14 Ақпан, 2013

Үйлене алмаудың сыры неде?

452 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Үйлене алмаудың сыры неде?

Бейсенбі, 14 ақпан 2013 6:35

Осыдан төрт-бес жыл бұрын қаланың шағын аудандарының бірінде Нұрлыбек есімді замандаспен көрші тұрдық. Екеуміз де күндіз жұмыстамыз. Ал, кешкісін есік алдына шығып, әңгіме-дүкен құратынбыз. Махаббат машақаты қиын ғой, ол Әсем есімді қызды аузынан тастамайтын. Айтуынша, ол ақылына көркі сай, үлкенді сыйлай білетін қыз. Білімге деген құштарлығы да ерекше. Екеуінің бірін бірі ұнатып, жүріп жатқандарына да екі жылдың жүзі болып қалыпты. Көршім сүйіктісімен бірге өткізген қызықты сәттерін әңгімелеген сайын ұйып тыңдаймын. Көз алдыма бүгінгі дәуірдің Қыз Жібегі елестейді.

 

Бейсенбі, 14 ақпан 2013 6:35

Осыдан төрт-бес жыл бұрын қаланың шағын аудандарының бірінде Нұрлыбек есімді замандаспен көрші тұрдық. Екеуміз де күндіз жұмыстамыз. Ал, кешкісін есік алдына шығып, әңгіме-дүкен құратынбыз. Махаббат машақаты қиын ғой, ол Әсем есімді қызды аузынан тастамайтын. Айтуынша, ол ақылына көркі сай, үлкенді сыйлай білетін қыз. Білімге деген құштарлығы да ерекше. Екеуінің бірін бірі ұнатып, жүріп жатқандарына да екі жылдың жүзі болып қалыпты. Көршім сүйіктісімен бірге өткізген қызықты сәттерін әңгімелеген сайын ұйып тыңдаймын. Көз алдыма бүгінгі дәуірдің Қыз Жібегі елестейді.

Күндердің күнінде көршім өзінің қы­зымен таныстырды ақыры. Айтса айтқандай, үріп ауызға салғандай сұлудың өзі екен. Мінезі де ашық. Біз тез тіл табысып, араласып кеттік. Сол кездері кешке бірге серуенге де шығып жүрдік. Серуендейміз деген аты, мен қастарында ілесіп жүремін. Сырласатын екеуі. Әңгімелері таусылмайды. Тіпті, бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын жағдайға жеткенін сездім. Бір күні Нұрлыбектен «Өмірлік серігіңді тапқан сияқтысың ғой, қашан үйленесің?» деп сұрап қалғаным бар. «Ой, қайдағы, ол әлі 3-курста ақылы бөлімде оқиды. Оның ақшасын кім төлейді? Бітірсін алдымен», демесі бар ма көршімнің.

Үндеген жоқпын, бірақ, бір-бірін сонша жақсы көріп тұрып оқудың ақшасын ойлап жүргені бір түрлі көрінді маған. Санамда: «Махаббат та есепке тәуелді болғаны ма?» деген сұрақ қалып қойды. Кейіннен естісем ару Әсем Талдықорғанға ұзатылып кетіпті.

Көпке дейін бірін-бірі сүйген жастардың қосыла алмауларына не себеп болды деген сауал көкейімнен кетпей қойды. Бұл арада жігіттің қолының қысқалығы жас­тардың бағын байлаған сияқты. Біздің қазекеңнің ырым-жырымы көп. Ең бірінші кезекте қызға төленетін қалыңмалды ойлаймыз. Оның ең төменгі «ставкасы» 150 мың теңге болып тұр қазір. Одан соң, келін түсірудің, беташар жасаудың әу­ресімен жүгіреміз. Есік ашып бару, тәтті шәй беру деп тағы шапқылаймыз. Бұл міндеттерді атқарып алған соң, тойдың қамына кірісеміз, салақұлаш тізім жасаймыз. Мұның бәрі қып-қызыл ақша. Осыны ойлаған ата-ана кейде айтулы күнді кешеуілдете береді. Осылай, жастардың бір біріне деген сүйіспеншілігі, жас отаудың жарасымдылығы туралы мәселе екінші орынға сырғып кетеді. Енді кейбір дос­тарымыз бар. «Үйдегілер осы айдың жиырмасында үйлен деп жатыр. Соған бір «нормальный» қыздар бар ма?» дейді олар. Міне, бұл есебі келісіп, ұпайы түгенделген отбасының тірлігі. Ең бастысы, қолда тұрған ақша жаратылып кетпей тұрғанда үйленіп алу керек. Мұндай жағдайда жастар не істейді? Мұндай жағдайда қаланы қайдам, ауылды жерде «алып қашу» операциясы басталады. Жеңгелер институты жұмыс істейді. Үлкен апалар да қулыққа басып, табалдырыққа жатып алады. Жасыратыны жоқ, табалдырықтан осылай аттап жатқан қыздар да бар. Жастар жарасып жатса – бақыт. Ал, жараспаса ше?..

Бұл туралы жастардың да пікірі әралуан.

Махаббат үйленген соң жоғалатын сезім, ал есеп өмір бойы таусылмайды. Біреу есеппен үйленудің соңы жақсылыққа әкелмейтінін алға тартса, енді біреулері есеппен үйленгенді жөн санайды. Бастысы, екеуі жарасымды жұп болып, бірге өмір сүріп, отбасына ие болып отырса болғаны. Содан соң өздері-ақ бір-біріне үйренісіп, жақсы көре бастайды. Үйленудің бұл түрі көп жағдайда ата-аналардың, жеңгелердің араласуымен орын алатыны өтірік емес. Яғни  «ұпайы түгел ұтылмас» дегеннің кері. Және «Қызды жеңге бұзар, жеңгені теңге бұзар» деген де сөз бар. Ақша болса үйлену қайда қашады дейсіз, дейді бүгінде жасы 37-ге келген «сүрбойдақ» Жақсылық Сейітов.

Бұған жас отбасының иесі, 3 баланың әкесі болып отырған Дәурен Садықбеков болса: «Шынайы махаббатпен де ұлы табыстарға жетуге болады. Есеппен құ­рылған махаббаттың ескегі сынып, қайғыға әкеліп соғуы мүмкін. Өйткені, дү­ние адамға өмірлік жолдас емес. Ең дұрысы, дүниеге көз байламай, шынайы махаббатқа қол жеткізген дұрыс. Ал, дүние – адам қолымен жасалатын нәрсе», деп қарсы уәж білдіреді.

Бұл сөзді де жоққа шығара алмайсың. Есеппен үйленудің соңы кейде өкінішті жағдайларға әкеліп соғып жатады. Мәселен, бүгіндері облыстық сот актілерін орындау департаменті Тараз қалалық аумақтық №2 бөлімінде алимент мәселесі бойынша 3005 атқару құжаты жатыр. 400 атқару өндірісі бойынша борышкерлер алимент төлеуден жалтарып, қашып жүр. Соның кесірінен бес жүзге жуық бала қамқорлыққа зәру болып отыр. Жыл басынан бері сегіз адам сот шешімін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алты борышкер қамалып, екеуіне айыппұл салыныпты. Бұл қоғамның қасіреті. Осылардың бәрі қазір үй болуды былай қойғанда, үйленудің өзі қиындап бара жатқанын көрсетпей ме?

Сіз қалай ойлайсыз, зерделі оқырман?..

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Жамбыл облысы.