Қазақстан • 01 Мамыр, 2019

Қ.Газибеков: Бірлік – береке бастауы

1321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан халқының бір­лігі күні мерекесі бүгінгі таң­да бейбіт өмір мен ынтымақ­ты тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы. Бұл күн – әрбір қазақ­стан­дық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі.

Қ.Газибеков: Бірлік – береке бастауы

Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақ­тарын дәріптеп, әлемдік қоғам­дас­тық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев іргетасын қалаға­н достық, татулық ұстанымы – бүгінде Қазақстанның ғана емес, барша елдің, әлем елдерінің қызыға қарар үлгісіне айналып келеді.

Еліміздің басты қорғаушы күші  қоғамдық келісім мен этносара­лық татулықты сақтау – Қазақ елінің алдында тұрған басты міндет. Қоғам­дық келісім мен саяси тұрақты­лық – біздің ең маңызды байлығы­мыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақ­тау жолында аянбай еңбек ету – әрбір Қазақстан азаматының міндеті. Соның дәлелі – күні кеше Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім формуласы: бірлік және жаңғыру» атты XXVII сессиясы. Ел­басымыз атап өткендей, «Бүгінде Ассамблея тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің сенімді, берік негізі болып табылады».

Сессияда көтерілген мәселелер­дің барлығының дерлік шешімі табылады. Барша қазақстандық­ты Маңғыстау даласының перзенті ретінде киелі өңірден шын ниетіммен құттықтаймын. Қазақстан халқының достығы және бірлігі күні құтты болып, әр отбасына, әр қазақстандық­қа бақыт-береке сыйласын. Қазақ­стан халқы өркен жайып, мемлекеті­міз молшылыққа, ал әрбір шаңы­рақ бақыт пен шаттыққа кенелсін деп тілейміз. Себебі шаңырақ ортақ болған соң, тағдыр да ортақ, келешек те ортақ.

Біз – қазақстандықтармыз! Біз ортақ еңбегімізбен, бірлескен ізде­нісімізбен, топтасқан болмысымызбен ортақ үйіміз – Қазақстан Респуб­ликасын күн санап түлетіп, күн санап өркендете түсудеміз. Біз және біздің ұрпақтарымыз елімізбен бірге есейе бермек.


Құрбанали ГАЗИБЕКОВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы «АЛА-ТОО» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы

Маңғыстау облысы