Өзекті өртеген өкініш
Сейсенбі, 22 қаңтар 2013 7:04
Бурабай ауданындағы Мәдениет ауылы. Сырмалы суық сықырлап тұр. Еңселі үйдің көк дарбазасынан өте беріп көлігімді кілт тоқтаттым. Қаракөлеңкеде көлбеңдеген адам таныс көрінді. Таныды білем, қолындағы таяғын шошаңдатып, шақырғанның белгісін жасады. Оу, бұл Темірбай Қабділмәжитұлы ғой! Осыдан үш жыл бұрын көргені мен түйгені мол ел ағасының 80 жасқа толғанын дүркіретіп тойлағанбыз.
Сейсенбі, 22 қаңтар 2013 7:04
Бурабай ауданындағы Мәдениет ауылы. Сырмалы суық сықырлап тұр. Еңселі үйдің көк дарбазасынан өте беріп көлігімді кілт тоқтаттым. Қаракөлеңкеде көлбеңдеген адам таныс көрінді. Таныды білем, қолындағы таяғын шошаңдатып, шақырғанның белгісін жасады. Оу, бұл Темірбай Қабділмәжитұлы ғой! Осыдан үш жыл бұрын көргені мен түйгені мол ел ағасының 80 жасқа толғанын дүркіретіп тойлағанбыз.
Абыройлы ақсақалды құшақтап жатырмын. Жүзі сынық. Шөкімдей болып кетіпті. Қолымды сілкілеген күйі үн қатпайды. Тітіркеніп қалдым. Жасынан жетімдік көрген жамағайын сәбидің жанарынан от байқаған осы Темкеңді әйгілі халық ақыны Шәкен Отызбаев өкіл бала етіп, бауырына басқаны есіме түсті. Халық мәдениетінің қайнарларына, әдебиетке құштарлығы осыдан шығар. Оқып-тоқып толысқан ол бұрынғы Чистополье, Арықбалық аудандарындағы білікті экономист-есепші де еді. Шәкен атамыздың барлық мерейтойларын өткізудің басы-қасында болып, мектепке Жұмағали Саин атын бергізіп, Айыртаудан көше сұрап жүрген де осы кісі ғой. Ақсақал қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы Саумалкөлде тұрмаушы ма еді. «Не болды?» деймін жүрегім дірілдеп.
Үн-түнсіз үйге кіріп кетті де, кешікпей қайта шықты. Қолыма көк дәптерді ұстатты. «Айналайын, айналайын» дей береді. Басқа ештеңе айтқан жоқ. Қазына қарттың көк дәптері тегін болмағаны. Бір-екі парағын қарағаннан-ақ, үйге асықтым. Асықпай қарап отырып неше түрлі қиялға кеттім. Темкеңнің басындағы тауқыметті жаза алмайтынымды түсіндім. Оны өз аузымен, көк дәптердің тілімен ықшамдап баяндауды жөн көрдім.
Алланың әміріне шараң жоқ. Құдай маған ұл бала бермеді. Екі қызым тұрмысқа шыққан соң кемпіріміз екеуміз қу далада қалғандай болдық. Жасым елуге жақындағанда кіші қызым Зайраның жеті айлық ұлы Мұратты жалынып-жалпайып жүріп бауырыма бастым. Менен бақытты жан жоқ еді. Әуелеп жүріп әлдиледік, барымызды аузына тығып, ел қатарлы ер жеткіздік. Әнге құмар, жырға жақын болып өсті. Құлыныма қуандым. Тірнектеп мәшине де алып бердім.
Тым ерке болып кеткен екен. Ауылды қойып, аудан орталығына көшемізді шығарды. Өрісі кеңейсін дедім. Жиған-тергенімізді базаршылап, Саумалкөлден өзімізге лайықты үй сатып алдық. Мәдениет үйі жанында қызмет атқарып, көңілімізді өсірді. Әмеңгерім үйленіп, шаңырақ көтерсе дедік. Ол күн де жетті. Босағадан үлбіреп аттаған Жәния әкімдік маңында жұмыс істейді екен. Көргенді жердің қызы дедік. Келін емес, қызымдай көрдім. Бірақ, қызығымыз ұзағынан болмады.
Мен өмірбақи өтірік айтқан адам емеспін, біреудің үстінен пәле қуып қаралау деген болған емес. Өскен ортам, жан-жағым мұны біледі деп ойлаймын. Адам баласы келінді не үшін түсіреді? Жасы ұлғайғандағы арманыңды жалғайтын, қайырымын көріп, сыйына жылынып, рахатын көрейін дейді. Біз үшін бәрі бекер болып шықты. Әу бастан аурушаң кемпірімнің ыңқыл-сыңқылы көбейіп, төсекке таңылуы жиіледі. Зейнеткер менің де бейнетім көбейгендей. Табақ-аяқтың сыңғырынан басың шыңылдайды. Бәрін былай қойғанда, Рамазан айының қасиетті күндерінде өз үйімнен ауыз аша алмай, көрінген үйді жағалайтын жағдайға жеткеніме қорланамын. «Алланың берген азабы шығар» дейміз де, іштен тынамыз. «Ағайын арасын араздық ашардың» жөнімен құдаларымызға мұң шақпағанымызбен, осының бәрін олар жақсы біледі. Үйге келгендерінде қыздарына ақыл қосқанын көргенім жоқ. Қайта ішкі есеп, сұрқия саясат осыларда жатқандай көрінеді маған.
