Сіз не дейсіз?
Сенбі, 12 қаңтар 2013 7:50
Қыс қаһарын қамданған жеңеді
Басы қаттылау басталған қыс кей өңірлерде жылу беруге дайындықтың осал тұстарын ашып тастады. Бұл ақ шұнақ аяз бен ақ мылтық борандар болмай жатып абдырап қалған қалалар мен ауылдарды кәдімгідей әбігерге салды. Бұл қыстың көзі қырауда жылусыз қалған тұрғындардың орынды наразылығын тудырды. Облыста қысқы жылу беру маусымына дайындық деңгейі қандай? Қыстан қысылмай шығудың қамы жасалды ма? Жылу беру маусымы біздің өңірде қалай өтуде?

«Егемен Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысы бойынша тілшісі Сатыбалды СӘУІРБАЙ «Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы» ММ бастығы Ерлан Блиевке:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Шүкір, облыста соңғы жылдары бұл бағытта ерекше елең еткізетіндей апаттық жағдай бола қойған жоқ. Биыл да жылу беру маусымына тиянақты әзірлікпен түстік, сондықтан әзірге абыржитындай ештеңе жоқ.
Өткен жылы облыс бойынша 108 жылу қазандығы, 250,3 шақырым жылу желісі, 219,2 шақырым су және кәріз желісі, 645,0 шақырым электр желісі, 255 білім беру нысаны, 256 денсаулық сақтау нысаны, 42 өзге де әлеуметтік нысан мен 1 090 тұрғын үй түрлі жөндеуден өткізілді. Бұл бағыттағы жоспарланған жұмыстар толықтай жүзеге асырылды. Осы бағытқа бөлінген қаражат көлемі оның алдындағы жылмен салыстырғанда 70 пайызға көбейіп, 6,8 млрд. теңгені құрады. Атап айтқанда, 2012 жылы Ақтөбе қаласының ішкіорамдық жылу желілерін жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 13 шақырымнан астам жылу желісі қайта жарақтандырылды.
2000-нан астам тұрғыны бар Мұғалжар ауданы Жем қаласының жылу жүйесін қалпына келтіру мәселесін түбегейлі шешу мақсатында 3,8 шақырым жылу желісін қайта жарақтандырып, 3 жаңа жылу қазандығын орнатты. Сондай-ақ, ағымдағы жылы шағын қала көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Осыған қоса, Алға қаласының және Темір ауданындағы Шұбарқұдық кентінің орталық жылу қазандықтарында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қазандар мен өзге де негізгі құрал-жабдықтар орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар ағымдағы жылы да өз жалғасын табатын болады.
2012 жылы облыстың бюджеттік мекемелеріне жоспарланған 54,6 мың тонна көмір және 11,8 мың тонна дизель отыны толығымен жеткізілді. Жалпы облыс бойынша 2012-2013 жылдардағы жылу беру маусымы қалыпты жағдайда өткізілуде.
Ақтөбе облысы.