05 Ақпан, 2013

Көршіңіз кім?

323 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көршіңіз кім?

Сейсенбі, 5 ақпан 2013 7:19

Біз оны Женя дейміз. Аула­мыз­­­дағы ең ақкөңіл адам да, сірә, осы ұзын бойлы ақсары жігіт ағасы шығар. Қараторғайдың ұя­сындай кеудеңді қысқан пәтерден бас сауғалап, есіктің алдындағы орындыққа отырсам, авто­тұ­раққа көлігін «қаңтарып» келе жат­қан ол анадай жерден қол бұлғап, аңқылдай амандасады.
Кісілер, әдетте, амандасқан соң көп аялдамай өтіп кетеді ғой, ал ол қол алысып, хал-жағдай сұраспайынша көңілі көншімейді. Және өзімсінгендей қасыңа жалп етіп отыра кетіп, ертелі бері қайда барғанын, не істегенін тәптіштей бастайды.

Сейсенбі, 5 ақпан 2013 7:19

Біз оны Женя дейміз. Аула­мыз­­­дағы ең ақкөңіл адам да, сірә, осы ұзын бойлы ақсары жігіт ағасы шығар. Қараторғайдың ұя­сындай кеудеңді қысқан пәтерден бас сауғалап, есіктің алдындағы орындыққа отырсам, авто­тұ­раққа көлігін «қаңтарып» келе жат­қан ол анадай жерден қол бұлғап, аңқылдай амандасады.
Кісілер, әдетте, амандасқан соң көп аялдамай өтіп кетеді ғой, ал ол қол алысып, хал-жағдай сұраспайынша көңілі көншімейді. Және өзімсінгендей қасыңа жалп етіп отыра кетіп, ертелі бері қайда барғанын, не істегенін тәптіштей бастайды.

Біраз болды, біздің Жекең шағын дүкен ашудың шаруасымен әуре болып жүр. «Әуре болып» дегенде, тоңмойын ше­неу­ніктердің кедергілеріне тап болып, қиналып жүрген жоқ, жеке игіліктің ісімен де шаршаудың бір рахаты бар емес пе, оныкі – сол.
Жақын жердегі көп қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатынан пәтер сатып алып, соны әйелі еке­уі балалар киімін сататын дү­­кенге айналдырды. Женяның отбасының көп күні соны жөн­деп, әрлеудің сарсаңымен өтті. Ал­матыдағы автосалоннан су жа­ңа «джип» машинасын сатып алып келген күнгі қуанышын тәптіштемесек, енді, міне, сол ба­­лалар киімдеріне арналған дү­ке­нінің жұмысын тиянақтап, алғашқы сауда-саттықтарына да кірісіп кетті.
Оқырмандар ойлап отырған шығар, Женя деп «желпілдетіп» отырғаны, бір дөкей кәсіпкердің еркесі шығар деп. Жоқ, қайдағы, Жекеңнің мамандығы кәдімгі дә­некерлеуші. Тоқсаныншы жыл­дардың соңына қарай қыр­ғыз­дардың Киров су қоймасының жағасынан салынған жағажайда құрылысшы дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүретін. Одан кейін химия зауытына ауысты.
Женямен әңгімелесу көр­ші­лерге де ұнайды. Оның аузын ашса жүрегі көрінетін ақ көңілділігін білетін бір көрші:
– Жеке, Санкт-Петербургтегі қызыңа айтшы, біз жақында сол жаққа барғалы отырмыз. Эр­митажды аралатып, Қысқы сарайды көрсетсін. Нева бойын жағалатсын. Әйтпесе, кім біледі, бөтен қала, танымайтын адамдар, – дейді жорта күмілжіп.
Женяның аспан түстес көзі күлімдеп, екі езуі екі жағына жайыла түседі.
– Жоқ, ол жақта ешкім тиіс­пей­ді. Мен жақында барып қайт­тым. Көшеде келе жатсам, алдымда «Алға, Қазақстан!» деген жазуы бар футболка киген бір қазақ жігіті кетіп бара жатыр. «Қайдансың?» десем, «Алматыданмын» дейді. Сіздер қашан барасыздар?
– Құдай қаласа, келесі жылы деп отырмыз.
– Онда уақыт бар екен. Бі­ле­сіз бе, Санкт-Петербургте Жам­­­­­былдың көшесі мен ес­керт­­кіші бар. Мен қасына суретке түстім.
Женя Қазақстанға кезінде Алтай өңірінен көшіп келген. Ресейдің Кемеров облысын жиі есіне алады. Қазақтан шыққан губернатор Аман Төлеевті қатты құрметтейтіндердің бірі.
Бірде Женя жүргізушілік куә­лігін көрсетіп, желпініп отыр­ғанда, оның ата-тегінің «Шкедов» екенін байқап қалдым:
– Оу, Жеке, мынау орысша фамилияға ұқсамайды ғой.
– Дұрыс айтасыз. Мұндай аты-жөндер поляктарда кездеседі. Ертеректе қуғын-сүргін көрген поляктардың бір парасы Алтай барып тұрақтаса керек.
Осыдан бес-алты жыл бұ­рын болар, мені Жекеңнің қат­ты «қорқытқаны» да бар. Әдет­тегідей ауладағы орындықта әң­гіме-дүкен құрып отырғанбыз.
– Алтайға көшем-ау деймін, – дейді Жекең ай-шай жоқ.
Түріне қарасам, күйкі тір­лік­тен әбден қажыған адам. Қа­заққа тән қалпы бар, жайдары Женяның ол жақта көршілерін сағынып көңілі бұдан да жаман құлазитынын ойлап:
– Қой, олай деме. Бұл жақта кімнен жамандық көріп отырсың? – дегенмін.
– Жә, мына өнбейтін тірлік шаршатып жіберді.
Шынында ол бір Женяның жұмысы жүрмей, табысы өнбей, кейде «сілтеңкіреп» те қоятын кезі еді. Сондықтан сабырға ша­қыруға тура келді.
– Ол жақтағылар жетісіп жүр дейсің бе? Әне, кезінде Гер­манияға, Ресейге көшіп кеткендер қайта оралып жатыр. Тіпті, көршілерімен жылап көрісуде. Сен де солар құсап ары-бері сандалмай тұрғаныңда өзіңді өзің қолға ал, шаруаңды түзе.
Евгений үндеген жоқ. Енді, міне, сол Женя-Жекең көршілері мінбеген «темір тұлпарды» мініп, көршілерінің түсіне кірмеген шағын дүкеннің қожайыны болып шыға келді.
Бірде теледидардан Елба­сының: «Мен халқымның қолында үш кілті – пәтерінің, мәшинесінің және жеке меншік кәсіпорнының кілті болғанын армандаймын», деген сөзін естіп едім. Біздің Жекең Елбасының сол арманына қол жеткізген қазақстандықтардың бірі. Елдегі ауызбірліктің, тату­лықтың, тыныштық пен беймарал тіршіліктің және ақ-адал еңбегінің арқасы, әрине.
Бір қызығы, дүние бітсе де Евгенийдің мінезі сол қалпы. Кө­лігін «қаңтара» салады да көр­­­шілерге сәлемдесіп, қайда бар­­ғанын, не істегенін ежелгі әде­тімен тәптіштей бастайды.
Өз басым әлі күнге дейін мұндай елгезек, мұндай ақжарқын көршіні кездестірмеппін. Шіркін, қазақстандықтардың бәрі біздің Женя-Жекеңдей болса ғой.
Айтпақшы, сіздің көршіңіз кім?
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
ТАРАЗ.