Ішкі есеп демекші, үйімізде Саумалкөлдің сырт жағындағы, көпқабатты, тұрмысқа қолайлы үйден пәтер алайық деген сөз шығып, ол күн санап әрқилы бұрмалаулармен өрши түсті. Біз байғұс «тұрсақ опақ, отырсақ сопақтың» күйімен мүжіліп барамыз. Сөйтіп жүргенде шөберелі болдық. Келін тарапындағы өктемдік одан әрі өрши түсті. «Жаны күйзелген тәңірісін қарғайды» дегендей, бұл «әй-гөйге» баламның қосылғанын қайтерсің. Бармақты шайнамақты былай қойып, қыршып тастайтын күн туды. «Басқа түскен баспақшылдың» керімен, қой жасымыз келгенде жайлы пәтерде тұру да дұрыс шығар деп өз-өзімізді алдандырамыз. Ұзын сөздің қысқасы, үйімізді сатып тындық. Сатқанда Жәния келіннің апасы Гуляға (қазақша атын естіген емеспін) сатыппыз. Менің қолыма көк тиын ұстатқан ешкім болмады. Қарияларға не керек, қарақтарым аман болсын дейтін ғұрыппен, сұраған да жоқпын.
Сүргін-шабыс енді басталды. Таяғыма сүйеніп, аяғымды сүйретіп билік атаулының есігін түгел жағалап шықтым. Обалы не керек, тылдағы еңбегімді, одан кейінгі бейнетімді, азды-көпті абыройымды ескергені шығар, мөлтек ауданындағы бір пәтерге іліктік. Үш бөлмелі. Қуанышымды көп көргендей, мұның да астарында сыр бар болып шықты. Еңбек ардагері ретінде маған бір бөлмесі, әкімдікте істейтін мемлекеттік қызметкер келініме екі бөлмесі тиесілі екен. Құжаттарда баламның аты атымен жоқ. «Таз ашуын тырнадан алады» дегендей, балам маған қоқыраяды. Өзінше намыстанған болып, үйлеріңе кірмеймін дегендей кесірленді. Қырғи-қабақ күшейіп кетті. Ақыры осы «жайлы» үйде елу жыл отасқан әйелім қайтыс болды. Жасы еңкейген ер адамға қиын ғой, жалғыз қарсылас мен жеңіле бастадым. Не айтса да басымды шұлғып құтыламын. Ағайын-туыс, көрші-қолаңның ақыл қосып, басу айтқанына былқ еткен жан жоқ. Байқаймын, құда жұртты былай қойып, осы Саумалкөлде тұратын Мұратымның анасы, өз қызым Зайра да келін жағында.
Бұл 2012 жылдың 2 қаңтары еді. Мені үйден кетірудің шешуші күні туды. Қамығып, дүниеден түңілгендей жайым бар. Жұрт қуанып, Жаңа жылғы тілек айтып жатқанда бөлменің бір қуысында жалғызсырап, бүрісіп отырмын. Мұратыма жеткізеді деген Мұратым өз үйімді көр қылды. Жаныма қатты батады. Құдай осылай жазса, не істейін. Атадан алтау туса да бір жалғыздық осы екен. Осы күндері үш жүз шақырым шалғайдағы Мәдениеттен үлкен қызым Бикеш келіп, қояр да қоймай үйіне алып кетті. Құдалардың ауылында тұрып жатырмын. Мұндай сұмдықты кім көрген. Ішім удай жылайды. Ал, балам мен келінім қайда барсаң, онда бар, үй мәселесін дауласаң сотқа бер деген сөздермен шығарып салды. «Үйді айырбастайық, бір бөлмесін беріңдер» деп көргенмін. Шоқ түскендей тыз ете қалды келін-балам.
Құдалар ауылына келіп, есімді жиған соң да үміт алауымен Саумалкөл жаққа жаутаңдаумен жүрмін. Бірақ, болмайтын дүние болмайды екен. Ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасынан хабар алғанмын. «Айтып көрдік, көнбейді. Енді сотқа шағымданудан басқа амал жоқ» дейді. Саумалкөл ауылдық округінің әкіміне де бардым. Ол да осындай кеңесті меңзейді. Ұзын құлақтан үйді келін толықтай өз атына түсіріп алды деген сөзді де естіп жатырмын. Өмірі соттың алдын көрмеген басым, соттың не дейтінін кім білсін…
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.