Спорт • 30 Сәуір, 2019

Бангкокта барымызды көрсете алмадық

1082 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таиландтың бас шаһары – Бангкокта бокстан өт­кен Азия чемпионаты өз мә­ре­сіне жетті. Айтулы жа­рыс­та 2 алтын, 2 күміс жә­не 3 қола медальды иеленген Қазақстанның ерлер құрамасы жалпы­коман­далық есепте екінші орынға табан тіреді. Бұл жолы да біздің гүрзі жұдырықты жігіттеріміз Өзбекстанға есе жіберді. Олар 4 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлдені қоржынға салды.

Бангкокта барымызды  көрсете алмадық

Азия чемпионатында Қа­зақ­станның ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен 10 боксшының үшеуі қалың топтың арасында қа­лып қойды. 52 кило салмақтағы Әнуар Мұзафаровтың қабағы жа­рылып, жеңіс қырғызстандық Азат Үсенәлиевтің еншісінде кет­ті. 57 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен әлем чемпионы Қай­­рат Ерәлиев үндістандық Ка­вин­дер Сингх Бишттен айласын асы­ра алмады. 69 кило салмақтағы Ас­­ланбек Шымбергенов өзбек­стандық Бобо-Усмон Батуровқа жол берді. Осылайша, жартылай финалға еліміздің жеті боксшысы жетті.  

Жартылай финалда 49 кило сал­мақтағы Теміртас Жүсіповтің рингке көтерілуіне дәрігерлер рұқ­сат бермеді. 64 кило салмақтағы Санатәлі Төлтаев аса тартысты өткен бәсекеде тәжікстандық Ба­ходир Усмоновтан ұтылды. Ал ата­ғы алысқа жайылған Василий Ле­витті Оңтүстік Кореяның оғланы Ким Хьен Кью екі рет нокдаунға түсір­геннен соң төрешілер жек­пе-жек­ті тоқтатуға мәжбүр бол­ды. Осы үш спортшымыз қола ме­­дальды қана­ғат тұтты. 

Финалда Қазақстанның төрт боксшысы барын салып айқасты. Жарыстың соңғы күні алғашқы болып рингке көтерілген 60 кило салмақтағы Зәкір Сафиуллин моң­ғолиялық Ценбаатар Эрденбаттан ұтылды. Одан кейін қос қан­дасымыз қазақ елінің әнұранын шырқатты. Әсіресе біз Тұрсынбай Құлахметтің жанқиярлығына риза болдық. Негізі елімізде 75 кило сал­­мақ дәрежесінің көшбасшысы Әбіл­хан Аманқұл екенін барша жұрт жақсы біледі. Даңқты бап­кер Нұрлан Ақүрпековтің шәкір­ті ес­кі жарақатынан айыға алма­ды. Со­­дан ұлттық құрама жаттық­ты­ру­шылары ойлана-толғана келе, Әбілханның орнына Бангкокқа Құ­лахметті апаруды құп көрді. Өз кезегінде Сыр бойының сайып­қы­раны ел сенімін толықтай ақтады. Ширек финалда ол Азия ойындары мен Азия біріншілігінің жеңімпазы, өзбекстандық Исраил Мадримовты әдемі ұтты. Жартылай финалда түркіменстандық Нұр­сахат Паз­зыев­тың мұрнын бұзып, елі­не қай­тарды. Осы жекпе-жек­те қазақтың ұлына айқын жеңіс­ке жету үшін небәры 20 се­кунд жеткілікті болды. Финалда Тұр­сын­бай Құлахмет үндістандық Аши Құмарды еш қиналмай жеңді.   

81 кило салмақтағы Бек Нұр­мағанбеттің де өнері көпшіліктің кө­ңілінен шықты. Жастар буыны арасындағы жарыстарда жа­сын­дай жарқырап, ересектер дуы­на қосылғанына аз ғана уақыт бол­ған Түркістанның тастүлегі Таи­ландта көпті көрген кәнігі спорт­шыдай рингте өзін еркін сезінді. Тактикалық та, техникалық та тұрғыдан даярлығы өте күшті Бек сары құрлықтың басты додасының бас жүлдесін талассыз жеңіп алды.  

Алыптардың айқасын барша жанкүйер тағатсыздана күтті. Өйт­кені Өзбекстан мен Қазақ­стан боксшыларының өзара тарты­сы, «жан алысып, жан беріс­кен» айқасы жанкүйерлерді ешуақыт­та бейжай қалдырған емес. Оның үстіне, ақтық айқасқа сырал­ғы қарсыластар шықты. Екеуі де бү­гінгі таңдағы алып құрлық­тың үздіктері, әлемдік деңгей­дегі жарыстарда жеңіс тұғыры­на кө­терілген саңлақтар. Мәселен, Ба­ходир Жалолов – әлем чемпиона­тының қола жүлдегері және Азия чемпионы. Кәсіпқой рингте де өзін жақсы қырынан көрсеткен ол алты кездесудің барлығында айқын басымдық танытты. Қамшыбек Қоңқабаев  – әлем және Азия чем­пио­натының күміс жүлдегері. Бангкоктағы жарыстың шешуші сайысында екеуі де барын салды.  Десек те төрешілер Жалоловтың қо­лын көтерді. Қоңқабаев күміс медаль­ды қанағат тұтты. 

Бангкокта өткен Азия чемпио­натының ерлер арасында мына боксшылар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді: 49 кило – Нодиржон Мирзахметов (Өз­бекстан), 52 кило – Амит (Үн­дістан), 56 кило – Миразизбек Мир­захалилов (Өзбекстан), 60 ки­ло – Ценбаатар Эрденбат (Моң­­ғо­лия), 64 кило – Баходир Ус­мо­нов (Тәжікстан), 69 кило – Бобо-Усмон Батиров (Өзбекстан), 75 кило – Тұрсынбай Құлахмет (Қазақстан), 81 кило – Бек Нұр­ма­ғанбет (Қазақстан), 91 кило – Ким Хьен Кью (Оңтүстік Корея) және +91 кило – Баходир Жалолов – (Өзбекстан).