Әлем • 30 Сәуір, 2019

Елбасы мен император

1431 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бүгін 30 сәуірде Жапонияның императоры Акихито тағынан түсіп, 1 мамырда оның үлкен ұлы, ханзада Нарухито күншығыс елінің төріне шығады. Отыз жылға созылған «Хейсей» дәуірі аяқталып, елде «Рейва» атауымен жаңа дәуір басталады.

Елбасы мен император

Жапонияда мұндай жағдай бұдан тек екі ғасыр бұрын болған, одан кейін жапон елінде бүгінге дейін императорлар көзі тірісінде өз еркімен тағынан түспеген. Император – жапон халқының символы және жапон халқы үшін тіл мен ділдің, ұлттық діннің, тарих пен салт-дәстүрдің, мәдениет пен әдебиеттің сақшысы, елдің өткені мен бүгінгі болмысы, мемлекеттің болашаққа бағдары.

Император мемлекеттік бас­қару жүйесінде саясатқа ара­лас­пайды. Керісінше, бүкіл мем­лекеттің саясаты дәл осы импе­ра­торлық жүйені көздің қара­шығындай сақтап қалуға бағытталған. Императорсыз жапон елін елестету мүмкін емес.

Императорға қатысты заңда «Импера­тор қайтыс болған мезетте бірден оның орнына ханзада таққа отырады» деп қана көрсетілгені болмаса, елдің Конс­титуциясында да, басқа ешбір заңда да императордың тақтан түсуіне қатысты ешқандай ережелер бекітілмеген. Сондықтан император Акихито осыдан үш жыл бұрын жапон халқына жолдау жасап, тақтан түскісі келетінін білдіргенде, жапон үкіметі бірден императордың мұндай ниетіне байланысты халық арасында арнайы сауалнама жүргізуге мәжбүр болды. Нәт­и­жесінде отыз жыл тақта отыр­ған императордың құрметті демалысқа шығуына халықтың қарсы емес екені анықталды.

«Тарихи кездейсоқтық» дей­міз бе, Жапонияда император Акихитоның тақтан түсуі мен Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасының прези­дент­тік өкілеттігін тоқтату туралы шеші­мі бір жылға сәйкес келіп отыр. Өткен отыз жыл екі ел тарихында ерекше орын алатынында күмән жоқ. Жапония біздің елді, қазақ халқын дәл осы император Акихито тұсында таныса, мемлекетіміздің тәуел­сіз­дігі мен жетіс­тіктерін Елба­сы­ның атымен байланыстырады. Орайы келгенде айта кете­йік, Жапония Қазақстанның тәуел­сіздігін мойындап, жаңа еге­мен елмен дип­ломатиялық қаты­настар орнатуға асыққан мем­ле­кеттердің бірі. Олай болса, Қазақстан мен Жапонияның қа­рым-қатынастары қалай да­мып, бүгінгі таңда қандай деңгей­ге же­тіп отыр. Енді сол жайында қыс­­қа­ша шолып өтудің реті келіп тұрғандай.

Жалпы, Қазақстан мен Жа­по­нияның осы жылдардағы қарым-қаты­настарының бүгін­ге дейінгі тарихын екі мем­лекет­тің басшылары деңгейіндегі өзара ресми сапарлар мен биік деңгей­де өткен келіссөздердің нәти­же­лері­­не сәйкес даму кезең­деріне жік­теу орынды деп есептеймін. Сол кезеңдерді хронологиялық кезекпен қысқаша шолып өтейік.

Елбасы 1994 жылдың сәуірін­де Жапонияға алғаш рет ресми сапар жасап, екі ел арасын­да­ғы қарым-қатынастардың негізін қалады. Ол кезде әлі екі ел ара­сын­да шартты-құқықтық не­гіз бол­мағандықтан, тараптар Жапония мен бұрынғы Кеңес Одағы арасында қол қойылған келісім­шарттарды мойындауға қатыс­ты ноталармен алмасты. Сондықтан Елбасының Жапо­нияға алғашқы сапары тәуелсіз Қазақ­станды жапон еліне таныстырып, жапон үкіметі тарапынан еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға қажет қаржылай және техникалық көмек көрсетілуін қамтамасыз етуге бағытталған еді. Жапония үкіметі Елбасының бастауымен біздің елдің ядролық қарудан бас тартқанын жоға­ры бағалап, Дамуға арналған ресми көмек бағдарламасы бо­йынша қаржылай және техника­лық көмек көрсетуге уәде берді. Қазақ­станға жапондық ком­пания­лар келе бастады.

