Аймақтар • 02 Мамыр, 2019

Елордада алма бағы отырғызылды

1043 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласындағы ботаникалық бақ аумағында алма ағаштарының көшеттерін отырғызуға қатысты. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Елордада алма бағы отырғызылды

Алма бағын отырғызу рәсіміне елорда әкімі Бақыт Сұлтанов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен елордалық ЖОО студенттері қатысты. Барлығы алма көшеттерін отырғызуға 400-ден астам адам атсалысты. 

Үкімет басшысы Асқар Мамин бақтың аумағында отырғызылған алма ағашының сорттарымен танысты. 

Естеріңізге сала кетейік, атыраулық фермер Тамила Розметова Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі барысында елордада алма бағын отырғызуды ұсынған еді.

Елбасының тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі алма көшеттерін отырғызу үшін жер учаскесін жедел түрде әзірледі. Өз кезегінде Т.Розметова елордаға көшеттер жеткізуді ұйымдастырып, жаңа алма сортын «Nur-Sultan» деп атауды ұсынды. 

Қалалық әкімдіктің мәліметі бойынша, мұнда алма ағашының белгілі сорттары – белоруссиялық синап, белоруссиялық таңқурай, алеся, имант, фридом, надзейн, сакавита және «Nur-Sultan» жаңа сорты бар. Олар аязға төзімді әрі ұзақ сақтауға болады. 

Барлығы 1 га алқапқа биіктігі 1,2-1,5 метр 800 алма ағаштары отырғызылды. 

Алма бағы алғашқы жемістерін 2-3 жылдан кейін береді деп күтілуде. Ағаштарға күтім жасау үшін тамшылатып суарудың заманауи жүйелері пайдаланылатын болады. Айта кетейік, алма бағын отырғызу Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеу аясында өтті.