Құлаққа ілер ой екен
Сейсенбі, 19 наурыз 2013 1:35
Ауыл – алтын бесік деп тамсанамыз. Бұл ауылына кіндігі байланған қазақ үшін жасанды, жасық сөз емес, айдай ақиқат. Онда қазақы қалып, ұлттық үлгі сақталған. Ағайындарымыз бала мінезді, ауызын ашса көмейі көрінеді. Бүкір ойсыз, бүкпесіз сөйлейді. Қуанса шын қуанады, реніші жібек орамал кепкенше. Ширек ғасыр бұрын сол ауыл жұртының қыстауы мен жайлауы, көктеуі мен күздеуі ақтылы қойға, алалы жылқыға толы еді.
Сейсенбі, 19 наурыз 2013 1:35
Ауыл – алтын бесік деп тамсанамыз. Бұл ауылына кіндігі байланған қазақ үшін жасанды, жасық сөз емес, айдай ақиқат. Онда қазақы қалып, ұлттық үлгі сақталған. Ағайындарымыз бала мінезді, ауызын ашса көмейі көрінеді. Бүкір ойсыз, бүкпесіз сөйлейді. Қуанса шын қуанады, реніші жібек орамал кепкенше. Ширек ғасыр бұрын сол ауыл жұртының қыстауы мен жайлауы, көктеуі мен күздеуі ақтылы қойға, алалы жылқыға толы еді. Даласында дән сыңсып, шабындығында шөп ызыңдайтын. Қалалықтар шіреніп барып, тегін қайтпай, артынып, тартынып қайтатын. Оның бәрі кейінгі ұрпақ үшін көрген түстей, ертегідей естілуі мүмкін. Әйтсе де, алдыңғы толқын үшін өтті дәурен осылай екені анық.
Қазіргі ауылда ондай күй жоқ. Таяуда елге барғанда осыны көзбен көрдік. Тірлік жағал ешкінің терісіндей ала-құла. Ынтасы барлардың күнкөрісі сүйсінтеді. Олар мал өсіріп, егін, бау-бақша салады. Бардың бағасына жетпей, жерге терін сіңірмей, сөзбен қуырдақ қуырып, қол қусырғандардың тынысы тар, өңі пәс. Бай, кедей дегендерді де естіп қаласың. Аз қазақтың бұл бөлінісі құлағыңа түрпідей тиеді. Амал не, үрдіс солай.
Жабайы жекешелендіру бел алған тұста ақтылы қой, алалы жылқы бартермен, тағы тағымен кетті. Ұшық-ұшығы шыққан біраз дүние жұртқа үлестірілді. Мәшине, трактор стансасының, балабақша, монша ғимараттарының, қырманның орны ғана қалған. Жүздеген жас жұмыс істеген бір ауысымда жиырма мың қой бордақылайтын кешеннің орнында қазірде ауылды сумен қамтып отырған «түйе мойын» мұнара ғана тұр.
Бақай тауының баурайына орналасқан Нұра ауылы тыңды игеру кезінде құрылған еді. Береке-бірлікке бас қойып, шын ұмтылса бітпейтін іс, орындалмайтын арманның жоқ екеніне осы елді мекеннің түрленуі мен гүлденуі кезінде көз жеткізген едік. Жұдырық болып жұмылған үлкен-кіші жоғарыға қарап маған не бересің демеді, мен беремін деп еңбекке жұмылды. Қазақтың қасиетті киіз үйінен бастау алған совхоз орталығы аз уақыттың ішінде іргесін бекітіп, жасыл желек көмкерген ауылға айналып шыға келіп еді. Бала саны өскен сайын, жаңа мектеп ғимараты салынған. Жастар ауылымды қайтсем көркейтем, үлесімді қосып керегемді кеңейтем дейтін. Олар жұмыла келіп, асарлатып жүріп үй салып алатын.
