Руханият • 01 Мамыр, 2019

Бас басылымның басшылығында болғанымды бедел санаймын

1209 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Саналы өмірінің, шығармашылық ғұмырының мәуесі мол ең жемісті шағын елдің басты басылымына сарп етіп, жүрегінің нәрін, жүйкесінің сөлін сығып берген жанның бірі менмін. Табаны күректей он жеті жыл бір басшысы болып, сонау сөз бостандығы бұғалықталып, еркін ойға шідер салынған тұста тілі қасаңсып, үні бәсеңсіп, пәрмені пәс тарта бастаған газетті таптаурын тұйықтан ағытып, тың өрістерге шығаруға шама-шарқымша атсалыстым.

Бас басылымның басшылығында  болғанымды бедел санаймын

Он жеті жыл жай айтуға ғана. Ол менің төре газеттің төріне озып, бас редактордың орынбасары, бі­рінші орынбасары ретінде ұжым­ға жетекшілік жасап, ресми­ тұр­ғыдан қызмет атқарып, еңбек ет­кен мерзімім. Әйтпесе басты басы­лыммен байланысым ту алыс­та жатыр. 1956 жылдың жел­­тоқсан айында тырнақалды «Ақ­­көл» атты өлеңімді жария­лап, ақындық қадамымның, ақ­еділ қаламымның тұсауын тұң­­­ғыш кескен ұлық үнжария осы. Содан бері соншалық жиі бол­ма­ғанымен, ара-тұра жаз­ған­да­­рым­ды бастырып, араласып отыр­дым. Мұны мен қашан да бел кө­ріп, бедел тұтамын. Мен үшін бұл мейірімі мол, пейілі кең пара­сат мектебі, айтқаны айнымас заң сияқты. Күні бүгінге дейін басқар­масынан түскен тапсырыс болса, жаны-құтым қалмай, қашан қалтқысыз орындағанша, ты­ным таппаймын.

Менің ғана емес, мыңдардың, мил­лиондардың мерейлі мек­те­бі болған бұл басылымға деген ынта-ықыласым сонау ба­лаң күннен-ақ бөлек. Сол үшін бая­ғы­да бір опық жей жаз­дағаным да бар. Сегізінші сы­нып­­та оқып жүрген кезімде үл­­ге­рімі жақ­­­сы оқу­шыларды ко­м­сомол қа­­тарына алу үшін аудан­дық жас­­тар ұй­ымының бас­­шысы шал­­­ғай­дағы ауыл мек­те­біне өзі кел­­ді. Бір аяғын майдан дала­сын­да Отан үшін беріп келген, еңгезердей қарасұр жігіт екен. Жасанды аяғын көсіле тас­­тап таяқпен жүреді. Мектеп ком­­сомол комитетінің, пионер ұйымының жетекшілерін және бір жас мұғалімді ала отырып, үміткерлермен жеке-жеке әң­гі­мелесті. Сын сағат маған да жетті. Сұрай қалса, сонау Мәс­кеудегі Михайловтан бас­тап, Алматыдағы Қанапин, облыс­та­ғы Досаев, аудандағы мынау Мұқымовқа дейінгі комсомол басшыларының аты-жөнін жатқа білемін. Жоқ, бұл оларды емес, ата-тегімді сұраудан бастады. Алдымда жа­уап бергендердің бәрі жеті атамыздан бері жалшы бол­ған кедейлерден деп ызамды кел­­тірген. Сонан болар мен:

– Асып кеткен бай да емес, отқа қарап отырған кедей де емес, орта шаруаданмын, – деп сарт еткіздім.

– Ә, отқа қарап отырған кедей де емес дей­сің бе?! – деп мырс етті хатшы.

– Газет оқисың ба өзің? Оқи­ты­­ның қандай газет?

– «Социалистік Қазақстан».

Онда биыл жазда Ашхабадта не болғанын айтшы. Ашхабад қандай қала екенін білесің бе?

– Білемін. Түрікменстанның астанасы. Бірақ барған да, көрген де қалам емес. Сондықтан онда не болғанын қайдан білемін, – дедім мен де жүнім жығылмай.

