын қолдайық, ұсынысын қабыл алайық. Мұның өзі Елбасымыздың туған күніне жасаған тартуымыз болсын», деп жібергені… Сол-ақ екен, ұсыныс дауысқа салынып, өтті де кетті. Рас, аз ғана дауыс басымдығымен қабылданды ұсынысым. Тегі, жақтап дауыс берген депутаттардың біразы «Туған күнінде Президенттің бетін қайтармай-ақ қояйықшы. Мұның болатын-болмайтыны белгісіз ғой әлі» деп те қараған сияқты.
– Сонымен, шешім қабылданды. Жұмыс қалай басталды?
– Мұндай жұмысты бастау оңай емес. Қай заманда да, қай қоғамда да астана ауыстыру кез келген мемлекеттің өміріндегі ерекше оқиға, тарихи белес. Жалпы, әлемде астаналар 140-тан астам рет көшірілген екен. Оның себептері әртүрлі. Мысалы, Бразилияда астана елдің түкпірдегі территорияларын дамыту, жаңа экономикалық аймақтар ашу мақсатымен ауыстырылған. Ресей мен Қытайда астаналар сыртқы әскери қатерден құтылу үшін көшірілген. Мысалы, Аспанасты елі астанасын алты рет ауыстырған екен. Астаналар ауыстырудың бәрінде де бұл қадамдар баршаның жаппай қолдауына ие болған емес. Менің досым – Испания королі Хуан Карлос І кезінде король Филипп ІІ-нің астананы Толедодан Мадридке ауыстыру кезінде қып-қызыл дау шыққанын айтып берген еді. Джордж Вашингтон елдің жаңа астанасын жан баласы тұрмайтын жерге атымен жаңа қала салу арқылы ауыстырған кезде де аяусыз сынның астында қалған екен. Мен де ондай сынның талайын естідім. Бір газет тіпті «Персональная столица Президента Назарбаева» деп тұрып мақала жариялады. Онда ешқандай стратегиялық жоспар да орасан зор қаржыны еңбекақы, зейнетақы төлеуден, азаматтардың басқа да проблемаларын шешуден бұрып әкетуді ақтай алмайды деп жазылды. Халық арасында ойбай, не дейсің, Ақмолада жаз бойы аңызақ соғып тұрады екен, қыс болса қаланы қар басып қалады екен, өзі батпақта тұр екен, ішуге жарайтын ауызсуы жоқ екен дегендей неше түрлі әңгімелер гулей есіп жатты. Ақмоланың ауа райы соншалықты ғажайып деп айту қиын да шығар. Арқаның азынаған бораны апталап соғатын кездері де бар. Бір жолы әуежай тәулік бойы жабық тұрып, тіпті тікұшақ та қона алмайтындай жағдай болған соң Көкшетаудан пойызбен келгенім де есімде. Бірақ, туған еліңде жері жаман мекен бола ма екен? Осының бәрі біздің Отанымыздың жері, Отанымыздың табиғаты, Отанымыздың климаты. Туған жердің түтіні де тәтті емес пе? Ал Арқа төсіндегі табиғаттың өзіндік сұлулығы бөлекше. Былай шықсаң Қорғалжын, былай шықсаң Бурабай, былай шықсаң Ерейментау, әрі қарай жүрсең Баянауыл басталып кетеді.
Қайтейік, сол тұста қаланың халықаралық тұсаукесеріне дайындық жөніндегі біздің жұмысымыз жайында «Жұтта жасалған той» деп тұрып сөйлейтін журналистер де табылды. Газеттер мен телеарналар Ақмоланың масасын да әбден жазды, көрсетудей-ақ көрсетті. Соның ешқайсысына да жүйкемді жұқартып жатқан жоқпын. Ондай-ондайға көңіл бөлуге де уақыт жоқ еді. Оған ең жақсы жауап – қаланың топырағын құрғату, масаның көзін жою. Біз ол мәселені тез-ақ шешіп тастадық. Есіл жағалауындағы қамыстар толық құртылды, қаланың ішіндегі ашық жердің бәріне шөп тұқымдары себілді, асфальттайтын жердің бәрі асфальтталды. Сөйтіп, маса туралы ызың сөз де сап тыйылды.
Басқа да неше түрлі әңгімелер болды. Біреулер жұлдыз жорамалшы Назарбаевқа 1997 жылы Алматыда жойқын зілзала болады, қала қирап қалады деп айтыпты, содан Президент дереу астананы ауыстыруға кірісіпті деп те соғыпты.
Қысқасы, мен астана ауыстыру арқылы өзімнің саяси болашағымды бәске тігіп тұрғанымды бұрынғыдан да тереңірек пайымдадым. Содан «Шешінген судан тайынбас» деп жұмысқа кірісіп кеттік. Ақмолаға жиі, ай сайын дерлік барып тұрдым. Көбіне әуежайдан түсе сала тіке құрылыс нысандарына тартатынмын.
