Аймақтар • 01 Мамыр, 2019

Ақ Жайықтық ару аналар жастармен кездесті

1089 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Nur Otan» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалы «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында еңбек ардагері, көп балалы ана, «Ару аналар» ансамблінің жетекшісі Клара Саржановамен кездесті.

Ақ Жайықтық ару аналар жастармен кездесті

- Біздің «Ұрпақтар сабақтастығы» атты жобамыз 2013 жылы басталды. Оның басты мақсаты – аға буын ұрпақ өкілдерімен, ардагерлермен кездесіп, олардың тәлім-тәрбиесін алу, тәжірибесін естіп, өсиетін тыңдау, оны өмірде пайдалану болатын. Тұңғыш Президентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жастарға патриоттық тәрбие беру, салт-дәстүрімізді, мәдениетіміз бен бірегей ұлттық кодымызды сақтау сияқты маңызды басымдықтарға ерекше тоқталды ғой. Астанада Елбасының қатысуымен өткен жастар форумында өскелең ұрпақты ардагерлерді ардақтауға, қадірлей білуге тәрбиелеу қажет екендігін атап өтті. Сондықтан өңіріміздегі еңбек ардагері мен белсенді студент жастарымыздың кездесуін тұрақты өткізіп келеміз. Бүгінгі шараға қонақ ретінде патриоттыққа, бірлікке үндейтін әндерін әуелетіп жүрген көп ұлтты «Ару аналар» ансамблі мүшелерін таңдап алдық, - дейді Жас Отан» Жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Нұрғали Жолдасқалиев.

Құрамында 15 мүшесі бар «Ару аналар» ансамблінің ең егде әншісі 92 жаста екен. Ансамбль жетекшісі Клара Бақтығалиқызының өзі де 83 жаста. Республикалық Ардагерлер Кеңесінің мүшесі Клара Саржанова әлі күнге дейін өңірдегі қоғамдық істердің бел ортасында жүреді. Осы кездесуде де жиылған жастарға өзінің өмір тәжірибесі, басынан кешкен оқиғалары туралы айтып, ақыл-кеңесімен бөлісті.

- Мен қазіргі жастарға, әсіресе қыз балаларға білімді болуға ұмтылыңдар! - дер едім. Оқыған қыздың, білімді адамның қашан да бәсі биік болады. Сонымен бірге, ұлттық тәрбиені, халқымыздың салт-дәстүрін де ұмытпау қажет, - деген Клара Бақтығалиқызы. Өз өмірінен нақты мысалдар келтіріп, әңгімесін әзілмен әрлеп сөйлейтін әженің лебізі студент жастарға қатты ұнады.

«Ару аналар» ансамблін Клара Саржанова «көп балалы, көп ұлтты аналар тобы» деп атайды. Шынында да топ құрамында қазақтан бөлек украин, грек, татар, орыс ұлтының өкілдері жиналған. «Халық ансамблі» атағын жеңіп алған топтың репертуарында отан, туған жер, отбасы тақырыбындағы патриоттық әндер өте көп екен.  

- Қазақ әндері өте әуезді, жаныма сондай жақын. Өзім өмір бойы қарапайым қызмет еттім. «Ару аналар» тобына қосылуым қызық болды. Жетекшіміз Клара Бақтығалиқызымен маған «Алтын алқа» белгісін табыс еткен салтанатты жиында алғаш таныстым. Мені көрген бойда-ақ «Галя, сіз ән айта білесіз бе? Біздің топқа қосылыңыз!» деген ұсыныс айтты. Әрине, бірден келістім. Сол күннен бері менің екінші өмірім басталғандай болды, - дейді 7 баланың анасы, 15 немере, 1 шөбере сүйіп отырған Галина Зенчурина. Ол «Оралым – достық қаласы» әнін ерекше шабытпен шырқады.

Топтың тағы бір мүшесі, «Алтын алқалы» Мәншүк Ермұқанова Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда қыздар училищесінде Мәдина Ерәлиевамен бірге оқыпты. Жастық шағын, студенттік өмірін қызықты баяндап берген Мәншүк апай да ғибратты әңгімесімен жастарды баурап алды. «Мамандық таңдауда және жар таңдауда жаңылмаңыздар, жастар! Еңбектен қашпаңыздар, үлкенді сыйлаңыздар! – дейді әнші әже.

«Ару аналар» ансамблінің көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері Әділбек Сүлейменов – ел арасында 40 жылдан аса шырқалып келе жатқан белгілі «Әке туралы әннің» авторы. «Ару аналар» ансамблінің ерекше өнерімен көпшілік ықыласына бөленіп жүргені де осындай кәсіби жоғары деңгейінен дер едік. «Жас Отан» коворкинг орталығында өткен кездесуде де әсерлі әндер шырқалып, кештің көркін кіргізді. Әсіресе студент қыздарға бұл кездесудің ұнағаны сондай, әнші әжелермен тағы бір кездесіп, қыз тәрбиесі, отбасы құндылықтары тақырыбына оңаша әңгіме жасауға уағдаласып тарасты. 


Батыс Қазақстан