– Газетте жазған оны. Алапат жер сілкі­нісі болып, алты жүзге тарта адам опат болған. Ондай оқи­ға­ларды біліп отыру керек. Ал­айда етің тірі бала екенсің, сені комсомол қатарына алайық, – деді хатшы суық түсін сәл жылы­тып.

Осылай арқа тұтар аға басы­л­ым­ды айтамын деп, нардан жы­ғыла жаздағаным бар. Газет ақтар­ғанда алдымен дәйім өлең, әңгіме, фельетондарын теріп оқып, саясат жағына мән бер­мей­ті­німді несіне жасырамын. Сол дағдыдан әлі де арылып кеткенім жоқ. Қазір әйтеуір танымдық, тал­дамалы дүниелерді іздеп, со­ларға көбірек зер салатын бол­дық. Бас басылым сондай мәсе­ле­лер­ге арна ашып, тарихымызды тірілтуге ден қойғаны бір ғанибет болды. Баяғыдан бері күткеніміз осы емес пе еді.

Біз деп отырғаным – сап­ты­аяқ­тың сабынан қарауыл қа­рап бұлтартпайтын пар­тия­лық бақылаудың әсіре күшті ке­зін­дегі журналистердің жанкешті буыны. Күндіз мақала өңдеп, түнде бет қарап, таң ата қол қойған газетін ертеңіне Үлкен үйден «қырағы көздер» қашан «дұрыс екен» дегенше ұстараның жүзінде жүргендей күй кешетінбіз. Талабы зор, салмағы зіл сол жүргеннен сытылып шыға алмай жүргенде 1973 жылы басымды жауапкершілігі бұрынғыдан бетер шынжыр ноқтаға салуға тура келді.

Алдында аға газеттің бас ре­дак­торының бірінші орынба­сары қарымды қаламгер, қабілетті публицист Сапаржан Хайдаров қайтыс болып, орны біраз уа­қыт­тан бері бос тұрған-ды. Басылым басшысы білімдар да бия­зы, сарабдал да, салиқалы, сырбаз аза­мат Ұзақ Бағаевтың қалауы астаналық облыстың газетінде бірінші орынбасар болып жүр­ген маған түскен соң оның орын­басары болуға келісімімді бер­генмін. Орталық партия коми­те­тінің бөлімдерінен, тиісті хатшы­лардың алдынан өтіп, келесі аптада болатын бюрода бекі­ті­ле­йін деп тұрғанда Ұзекең кенет өмірден өтіп кетіп, менің мәсе­лем кейінге ысырылды.

Ақыры, араға екі-үш ай салып, Бас редакторлыққа белгілі журналист, білікті ұйымдастырушы, партия­­лық жұмысты ұзақ істе­ген бе­делді қайраткер Сапар Бай­жа­нов бекітілді де, оншақты күн­нен соң біріміз орынбасар, біріміз жауапты хатшы болып Мыңбай Ілесов екеуіміз келдік. Алты ай бойы үш бірдей басшысы болмай, жалғыз қалған бір ғана орынбасардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып әбден ығыры шыққан алакөңіл ұжым бізді жаман қарсы алған жоқ. Жылы сөз естімей жетімсіреген жазарман жігіттердің ендігі үміті жаңа басшылықта екенін біз де сездік.