– Қыста қарға көміліп, жазда масаға таланып, күзде балшыққа малшынып, көктемде көшесі ойылып жататын Ақмоладан астана жасау оңай іс емес, әрине.
– Ең қиыны жаңа астанаға қажетті қаржының көзін табу еді. Қаржы табылса жұмыс жүреді. Бұл іске мен бар беделімді салдым. Ақмола еркін экономикалық аймағының қорын құру арқылы біраз ақша жиналды. Кеңес Одағынан қалған материалдық резервті де іске қостық. Ол резерв соғыс шыға қалса деп жиналған металдар мен темір қорытпаларынан, құрылыс материалдарынан тұратын. Соның Қазақстанға қажетті бөлігін қалдырдық та, қалғанын сатып, одан түскен жиырма миллион доллардай қаржыны астана қорына құйдық. Жалпы, біз Астананы бюджетке көп салмақ түсірмей салуға тырыстық. Әр теңгенің есепте тұруын, артық шығын болмауын қадағаладық.
Ақмола әкімі Аманжол Бөлекбаевтың принциптілігі есімде қалыпты. Қаладағы Республика даңғылын, әуежайға баратын жолды асфальттау үшін жапон техникасын сатып алу жөнінде Үкімет шешім қабылдаған. Әкім ол шешімді орындаудан бас тартады. Неге? Бағасы тым қымбат – 4 миллион доллар. Асфальт төсейтін техника сонша тұра ма дейді. Үкімет шешімді неге орындамайсың деп қыса түскеннен кейін ол, амал жоқ, маған келді. «Бұл бағамен келіспесең, жауапкершілікті өз мойныңа жүктеп, өзің сатып ал», дедім. Содан ол Германияға жүріп кетті. Барса дәл сондай техника небәрі 800 мың доллар тұрады екен… Ол техника тез-ақ келіп, сапалы асфальт төселді.
Ақмоладағы құрылыстың басты қаржы көзі инвестициялар болды. Шетелдік инвесторлардан пайызсыз несиені он жылдық мерзімге алуға қол жеткіздім. Мұның сыртында гранттар мен өтемсіз инвестициялар бойынша көптеген нысандар салынды. Мысалы, Ақорда Әбу-Даби даму қорының 22 миллион долларлық грантына тұрғызылған. «Нұр-Астана» мешітін Катар мемлекеті 15 миллион долларға грант есебінен тұрғызды. 33 миллион долларлық «Астана-Тауэр» орталығын Түркия қаржыландырды. Қазіргі Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғимараты Кувейт гранты, Салтанат сарайы Оман әмірінің сыйлығы, «Алатау» спорт кешені мұнай саласындағы инвесторлар гранты, тағы басқа. Ондай ғимараттар бірталай. Сауд Арабиясының, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Италия мен Жапонияның, басқа да елдердің гранттары, несиелері бірінен соң бірі келіп жатты. Ол қаражаттың көпшілігі елге, елдің Президентіне сый ретінде берілді.
Өзіміздің азаматтар да ірілік танытты. Осы жаққа келгенде Ақмоланың бизнесмендерін жинаған едім. Оларға әңгіменің басын ашып айттым. «Жігіттер, құрылысты жақсы салады екенсіздер. Көмектесіңіздер, соларды қалаға сыйлаңыздар», дедім. Асқар Мәмин деген жігіттен өзі сатып алған «Мәскеу» қонақ үйін мемлекетке қайтаруды сұрадым. Азамат екен, сөзге келген жоқ, қайтарды да берді. Кейін біз ол ғимаратқа Сыртқы істер министрлігін орналастырдық. Басқа бизнесмендер де солай етті.
Басқа амал да қалмаған еді. Қалада іске татырлық ғимарат өте аз. Қыдырып баратын, қызықтап көретін жер жоқ десе де болады.
– Сол кездегі сенаторлардың бірі Өмірзақ Озғанбай «Егемен Қазақстанда»: «Сонымен, Парламент депутаттары – біздер жатақханада жатып, Парламент ғимаратын жөндеу жұмыстары біте қоймағасын, оның жарым-жартылай салынып болған, сыры кеппеген бөлмелерінде отырыс, жиналыс өткізіп, жұмысқа кірістік. Кіріп-шыққанда кеңсе ішіндегі әлі төселіп бітпеген ковроланды құрылысшылар төсеп, қиып қойған бөліктерін аттап өтетінбіз. Көрші бөлмелерде құрылысшылар жұмыспен арпалысқа түсетін. Көшеде асфал