Руханият • 01 Мамыр, 2019

Тіл тарихының тарланы

2004 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша бітіріп, әдебиеттану ғылымының асқан білімпазына айналған ғалым қайраткерлер бар, ақындық өнердің өріне шыққан өнерпаздар да аз емес. Ал енді университетті журналистика мамандығы бойынша бітіріп, түркология ғылымының түркі тілдері бойынша тұрлаулы тұлғаларының бірі Қазақстан ғылымында, қателеспесем, жеке-дара біреу ғана. Сол жеке-дара саңлақ – Берікбай Сағындықұлы.

Тіл тарихының тарланы

Берікбай Сағындықұлының журналистикадан тіл біліміне, түркология ғылымына келуінің ғибратты тарихы бар. Ғылым академиясында қызмет істеу туралы мақсатына сай Бекең 1971 жылы Академияның Тіл білімі ғылыми-зерттеу институтына келеді. Алдымен бөлім меңгерушісі, профессор Ахмеди Ысқақовқа жолығып, көздеп келген мақсатын айтады. Ол кісі: «Біздің бөлімде бос орын жоқ. Ал аспирантурада орын болып қалуы ықтимал. Институт директорының орынбасары Әбдуәли Қайдаровқа барыңыз», – деп кеңес береді.

Республиканың бас газетінде он жыл қызмет істеп, кісімен сөйлесудің, пікірлесудің, кеңесудің жөнін, ретін жете біліп, бұл бағытта жеткілікті тәжірибе жинақтап алған Бекең сөз ретіне қарай өз тілегін білдіреді:

– Аға, «танымасты сыйламас» деген, бастығыңыз бар орынды жоқ деп айтып қалса қайтем? Айып болмаса, өзіңіз ертіп барсаңыз.

Ахмеди Ысқақов Бекеңе:

– Ол жігіт бір кезде менің шәкіртім еді, – деп жымиып күліп, Берікбай Сағындықұлын институт директоры орынбасарының алдына алып барады.

Бекеңнің ғылымдағы жолы осылай ашылды. Көп ұзамай түрколог ғалым Әмір Нәжіпұлы Нәжіптің ғылыми жетекшілігімен зерттеу жұмысын бас­тады.

Берікбай Сағындықұлы Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі ғылыми-зерттеу институтының тапсырысымен КСРО ҒА Шығыстану институтының аспирантурасын ойдағыдай бітірді, 1977 жылы Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінің профессоры, фило­ло­гия ғылымдарының докторы, атақ­ты түрколог ғалым Ә.Нәжіптің ғы­лы­ми жетекшілігімен филология ғылым­да­ры­ның кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін «ХІV ғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің салыстырмалы лексикасы» деген тақырыпта диссертация қорғады. Бұл Қазақстан тіл білімі саласында бұрын зерттелмеген, әлеуметтік мәні зор, өзекті тақырып еді. Жас ғалым «Махаббат-нама», «Хұсрау мен Шырын», «Гүлстан» ескерткіштерінің лексикалық бірлік­те­рін өзара салыстыра зерттеу негі­зін­де ғылыми маңызы жоғары, ірі мә­се­­лені шешіп, түркологияның тео­рия­­сы мен тарихы туралы ғылыми қағи­далардың қорын жаңа ойлармен, жаңа тұжырымдармен байытты. Сөйтіп түрко­логия ғылымының кең-байтақ кеңіс­тігіне шықты.

1975-1979 жылдары Берікбай Сағындықұлын ғалым әрі әдеби және ғы­лы­ми стильдің білгірі ретінде Ғы­лым акаде­миясы арнайы қалап алып, «Ғылым» баспасына әуелі редактор, сонан кейін редакция меңгерушісі қыз­ме­тіне тағайындады. Бекең «Ғылым» баспасының жұмысын өз редакция­сы бойынша жаңа сапа деңгейіне көтерді, өзі де тәжірибесін байытып, ғылыми-зерттеу өрісін кеңейтті. 1979 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасына ұстаздық қызметке келгенде, ол түркология, қазақ тіл білімі саласындағы зерттеулерін ғылыми қауым жете таныған белгілі ғалым еді. 1994 жылы «Қазақ тілі лекси­ка­сы дамуының фонологиялық заңды­лық­та­ры» деген тақырыпта ғылым докторы ғылыми дәрежесін алу үшін докторлық диссертация қорғады.

Аталған монографияда ғалым қазақ тілі лексикасының ішкі даму заң­ды­­лықтарын, түбірлердің ғасырлар бойы өзгеру, қалыптану, бір қалыптан екінші қалыпқа көшу эволюциясын орта ғасырлардағы жазба әдеби ескерткіштер негізінде қарастырды.

Берікбай Сағындықұлы қазақ тілінің лексикологиясы, тіл тарихы, тарихи фонетика, түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы лексикасы, түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы грамматикасы, көне жазба ескерткіштер, теология мәселелері бойынша үш жүзден аса еңбек жазып, жариялады. Олардың ішінде он екі оқу құралы, үш монография – түркологиядағы, қазақ әдеби тілінің тарихы мен теориясындағы ғылыми және қолданбалы маңызы зор еңбектер.