Шынын айтқанда, газеттің жағдайы да мәз емес еді. Мазмұны жұтаң, мағлұматы аз, әйтеуір ҚазТАГ-тан түсетін ресми материалдармен сықиып шыға береді екен. Авторлық толғаулар беру, көкейтесті мәселелер көтеру, тың тақырып табу жағы жоқтың қасы. Штаттағы қызметкерлердің мін­деті жазу емес, еңбекшілер ха­тын қорытып, пікірлерін ұйым­дастырып, газетті қатесіз шы­ға­ру деген жаңсақ қағида бел алып, олардың өз жазғандарына орын сирек берілетін болған. Соның салдарынан бұрын әр­ал­уан басылымдарда көрініп жүрген Әділ, Әнуар, Дәрібай, Ғалымжан секілді тәп-тәуір жас журналистер дағдарып қалған. Тіпті, меншікті тілшілердің өз жазғандары жарияланбай, айлап жатады екен. Олардың да міндеті жазу емес, еңбекшілер пікірін ұйымдастырып, солардың атынан материал жіберу деп қадап қойған. Осындай «ұйым­дас­ты­рудың» нәтижесінде диқан ғалымша, шопан ақынша, малшы маманша, құрылысшы сәулетшіше сөйлейтін, бір-бірі­нен егіз-тамшыдай айнымайтын мақалалар қаптап кеткен.

Әлгі айлап жатып қалған мате­риал­дардың арасынан Көкше­тау облысын­дағы меншікті тілші, ақиық ақын Еркеш Ибраһимнің төрт тірке­ме­мен астық таситын атақты жүргізуші Жәмшит Қожантаев туралы өлең-очеркі шыға келді. Оны оқи сала бас редактор кезекті бас мақаланың орнына салғызды. Бұл тілші жазған жақсы материал жатпай­ды деп, он тоғыз облыстағы өкі­летті өкілдерімізге берілген бел­гі еді. Содан бастап тиісті бөлім­деріммен қоса меншікті тіл­ші­лерге де жетекшілік ету ма­ған жүктелді. Бірінші орынбасар болғанда да, солардың жақсысына сүйініп, жаманына күйініп, ыстық-суығын бірге арқаластым. Обалы не керек, меншікті тілшілеріміз барын салып, жанын салып жұмыс істеді. Шамасына қарай шабатын жүйріктей, қай-қайсысы болсын хал-қадерінше тың мәселелер көтеріп, газет беделін арттыруға ат­салыса бастады. Бұл үрдіс бө­лім қызметкерлеріне де жел бе­ріп, олар да дүр түлеп, қаламын еркін сілтеуге кірісті.

Әдетте «Социалистік Қазақ­­ст­ан» қазақ баспасөзінің қара­ша­ңы­рағы деп шашбауын көтеріп, шаң жуытқымыз келмейді. Тіпті, оны партияның басшы органы ЦК-ға ұқсатып «СҚ» деп қол­паштаймыз. Соншалық іш тарт­қаннан санаға сіңіп, зерде­ге орнығып қалғанынан шығар. Қазір де бас басылымды ауызекі «СҚ» деп атаймыз. Қазақ қалам­­гер­лерінің ығайлары мен сығай­ла­ры осы шаңырақтан шыққан. Оның табалдырығын бір аттап, көрігінен бір өтуді арман­да­май­тын журналист кемде-кем. Сондықтан бұған бір сіңіп, тұғырына көтерілген жан­ның отырған орнынан қоз­ғал­май­ты­ны, өсіп кетпесе, өшіп кеткісі келмейтіні заңды да. Өстіп отырып, газетте жүріп-ақ, газеттен шығып қалуға болады. Біз келген­де бес бөлімді алпысты алқым­дап қалған, асуға да таяу бес ақсақал басқарып отыр екен. Бәрі де Отан соғысының от-жалы­нын кешіп келген майдангерлер. Ел алдында елеулі еңбегі бар осынау ардагерлердің өздерімен ақылдаса отырып, жасы асқандарын әспеттеп, құрметті демалысқа шығарып, орнын жас толқын жаңа буынмен толықтыру туралы бас редакторға ұсыныс түсірдім. Қарияларды қанша қимағанмен басы­лымға жаңа леп, соны сер­пін, тың күш керек қой.

– Сонда мұншалық мықты журналис­терді қайдан аламыз? – деді басшы.

– Облыстардан аламыз. Сырт­та «СҚ» түгілі Алматыға басын бір батыруды армандап жүрген талай тұлпар тұяқ, жез қанат журналистер бар. Қазір ұжым кілең оңтүстік өңірдің азаматтары. Арқадан, Атырау мен Алтайдан бір жан жоқ. Әлгілерді шақырсақ, аймақтарды да кеңінен қамтыр едік.