Біз неге өткенге үңіліп отырмыз. Оның себебі, «Қоңыр жолға түсіп едім мен өстім. Қоңырқай ой маза берер емес түк. Қоңырайып жатыр алда жол әлі. Кеудем кейде қоңыр жырға толады. Қазақ қоңыр әнмен бесік тербетіп, Өргізіпті-ау, қоңыр-қоңыр баланы, Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн… Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім. Қоңыр күзде, қоңыр шаруа – күйбеңмен», деп қазақтың айтулы ақыны Жұмекен Нәжімеденов меңзегендей, қазірде қоңыр тірлік кешіп отырған ауылдың өткенінен қазіргілер сабақ алса деген ниет. Қазақ – қашаннан үлкенді сыйлап, басшысының алдын қиып өтпей, айтқанын екі етпей мақсатына жеткен жұрт. Біз әңгімеге желі етіп отырған Нұра ауылын кезінде Қазақ елін қойып, сол тұстағы одаққа танылуына шаруашылық басшысы Сағыныш Есбергенов ерекше еңбек сіңірген болатын. Басқа саланы былай қойғанда ол кісі ауылдағы әр түп ағашты көзінен таса етпейтін. Мектеп оқушыларына оны күтіп-бапта деп бәсіреге лақ-қозы үлестіргендей бөліп беретін. Әр көшенің тазалығы мен көгалдандырылуына айрықша мән беріп, өзара жарысқа түсіріп, оза шапқандарға сыйақы таратып жататын. «Ынталандырмасаң ісің ілгері баспайды, ұйымдастыра алмасаң ұтыласың, ол жұрттың еңсесін түсіріп, есесінен қағады», деп отыратын. Сондай еңбектің нәтижесінде ауылымыздың азаматтарының арасынан орденді шопандар, депутат механизаторлар, үлгілі ұстаздар, сегіз қырлы, бір сырлы мәдениет қызметкерлері шығып жататын. Жоғары оқу орнын бітірген ауыл балалары айналып келіп кіндік қаны тамған жерін табатын. Осындай қажырлы еңбек Сағыныш ағаны құрметке бөледі. Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерін омырауына тағып, «Қазақстанның еңбек сіңірген ауылшаруашылық қызметкері» атағын алды. Ол кісі сол дәуірдің көш басында жүрген саңлақтары Зылиқа Тамшыбаева, Николай Головацкийлермен қатар жүретін. Ауылдың өткені мен бүгінін, болашағын «Құтты қоныс» деген кітабында тайға таңба басқандай жазып еді. Ол алдыңғы толқынды ардақтауды, ата-ананы сыйлауды, замандасыңды қадірлеуді, еңбек етсең жемісін жейтініңді, кержалқау болсаң кері кететініңді, ауыл жұртына бас қоса қалғанда өнеге етіп айтып отыратын.
Қазір осы үрдіс кеміп бара жатқандай көрінеді. Сөзге тоқтау, ақылға иланудың орнына әркім өзім білемге бой алдыратын секілді. Егер атадан қалған үрдісті жалғастырсақ жаман болмас еді.
Ауыл ана бір жылғыдай емес қайта түлепті. Еңселі ескі мектеп балабақшаға айналыпты. Сән салтанаты түгел мәдениет үйінің есігіндегі қара құлып алынып, ол да тұрғындарға қызмет ете бастапты. Көшелерге асфальт төселген. Өткеннің куәсіндей, жақсының сарқытындай алдыңғы толқын – ағалармен тілдесе қалсаң, айтатындары жекеміз дегенді желеу етпей, біріксек дейді. Ырыс алды – ынтымақ екенін кейінгі жасқа ұғындырсақ дейді. Оның себебін сұрасаң, жекешелендіруде тиген малдарын өсіріп, жерді игеріп жүрген көне көздерінің азайып бара жатқанын, олардың ізін басатын жастардың кем екенін сабақтайды. Тарыдай шашылғандарға банк несие бере бермейтінін, олардың азын-аулақ малымен, жері кепіл болуға «жілігі» татымайтынын алға тартады. Жекешелендірудің сәл алдында ғана зейнет демалысына шыққан Сағыныш ағаның: «Бөлінбеңдер, бөлінсеңдер бөріге жем боласыңдар», деген кеңесіне келіспей бет-бетімен кеткендеріне өкініш білдіреді. «Ештен – кеш», деп әлі де болса жастарды ұйымдастырсақ, солардың қайта оянуына көшбасшылық көрсетсек ұтылмасымыз анық деп, жақында бір алқалы жиын өткізгендерін жеткізеді. Онда сөз алғандар алдағы мәселелермен қарайластырып қаратасты жерден қалаға бергісіз ауыл тұрғызған, шаруашылық басшысы Сағыныш ағаның есімін елді мекенімізде жаңғыртып, оның ісін «тірілтейік» депті. «Мен Нұра ауылына сонау батыстан тұлымым желбіреп жастықтың от үрлеген лебімен келіп едім. Медициналық қызметімді киіз үйде бастадым. Ол кезде бойда елге деген отаншылдық рух бөлек болатын. Орта медициналық мамандықпен-ақ қаншама адамдарға көмек көрсеттім. Осы ауылда өсіп, өндім. Балалар жұмыс жайымен қала жағалап кетті. Балабақша қайта ашылғалы әкелерінің кіндік қаны тамған жерде тәлім алсын, тәрбие үйренсін деп немерелерімді қасыма алдым. Ондағы ойым ауылды бос қалдырмау. Біз кеткеннен кейінгі өмірді осы толқын жалғастырсын деген ниет қой баяғы», дейді Меңзипа Отыншиева. Ал, «Алтын алқа» иегері, Батыр-ана Сарқыт Молдажанова: «Мен өмір бойы мал шаруашылығында еңбек еттім. Қазірде балаларыма бас-көз болып жүрмін. Ауылдастарымның Сағыныш ағамыздың ісін ілгері бастырсақ, ұйымдасып тірлік етсек дегеніне қосыламын», – дейді.
Иә, ауылдың алтын арқауды үзбей, алтын діңгек болып отырған толқын-толқын ұрпақтың өтініш-тілегі, алға қойған мақсаты, ой-арманы осындай. Мұны құлаққа іліп, құп алсақ ұлттық бет-бейнеміз, халықтық дәстүріміз қандай «дауыл» соқса да теңселмей тік тұратынына, шыдас беретініне иманымыз кәміл.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы,
Еңбекшіқазақ ауданы.