Елбасының 1999 жылдың желтоқ­санында өткен Жапонияға екінші сапары барысында жапон тарапы мемлекетімізде жүргізі­ліп жатқан нарықтық рефо­р­ма­­­лар жайында ақпарат алып, олар­­­дың әрі қарай нәтижелі жүргізі­луі­не, Еуразия құрлығының орта­лы­ғы­на ауысқан елі­­міздің жаңа ас­танасына Дамуға ар­нал­­ған ресми көмек бағдарламасы ая­сында қолдау көрсетуге келісім бер­ді. Қазақстанда аталған бағдарлама аясын­да­ғы жобалар жалғасын тауып, жапон­дық компаниялар еліміздегі мұнай-газ саласы мен энер­гетика саласындағы ірі жо­б­аларға қызығушылық таныта бастады.

Жапония елімізге Орталық Азиядағы маңызды мемлекет ретінде қарап, 2004 жылы сол кездегі Қазақстанның сыртқы істер министрі Қ.К.Тоқаевтың бас­тамасымен Жапонияның Сырт­қы істер министрі И.Кава­гучидің елімізге сапары барысында «Орталық Азия + Жапония» диалогы құрылды.

2006 жылдың тамызында Жапония­ның премьер-ми­нистрі Д.Коидзуми алғаш рет Қазақстанға ресми сапар жасап, онда екі елдің энергетика саласын­дағы, әсіресе уран өң­деу бағытындағы ынтымақ­тас­­тығын дамыту екі елдің мүд­­десі­не сай екені және жапон ком­­па­­ния­ларының елімізге тіке­лей ин­вес­тиция салуға қызық­шы­лық танытып отырға­ны ашық айтыл­ды. Еліне оралған бетте Д.Коуи­дзуми отставкаға кет­кені­­мен, келесі жылдың сәуір айын­­да оның бас­тап кеткен ісін жал­ғастыру мақсатында Жа­по­нияның экономика, индуст­рия және сауда министрі А.Ама­ри­дің Қазақстанға сапары ұйым­дастырылды. Сапар барысында екі ел компания­лары арасын­да уран саласындағы маңызды жо­ба­ларға қатысты жиырмадан астам келісімшартқа қол қо­йы­­лып, екі елдің энергетика ба­ғы­­ты­ндағы ынтымақтастық дең­­гейі халықаралық қоғамдас­тық­­тың назарын аудартты. Сон­дық­­тан Елбасының 2008 жылғы мау­сымдағы Жапонияға кезекті рес­­ми сапары сауда-эконо­ми­ка­лық тұрғыдан алдыңғы сапар­лар­мен салыстырғанда едәуір өзге­ше болды. Жапон үкі­меті Қазақ­­с­танды Орталық Азия­да­ғы эко­­­но­микалық алып ел атап, елі­мізге деген көз­қара­сын Дамуға ар­налған ресми көмек бағдар­ла­масы тұрғы­сы­нан сау­да-эко­но­ми­­калық әріптес­тік тұр­ғысына өз­­герт­­кені айқын­далды. Екі ел­дің қарым-қатынас­тары стра­тегия­­лық әріптестік деңгейге көтерілді.

2015 жылдың қазанында Жапонияның премьер-министрі С.Абэ Қазақстанға ресми сапар жасады. Жапонияның әлем­нің дамушы мемлекттері­мен қа­­рым-қатынастарындағы бас­ты құралы болып саналатын Дамуға арналған ресми көмек бағдарламасы Қазақстанға қатыс­ты қолданылмайтын жаңа кезеңде тараптар бір-бірін стратегиялық әріптес атап, елімізде инфра­құ­ры­лымдық жобаларды, әсіресе атом саласындағы ірі жобалар­ды бірлесіп жүзеге асыруға қызы­ғушылық танытты.

Ал енді Елбасының 2016 жыл­дың 6-9 қарашадағы Жапо­нияға ресми сапары мәні жағынан да, сапасы жағынан да басқа с­апар­лармен салыстырғанда жо­ғары дәрежеде болды деп айту­ға толық негіз бар. Бұрынғы Кеңес Одағы елдері арасында ал­­­ғаш рет біздің Елбасыға Жа­по­­ния парламентінде сөз сөй­летіп, құрмет көрсеткен жапон та­рапы Қазақстанның екіжақ­ты қарым-қатынастарда ғана емес, халықаралық сахнада да ма­ңызды ел екенін атады. Ел­ба­сыны Хиросима қаласына ша­қы­рып, ядролық қаруды жою мен қарусыздану, атом қуатын тек бейбіт мақсатта пайдалану деген сияқты салалардағы ын­ты­мақ­тастықты ескеріп, страте­гиялық әріптес ретінде жоғары бағалайтынын білдірді.

