Айтулы жарыста Анна бес дүркін рингке көтеріліп, оның екеуін мерзімінен бұрын аяқтаған екен. Жаттықтырушы Альберт Алдияровтың айтуына қарағанда, Аняның бұл жекпе-жек сайыс түрімен айналысқанына көп бола қоймапты.
«Азғана уақытта джиу-джитсу сияқты күрделі сайыс түрін Анна Водолазова жап-жақсы меңгерді. Болашақта бұл қыз еліміздің көк туын көкке көтерері сөзсіз. Мен бұған толық сенімдімін», дейді Альберт мырза.
Жетімдер үйінің директоры Гүлмира Қондыбаеваның сөзіне құлақ түрсек, балғын спортшы мекеме қабырғасында биыл бесінші жыл тәрбиеленіп жатыр екен. Қаладағы №70 орта мектепте оқиды. Сабақ үлгерімі жақсы. «Жоғарыдағы мәртебелі жарысқа тоғыз шәкіртіміз барды. Аня алтыннан алқа тақса, тағы бір тәрбиеленушіміз Люба Темникова үшінші орынға ие болды. Екеуі де жетім қыздар. Люба қазақ мектебінде оқиды, қазақ тілін және салт-дәстүрін жақсы біледі, спортты жақсы көреді. Екеуі де өте ақылды қыздар», дейді мекеме басшысы.