– Оларға пәтер керек қой.

– Өзіңіз білесіз, көзі тірісінде Бағаев досыңыз Бюроның алдына газеттің жай-күйі жөнінде мәселе қойып, Орталық Комитет алдындағы екі жылда «СҚ»-ға он пәтер беруді Алматы аткомына жүктеген жоқ па еді?!

Орамды ойға, орынды пікірге, оң ұсынысқа жанып кететін санасы сергек Сапекең «пәлі» деп бір күліп алды да, алақанын сарт еткізіп, «ендеше осыған кірісейік», – деді. Ұзамай-ақ екі жылға жетер-жетпес мерзімде екі қарияны құрметті демалысына шығарып, жасырақ бір ардагерді облыстық газетке редактор етіп жіберіп, көрнекті бір бөлім бастығын «Қазақстан» баспасына, өнер жайында жазуға ыңғайы бар әріптесін «Мәдениет және тұрмыс» журналына Бас редактор етіп ұсындық. Үлкен бір бөлімнің меңгерушісі «Қазақстан коммунисі» журналынан өз орнын тапты.

– Олардың орнын арнайы шақырыл­ған алғыр қаламгерлер басты. Торғайдан Бекболат Әде­тов, «Ленин­шіл жас­тан» Болат Бодаубаев, Қос­та­найдан Қой­­­шығара Салғарин, Өске­мен­­нен­ Тоқтарбек Қызықбаев,­­ ­Қызы­лор­да­дан Зұлқарнай Сақиев, Қарағандыдан Ақселеу Сейдімбеков, ҚазТАГ-тан Кеңес Юсупов, Шымкенттен Хали­дол­­ла Рахматуллин келді. Кілең қырықтың ар жақ, бер жағындағы шоқ шайнап, от бүріккен арынды да алымды қаламгерлер. Ке­йі­­нірек сыннан басқаға мойын бұр­май­тын қаламы жүрдек, қиялы қиғақ Нұридден Муфтахты Аты­рау­дан алдырттық. Оған бос орын болмай, әуелі редакция мең­герушісі етіп алып, артынан фель­етон бөлімін ашып бердік. Көп­шілік көңілінен шыққан сын ма­қалаларымен ол да газет беде­лін көтеруге көп еңбек сіңір­ді.

Ұлық газет ұжымының кадр мәселе­сін кезінде біз осылай шешкен едік. Өзімізде өндірістік тәжірибеден өткенде ерекше көзге түскен журфак түлектері Ержұман мен Сауытбекті, Жүніс­бек пен Жұмабекті қыз­мет­ке алып қалып едік, олар да газет мерейін өсіруге өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде жоғарыда аттары аталғандардың бәрі дерлік қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тұ­ғыр­лы тұлғалары.

Қазіргі «Егемен Қазақстан», бұрынғы «СҚ»-ның беделі биіктен, абыройы асқақтаған тұсы да солар қызмет істеген кезең. Бір бетке тұтас берілетін очерк-эсселер, сұхбат-сыр­ла­су­лар, тақырыптық беттер белгілі бір мәселе жайында өткізілетін «дөңгелек үстел» басындағы әңгімелер сол кездің тумалары. Белгілі бір саланың басшылары мен мамандары, айтулы еңбек адамдары бас қосып, ойларын ортаға салған кейбір «Дөңгелек үстел» әңгімелері қаптал бетке берілетін, тіпті тұтас нөмірге де көсіліп кететін. Кейін олар көтерген мәселелер бойынша тиісті мекемелер қаулы қабылдап, қыруар шұғыл шаралар белгілеп жататын. Тақырыптық арнаулы беттер өз алдына.