Елбасының 2016 жылғы қара­шадағы Жапонияға ресми сапа­рының нәтижесі бойынша екі мемлекеттің басшылары қол қойған «Азияның өркендеу ғасы­рындағы кеңейтілген стра­тегиялық әріптестік» деп аталатын бірлескен мәлімдеме де, оның алдында 2015 жылдың қаза­нын­д­а өткен Жапония премьер-ми­нистрі С.Абэнің Қазақ­стан­ға ресми сапары барысын­да қабылдан­ған «Қазақстан Рес­пуб­икасы мен Жапония арасындағы стратегиялық әріптестікті терең­дету және кеңейтуге қатысты» бір­­лес­кен мәлімдеме де екі ел­дің қа­тынастар тарихында сөзсіз ма­ңызды құжаттар болып қалады.

Жоғарыда аталғандай, жапон императорының қолында саяси билік шоғыр­ланбаған. Алайда император жапон елінің ішкі сая­сатында ғана емес, сыртқы саясат саласында да өте маңызды рөл атқарады.

Елбасының Жапонияға сапарлары барысында ұйым­дас­тырылған император Акихитомен кездесулерінің арасында ерекше болғаны 2008 жылғы кездесу еді. Елбасы императорды Қазақстанның ең мәртебелі мемлекеттік наградасы болып та­былатын «Алтын Қыран» ор­денімен марапаттаса, император Акихито өз кезегінде Елба­сын екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға қос­қан үлесі үшін Жапонияның жоғары мемлекеттік наградасы – Үлкен лентадағы Хризантема (Бақытгүл) орденімен марапаттады.

Осы орайда император Аки­хитоға қатысты өз басымнан өткен оқиғаны да айтып өтсем деймін. Дәстүр бойынша император елдің саяси басшылығы мен мәдениет, спорт, қоғам қай­раткерлерін және шетелдік дип­ломаттарды жылына екі рет императорлық саябақта өтетін арнайы шараға шақырып тұра­ды. Әдетте ондай шараларға екі мың­­ға жуық адам қатысады және шара барысында император жанұясының барлық мүше­лері­мен бірге шақырылған қо­нақ­тардың алдынан жүріп өте­ді. Арасында бірер сәтке ғана аялдап, біреуге қарап қысқаша ғана тіл қатады. Кімге тіл қататы­нын император үйінің протокол басшысы бір ай бұрын анық­тайды. Император тіл қата­тын адамның саны бес адам ғана болуы тиіс және олардың омырауына алдын-ала микрофон тағылып қояды.

2009 жылдың сәуір айында өткен осы императорлық шараға еліміздің елшілігі атынан қатысу маған жүктеліп еді. Алдымыздан өтіп бара жатқан император бір мезет менің алдымда тоқтап, омырауымдағы атым жазылған қағазға қарап, өзіне тән биязы үнмен «Қазақстаннансыз ба?» деп сұрады. «Иә, Қазақстаннан келдім» дегеніме «Жапон тілін біледі екенсіз, қайда оқыды­ңыз?» деп сұрады. «Киото универ­ситетінде оқыған едім» дегенімде «Солай ма, Киото деген керемет қой» деп жауап қайтарды. Киото мың жыл бойы жапон императорларының үйі болған, әрбір жапон үшін қасиетті мекен. «Киотода оқып едім» дегенді әдейі айтқаным да сондықтан еді.

Жоғарыда аталғандай, шара барысында император тіл қата­тын бес адам бір ай бұрын анық­талып қояды. Әлбетте мен олар­дың арасында жоқ едім. Им­пера­тордың жапонша жазыл­ған «Қазақстан» деген жазуға көзі түсіп, протоколдан тыс ма­ған ғана тіл қатқаны, бұдан бір жылға жуық қана бұрын өт­кен Елбасымен жылы кездесуі импе­ратор­дың есіне түскенінен деп ұқтым өз басым.

Император Елбасының ядро­лық қарудан ада әлем құруға бағыт­талған бастамаларын да жоғары бағалайды. 2016 жылғы қарашадағы соңғы кездесу барысында Елбасы императорға кезінде еліміздегі ядролық қару сынақтарынан миллионнан ас­там адамның зардап шеккенін, әлемде Қазақстан мен Жапония сияқты атомның азабын көп көрген ел жоқ екенін айтып, атом бомбасы түскен Хиросимаға баратынын жеткізгенде Елбасының айтқанын император ұйып тың­дады. Екінші дүниежүзілік соғыс­тан кейін Сібірден Қазақ­станға аударылған жапон тұтқындарына қазақ халқының жаны ашып, жы­лы қарағанына да император арнайы алғыс айтты.

Екі ел әріптестігінің стра­те­гия­лық деңгейге көтерілуі Н.Назарбаев пен император Аки­хитоның арқасында екені тарихи ақиқат. Екі ел тарихында алтын әріппен жазылатын отыз жылдық бейбіт дәуір келешек ұрпаққа аманат болмақ.

 

Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ,

жапонтанушы

 

Соңғы жаңалықтар