29 Қаңтар, 2013

Аптаға созылған ақтүтек

474 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Аптаға созылған ақтүтек

Сейсенбі, 29 қаңтар 2013 7:07

Биылғы қыстың жылдағыға қарағанда қарқыны қатты, өңір тұрғындары мен жолаушыларды қыспаққа алып, күйзелтіп жіберді. Ең әуелі еліміздің барлық өңірлеріндегідей, екі апта бойы ақшұнақ аяз тұрып алды. Облыстың Секисовка ауылында температура 53 градусқа төмендеді. Көптеген аудандар мен қалаларда да аяз беті қайтпай, жолаушылар діттеген жерлеріне жете алмай діңкелері құрыды. Міне, бір аптадан асты, күн күрт жылығанымен, Алтайдың айға созылатын ақ бораны басталып кетті.

Сейсенбі, 29 қаңтар 2013 7:07

Биылғы қыстың жылдағыға қарағанда қарқыны қатты, өңір тұрғындары мен жолаушыларды қыспаққа алып, күйзелтіп жіберді. Ең әуелі еліміздің барлық өңірлеріндегідей, екі апта бойы ақшұнақ аяз тұрып алды. Облыстың Секисовка ауылында температура 53 градусқа төмендеді. Көптеген аудандар мен қалаларда да аяз беті қайтпай, жолаушылар діттеген жерлеріне жете алмай діңкелері құрыды. Міне, бір аптадан асты, күн күрт жылығанымен, Алтайдың айға созылатын ақ бораны басталып кетті.


23 қаңтарда Зайсан ауданына сапар­ға шықтық. Обалы нешік, Гидромет қыз­меткерлері қатты боран соғып, жолдар жабылу қаупі бар деп ескертсе де, әлде әуестік, әлде қызығушылық па, таң ата «Өскемен-Қалбатау-Көкпекті-Ақсуат-Зайсан-Май­­қапшағай» республикалық маңызы бар тасжол арқылы аттанып кеттік. Өскеменнен Жарма ауда­нының орталығы Қалбатауға дейін небәрі 111 шақырым. Бір сағат 20 минутте баратын аудан орталығына жету мұң болды. Ақ боран түтеп кетті. Мұның алдында да бірер күн боран соғып, өңірдің барлық аудандарына қатынау қиынға түскенімен, жарты немесе бір күнде баратынсың. Өскеменнен 50 шақырым асқан соң жолдар жабылып, көптеген автокөліктер сең соққандай, тіреліп қалды. Екі қуатты «Д-226» «Урал» көлігіне орналасқан қарды алысқа лақтыратын шнектер дамылсыз жұмыс істей бастады. Сонымен 111 шақырымдағы Қалбатауға бес сағатта жеттік. Таңғы сағат 7.00-де Зайсаннан шыққан, ішінде 40-тан астам жолаушысы бар автобус, барлығы жүзге тарта көлік жүргізушілері сол күні қамалып қалды. Абырой болғанда, Жарма ауданының әкімі Темірбек Қасымжанов жолаушылардың барлығын түрлі мекемелерге орналастырды. Өскеменге баратын жолаушылар ертеңінде Семей арқылы айналма жолмен екі тәулік дегенде жетіпті. Себебі, жылдамдығы секундына 30 метрге жететін қатты боран жолды жауып, тазарту қиынға соққан.

Зайсан ауданына да қар қалың түсіпті. Аудан әкімі Серік Зайнулдин алаңдаушылық білдіріп, әлі екі ай қыс болатынын білсе де, көктемгі тасқынның алдын алу шараларына кірісе бастапты. Ауданда қардың қалыңдығы 50 сантиметрден, тауларда 85 сантиметрден асады. Егер күн күрт жылыса қауіпті, сондықтан ауыл әкімдері дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың тапсырмасы бар, тасқынның алдын алуға жауапкершілікпен қарау керек, деп аудан әкімі Серік Зинабекұлы біраз жайлардан мағлұмат бере кетті. Ауданда жолдар қардан тазартылып тұрады, ондаған техника бөлінген, жанармай жетеді.

Жұма, 25 қаңтарда кері қайтуға қамдандық. Зайсанға қалың тұман түсіп, ұшақ бір күн ұшпай қалды. Қарияларға, емделуге бара жатқандарға қиын болды, олар амалсыз түнеп қалды. Ертеңінде ұшақ қатынады. Ақсуаттан әрі қарай бір күнде 40 сантиметрдей қар түсіпті. Жол аршылған. Бірақ, кейбір жерді қар басып қалған, орта жолда тіркемесі бар «КамАЗ»-дар батып қалғандықтан, айналма жерде көлікті итеріп шығуға тура келді. Сөйтіп, Көкпектіден Қалбатауға әупірімдеп әрең жеттік, арғы жағында жол жоқ. Бұл кезде дүлей боран құтырып тұрған. Осы мезетте Өскеменнен Қалбатауға, Қалбатаудан Өскеменге қарай екі-екіден төрт роторлы, итергіш көліктер жетегімен 500 машина қарама-қарсы жолға шықты. Біз мінген көлік Қалбатаудан әрі 5 шақырым жүрді де қайраңдап қалды. Кері қайтайық десек, көліктер иін тіресіп, бір-біріне жол беретін емес, тіпті шегінуге жол жоқ, төрт сағат тұрып қалдық. Зәреміз ұша бастады, жанармайдың жартысын жағып қойдық, таң атқанша айдалада қалсақ, үсіп өлетін болдық қой, бір амал жасап аттың басын Қалбатауға бұрайық деп жүргізуші жас жігіт Фархадты үгіттей бастадым. Сонымен елуге тарта көлік кері қайтты. Таңертең 8-де Өскеменнен шыққан көліктер Қалбатауға түнгі 12-де әрең жетті. Жол тазалап жатқан механизаторлар ұйқыны қойған сыңайлы, бірер сағат қана тынығып алады екен. Сонымен бірге, Көлік және коммуникация министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті Шығыс Қазақстан облыстық департаменті ММ директоры Сайранбек Бармақовтың іскерлігі мен ілкімділігі нәтижесін берді деуге келеді. Ол боран басталғалы аттан түспей, өңір басшысы Б.Сапарбаевтың жолдарды тазалау, жолаушыларға дер кезінде көмек көрсету жөніндегі тапсырмасын мұқият орындап жүр. Оның орынбасары Бақыт Қалымов тіпті Өскеменге жете алмай, айдалада түнеп шығуға мәжбүр болған. Облыс әкімінің орынбасары Айтқазы Шерубаев та Қалбатауға қарай боран басталған кезде жолдың жағдайын көремін деп ұзақ уақыт қар құрсауынан шыға алмаған. Сайранбек Солтанбекұлын жолда жолықтырдық, ол да мазасыз тірлік кешкен сыңайлы, жолаушылардың айдалада қалып қоймауына алаңдайды.

 «Несін айтасыз, биылғы қыс бәрімізге сынақ болды. Қолдағы техника, жанармай жеткілікті болғанымен, міне, екі ай өтті, боран екі күннің бірінде әлек салуда. Тіпті, «Өскемен-Риддер», «Өскемен-Шемонайха» жолдары да жабық, оны тазартып үлгере алмай жатырмыз. Боран сейсенбіге таман толастап, қатты аяз түседі деген болжам бар, деп С.Бармақов ағынан жарылды.

 Алтайда не көп, тау мен серпантин жолдар көп. Мәселен, «Өскемен-Зырян-Катонқарағай», «Өскемен-Самар-Күршім-Марқакөл» жолдары қауіпті. Сонымен бірге, Шемонайха, Бородулихаға баратын жолдар қыс түскелі жиі жабыла бастады, оны тазарту оңай шаруа емес. Соңғы бір айда ғана жүзге тарта қар көшкіні болды. Күн күрт жылынып, қар көшкіні қауіп төндіре бастады. Сондықтан осы сала қызметкерлері үшін қарбалас сәт туып тұр.

Қалбатауда сол күні екі жүз адам қонып шықты. Аудан әкімі Т.Қасымжанов барлығымызға жағдай жасады, түн болса да ыстық ас бергіздірді. Ертеңінде «Өскемен-Қалбатау» жолын ашуға мүмкіндік болмады, қатты боран жолды тазалағанмен жедел жауып тастады. Ақыры Шарға жетіп, кешкі пойызбен екі тәулік дегенде Өскеменге жеттік. Айтпақшы, сол күні «Өскемен-Семей» жолы қардан тазаланып, көптеген аудан тұрғындары айналма жолмен оралыпты.

27 қаңтарда Алтайда боран болды. Күн күрт жылынып, қар еріп, көшелерді су баса бастады. «Өскемен-Қалбатау», «Өскемен-Зырян», басқа да жолдар жабық, тазалап жатқанымен боран мүмкіндік берер емес. Ал дүйсенбіде де боран соғып тұр, қалың қар басып тастады. Жолдар жабық. Шығыста өзен-көлдер көп, ертең қар еріген кезде тасқын су қаптамас үшін қазірден бастап дайындық жұмыстарына кірісе бастасақ, ұтылмаймыз. 2010 жылғы 17 наурыздағы бір күнде Тарбағатай, Күршім елді мекендерінде қатты тасқын судан 600 үйдің қирап, мыңдаған малдың опат болғанын ұмытпайық, ағайын. Биылғы қыстың беті жаман, ауа райы да сан құбылып тұр. Сақ болайық!

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы.

–––––––––––––––––––––––––

Суретті түсірген автор.