«Жетісу» газетінде интервью­дің орнына «Съезд делегат­та­рымен сұхбат» деп өзім ал­ғаш пайдаланған «Сұхбат» мағы­насын молайтып, ұғымын ұлғай­тып, «СҚ»-ға бірден сіңіп, әйдік бір айдарға айналды. Ұмытпасам, қазіргі киелі мәні бар «Елбасы» сөзі де әу баста менің қаламыма оралған сияқты. Кезінде Абылай­хан наймандардың хандығын Қаракерей Қабанбайға ұсынғанда батыр: «Ел бөлінбеуі керек, Елбасы біреу болуы, басқалары оған тіреу болуы тиіс» деген екен. Сол сөзді мен 90-жылдардың басында Тұңғыш Президент туралы жазған очеркімде пайдаланып, «Елбасы біреу, ел-жұр­ты тіреу болуы керек» деген тақырып қойған едім. Ал «Егемен» сөзін бірінші болып енгіз­генімді жалтақтамай-ақ, толтырып айта аламын.

Ол кезде игі басылымның бірінші орынбасарлары Үлкен үйдің ұйғары­мы­мен Парламент тілшісі ретінде Мәскеуге жиі барып, Халық депутаттары съезі­нен репортаждар беріп тұ­ру­ға тиіс болатын. Балтық республикаларының суверенді ел боламыз деп, Одақтан шығып жатқан тұсы «Алтыншы баптың айна­ласындағы айтыс» деп Мәс­кеу­ден жазып жіберген мақа­лам­да суверенитетті «егемендік» деп қолданған едім. Жазғаным еш өзгеріссіз тоқсаныншы жылғы ақпан айының ортасында жарық көрген. Жаңа сөзге жаны құмар Шерхан басшымыз «Егеменді» бірден мақұлдады. Осылай «коллективтің» орнына ұжым, «совхоздың» орнына кеңшар мәтіндері сөздік қорымызға сіңіп кетті.

Өз басым газет-журнал­дар­да ұзын саны 30 жыл бас­шы­лық қызмет атқар­ғанда 500-ге тарта бас мақала жазған адам­мын. Кеңес кезінде бас мақа­ла­сыз газет шықпайтын, оны басылымның туы деп білетін-ді. «СҚ»-дағы съез, сессия, пленум сияқты мәртебелі жиындардан кейін бірінші бетке беріліп, төрт бағанды алып жататын наси­хаттық тұжырымдама, бас мақа­ла­лардың денін мен жазатынмын.

Елге әйгілі танымал тұлғалар жайын­дағы бас мақалаларды да газетке енгіз­ген мен едім. Басты мақала болған соң оның пікірі айқын, тілі айшықты, әрлі де, нәрлі, ойлы болуы ләзім. Ол үшін ұдайы ізденіп, дамыл-тыным таппау керек. Сондай ізденістердің нәтижесінде талай тың тіркестер туын­дап, сырттан кірген сөздердің қазақ ұғымына жеңіл аңдатпа (аннотация), бағдарлама (программа), айқындама (концепция), тұғырнама (платформа) тәрізді бірпара баламалары табылып, тілімізді байыта түсті.

Бір өкініштісі, сол мақа­ла­лар­дың бәрі авторсыз басылып, газеттің ұжымдық туындысындай ортақ дүние саналып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Әйтпесе, олардың бірсыпырасы тілі төгіліп, үні сайрап тұрған тәп-тәуір публицистика еді. Әттең, олардың кейбір пысықайлардың ғылыми, әдеби еңбексымақтарына еніп, әдіп болып, әлдекімнің жемсауы­на кеткеніне ішің удай ашиды. Жарық көрген күннің ертеңіне-ақ оларды бәзбір ғалым­сы­мақ­­тардың арасына бірді-екілі бір­де­ңе­­лер қосып, радиодан өзі шығар­ғандай сампылдап оқып тұр­ғанын естіп, зығырданым қайнағаны бар. Мұны мен өзімді дәріптеу үшін емес, еш болған еңбекке өзегім өртенгеннен айтып жатырмын.

