Жастығына қарамай талай халықаралық ән байқауына қатысып үлгерген Ержан Максим 2016 жылы Грузия мен Латвияда өткен «Дельфин Фест» фестивалдерінің бас жүлдесі мен бірнеше медалін, 2017 жылы халықаралық «Славян базары» ән байқауының 2 орын жүлдесін жеңіп алып, Италияда өткен «San-Remo junior» байқауының финалында ән шырқаған талант. Ресейлік №1 телеарнасы байқауында да қазақстандық жас әнші бірден мамандардың да, көрермен қауымның да көңілінен шығып, финалдық бәсекеге қиындықсыз жетті. Байқаудың бас жүлдесін ресми алмаса да Ержан Максимді жеңімпаз танып, құттықтаушылар көп. Мәскеуден абыроймен оралған жас әншіні қазақстандықтар ерекше қолдап, құрмет білдіруде. Туған жері – Орал қаласына оралған жеңімпазды әуежайдан Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Сайран Дүйсентегі бастаған үлкен топ құрметпен күтіп алса, өңір басшысы Алтай Көлгінов арнайы қабылдап, сыйлыққа домбыра ұсынды.
- Ержанның талантына белгілі әнші Әлібек Дінішевтің өзі риза болып, жоғары баға берді. Осы жетістікпен тоқтап қалмай, өнерін одан әрі дамыту үшін кәсіби мамандармен жұмыс істеу керек. Біз бұл бағытта барынша көмек көрсетуге әзірміз, - деді Алтай Көлгінов. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ержанға байқау кезінде телефон арқылы хабарласып, қолдау білдіріп отырған екен.
Мәскеудегі байқаудан абыроймен оралған жас әншіні әуелі астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қабылдап, Ержанға «Шабыт» Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде тегін оқуды ұсынғанын айта кетейік. Қазір әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген де мектеп-колледж-ЖОО деңгейінде үзіліссіз мамандандырылған білім беретін бірегей оқу орнында оқыған еді.
Батыс Қазақстан