Түрколог ғалымның тіл тарихы мен теориясы саласындағы іргелі зерт­­теулерінің айрықша сындарлы сала­сы – түбіртек теориясы. Зерт­теу­­ші силлабофонемалар, ежелгі тү­бір­тек­­­тер, олардың тұқылдары тура­лы өзі­нің теориясын жасады. Сол теория көмегімен дыбыстар (дауысты, дауыссыз) деңгейінің өзінде тамыры терең құбылыстардың сыны мен сырына бойлады, й-дж-ж-т-д... дауыссыз дыбыстар сәйкестігінің түптегін, архетипін, байырғы фонемалар мен морфемалардың қалыптану кезеңдерін анықтады. Тілдегі аффрикаттардың тарихқа белгісіз ескі дәуірден қазіргі қалпына дейінгі даму үдерісінде бастан өткерген төрт кезеңін, ол кезеңдердің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін анықтады, сөз құрамындағы өзгеру механизмдерін айқындайтын басты заңдылықтарды ашты.

Түбіртектердің түркі халықтары тілдерінің даму тарихында тұлғалық, мағыналық жағынан жіктелуі мен бөлшектену жүйесі, өзге түбір­тек­тер­мен бірігу және кірігу жолдары – күрделі, күрмеуі көп, қиын ғылыми мәселе. Тіл білімінің тарихы мен теориясындағы арғы-бергі кезеңдердің жетіс­тіктерін, сан алуан амал-тәсіл­де­рін басқа ғылым салаларының жетістіктерімен сабақтас пайымдай отырып, зерттеуші бұл сала­да да үлкен ғылыми нәти­же­лер­ге жетті. Бір дауысты мен бір дауыс­сыз­дың тіркесінен тұра­тын кейбір түбіртектер тарихи даму барысында тұлғасы жағынан өзге­­­рістерге түс­ке­німен, ілкідегі лек­­си­­калық немесе грамматикалық мағы­­насын сақтап қалатыны тура­лы ма­ңызды ғылыми тұжырым жасады. Белгілі бір ұғым негізінде туған мағы­наларды білдіретін түбір­тек­тер­ді топтастырып, олардың даму тари­хы­ның кезеңдерін өрнектеді. Осы бағыттағы ізденістерінің бірінде автор АТ[С/Ш]~Т[С/Ш]А түбір­тек­те­рі­нің тарихын таразылайды, олардан пайда болған ац-ца, ач-ча, ат-та, ас-са, аш-ша түбіртектерін сараптайды, осы түбіртектердің қай-қайсысы да күн ұғымының негізінде туындаған мағы­на­ларды білдіретіні туралы ғылы­ми пікі­рін дәйектеді.

Зерттеушінің белгілі бір нәтижеге жетуі – басты көрсеткіш. Оны айту маңыз­ды. Сонымен қатар, әсіресе, көп­шілік қауым үшін сол нәтижеге жету жолындағы ғылыми-зерттеу үдерісін, ол үдерістің мазмұнын, мәнін, тіпті кейбір нақты бөлшектердің, ұсақ тетіктердің қызметін білу де маңызды. Осы жайларды ескеріп, Берікбай Сағындықұлы жоғарыда көрсе­тілген АТ[С/Ш]~Т[С/Ш]А түбір­тектерден таралған туынды түбір­тек­тер­дің күн ұғымының негізінде пайда болған мағыналарды білдіруінің сырын тілдік фактілерді тарихи-салыс­тыр­малы жүйеде талдау арқылы түсін­діреді. Күн сөзі фонетикасы, мор­фо­ло­гиялық құрылымы, семантикасы жағы­нан жүйесі басқа-басқа тілдерде де бірдей формада, бірдей мәнде қолда­ны­ла­ты­ны­на көз жеткізеді.

Зерттеу жұмыстарының бір қырын ға­лым лақ сөзі деңгейінде ашады: бастап­қы түрі «оғуллақ» болып айтыл­ған лақ сөзінің этимологиялық негізін мына­дай иерархия бойынша пайым­дай­ды: оғул-лақ → оғу-лақ → оғы-лақ → о-лақ → ұ-лақ → ы-лақ → лақ. Осы үлгімен зерттеуші қазақ тілін­дегі лексикалық бірліктердің эти­мо­ло­гия­лық тарихының тұтас бір жүйесін анықтайды, зерттеу нысанына алынған әр сөздің, түбіртектің түп-тұқиянынан қа­зіргі қалпына дейінгі қалыптану жол­дарын, оларға тән заңдылықтарды ашады.

Қазақ тілінің Т[C/Ш], ТС(ц), ДЗ, ТШ(ч), ДЖ және басқа аффрикаттарын қазіргі қалпынан түптегіне дейін барлап, түптегінен бері қарайғы қалыптану кезеңдерін кезең-кезеңге бөліп саралау, түркі тілдерінің (отыз­ға жуық тіл) тарихи даму кеңіс­ті­гін­де салыстырмалы талдау, олар­ды зерттеудің жолын, әдістері мен тәсілдерін табу, олардың туу, қалып­тану, даму заңдылықтарын ашу – зерттеушіден түркологияның тарихы мен теориясы бойынша терең білімді, іргелі ізденісті, ерен еңбекті талап еткен өте күрделі, көпқатпарлы, инемен құдық қазғандай қиын жұмыс.

Зерттеуші байырғы түбірлер мен қо­сым­шалардың арасындағы сабақ­тас­­тық­тарды қарастыра отырып, кей­бір дербес сөздердің жұрнаққа немесе жал­ғауға айналу үдерісінің кезең­де­рін анық­тау мен көне түбірлер мен жаңа түбірлердің генетикалық ішкі байланыс­тарын салалап, саралауда да елеулі жетістіктерге жетті.

Ғылымда заңдылық деңгейінде қалыптасқан күрделі де іргелі құбы­лыс­тың ақиқатын оның бөлімдері, бөлшектері деңгейінде анықтау мүмкін емес. Мұндай құбылысты түгел қамтып, оның заңдылығын құрамдас бөлімдері мен бөлшектерінің өзара байланыстары, қатынастары, тұтастығы жүйесінде зерт­теу ғана ойдағыдай нәтижеге алып келеді. Берікбай Сағындықұлы түбір­тек­тер туралы теориясын осындай мето­дологиялық ұстанымға, пәнаралық зерт­теу қағидаларына, математикалық логика, математикалық модельдеу қисындарына сүйене отырып жасады.

Зерттеуші түркология, қазақ тіл бі­лімі саласында іргелі зерттеу жұ­­­мыс­тарын жүргізумен қатар, орта ға­сыр­дағы жазба әдеби ескерт­кіш­тер­­дің транскрипциясын, аудармасын, түсіндірмелі, алфавитті, кері алфа­витті жиілік сөздіктерін жасап, баспа­дан шығарып, олардың кең ауқымдағы ғылыми айналымға түсуіне атса­лысты. Орта ғасырдың жазбаша ескерт­кіш­те­рін түпнұсқадан оқу, дәлме-дәл аудару, әр сөздің мағынасын ашып, сөздік құрастыру – ғалымның кәсіби құзы­реттілігінің саралығын тағы бір қы­ры­нан танытты.

Ғалымның Ахмед Йүгінекидің «Һибат-ул хақайиқ» (Ақиқат сыйы) дас­та­­ны­ның транскрипциясын, аудар­­­масын жасауы, зерттелу тарихын зерделеуі, ғылыми сипаттамасын жазуы, лексика-грамматикалық ерекше­ліктерін анықтауы, түрікше-орысша-қазақша, арабша-орысша-қазақша, парсыша-орысша-қазақша сөздіктерін беруі – өз алдына аса аумақты, жауапкершілігі мол және игілікті жұмыс.

Түрколог ғалымдардың арасында Ахмед Йүгінекидің «Һибат-ул хақайиқ» (Ақиқат сыйы), Махмұт Қаш­қаридың «Диван-у лұғат-ит турк», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармаларының қарлұқ-ұйғыр тілінде жазылғаны туралы пікір­дің барын айта келіп, ғалым бұл пікірдің қателігін бұлтартпас тілдік факті­лер­мен дәлелдеді.

Сондай-ақ Рабғузидің «Қиссас-ул анбийа» еңбегін зерттеп оқу, зерде­леп түсіну Берікбай Сағын­дықұлы­ның ғылыми зерттеу­ле­рі­нің өрісін кеңейтті. Тео­логия сала­сын­дағы «Ғаламның ға­жайып сырлары» атты іргелі еңбегі, Қорқыт атаның өмірі мен шығар­ма­шы­лығы, ойшылдығы туралы ойлары мен толғаныстары ғалымның ғылыми шығармашылығының айрықша айдынды арнасына айналды.

Берікбай Сағындықұлы Әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­си­­тетінде аға оқытушы, доцент, про­фес­сор, кафедра меңгерушісі, дис­­сер­та­циялық кеңестің мүшесі, кеңес төраға­­сының орынбасары, кеңес төрағасы ретінде ұзақ жылдар бойы ұс­таздық етіп, онға тарта жаңа және арнаулы оқу пәндерін өндіріске енгіз­ді. Отыз­дан астам ғылым кандидаты мен докторларын даярлады. Қазақ тіл білімінің, түркологияның, қазақ фило­ло­гия­сының дамуына зор үлес қосты.

 Бүгінде сексенге келген дара тұлға алды-артына сеніммен қарап, ұстаздық және ғылыми-шығармашылық еңбегін табысты жалғастыруда.

Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Абай институтының директоры