Жалпы, жаңа сөзді журналист жасайды да, жазушы пайдаланады, халық игілігіне айналдырады. Көбіне оның алғашқы авторы ұмыт қалады. Кәдімгі хан айтқан сөзді қара да айтады. Бірақ аузының дуа­сы жоқтың «кері». Қазір сөз қадірін білетіндер де шамалы. Ал Алаш арыстарынан бастап, алдыңғы толқын ағалар тың пікір, ұтқыр ойға айрықша мән беруші еді ғой. Жетпісінші жылдардың орта шегінде «пляжды» жағажай деп алғанымызға қуанып, қазақтың маңдайына біткен марғасқа қайраткер, санау­лы санаткерлердің бірі Нұртас Оңдасыновтың редакциямызға хат жолдап құттықтағаны бар. Жа­рықтық Алматыға жо­лы түс­се редакциямызға бір соқпай кетпеуші еді. Бірде Қараған­ды­ла­тып келіп, бізге арнайы кіріп, қал-жағдайымызды білді. Әңгіме үстінде: «Тың тақырыптарыңды жаңа, жатық терминдеріңді көріп, қуанып отырамын. Газет тіл байлығының кен көзі ғой» деп бастап, ойын әрі қарай өрбіткен-ді. – Әрине, кен иесі – «халық». Баяғыда Совмин төрағасы болып тұрғанда бір күні «Социалистік Қазақ­станды» қарап отырып, «Ауылшаруашылық мәдениет­те­рінің өнімділігін арттырайық» деген тақырыпқа көзім түсіп, түсінбей аңырып қалдым. Сосын телефон шалып, редакторы Балта­бек Асановты шақырып алып «Мынау өнімділігін арттыратын қандай мәдениет?» деп сұрадым. «Сельскохозяйственная культура» емес пе?» деді ол абалақтап. Ежелден егіншілікпен айналысып келе жатқан Оңтүстік халқы мұны «Ауыл шаруашылығы дақылдары» дейді, арпа, сұлы, бидай, көкөніс, бәрі соның ішінде. Сондықтан бұны бұдан былай «дақыл» деп жазыңдар» деп дақылды енгізген мен едім. Қазақтан тілге бай халық кемде-кем. Сол байлықты байып­ты зерттеп, зерделей білсек, сырттан келген кез келген сөзге балама тауып, тіпті өзімізше түрлендіріп, тілімізге сіңіріп жіберуге болады.

Бұл күндері мұндай ұлтқа қамқор, тілге жанашыр, биік мансапты, бірегей қайраткерді қайдан табарсың? Қазіргілер қит етсе, көпке түсінікті болсын деп, орысша шүлдірлей жөнеледі емес пе?..

Әлгі Асановтың қырқыншы жыл­дардың басында «СҚ»-ның бас редакторы болғанын бүгінгі буын білмейді де. Биыл 100 жылдығын тойлағалы отырған газетімізге зерттеушілердің айтуынша, 42 редактор қол қойған екен. Солардың кейбіреуі екі-үш нөмірге ғана қол қойған. Ал мен бас редактордың орынбасары бола жүріп, төрт жүзге тарта нөмірге қол қойдым. Бірақ редактор емес, орынбасар деп. Алайда төре газеттің төбе басшысы бол­ма­­дым деп ешқашан өкінген емен. Саңлақ ақын Сырағаңның, Сыр­бай Мәуленовтің Бауыржан Момыш­­ұлына арнаған бір өлеңін­де:

Күннің көзі тұрға­нында қанталап,                  

Тұрғанында жан-жақтан жау анталап,

Өзің батыр болмасаң да ағажан,

Шығып едің сан батырды арқалап, – деген жолдар бар. Сол айтқандай, өзім Редакторы болмағанмен, ағалық ақы­лымды аямай, алғаусыз қамқор­лықпен бау­лып, қанатымның астына алған төрт шәкіртім, атап айт­қанда: Сауытбек Әбді­рах­­манов, Уәлихан Қали­жа­нов, Ержұман Смайылов, Жан­бо­лат Аупбаевтың «СҚ»-ға бас ре­дактор болып, мәртебелі басы­лым­ның тізгінін ұстағаны маған зор мерей. Аға үшін одан асқан абырой бар ма?!


Сарбас АҚТАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы