Өзен-көлдер күшіне мініп тұр
Сейсенбі, 2 сәуір 2013 0:17
«Ажал айла таптырмас» дегенді атам қазақ осындайда айтқан шығар, сірә. Сарыағаш ауданындағы Ораз ата ауылының 12 жасар тұрғыны, жеткіншек қыз абайсызда Құркелес өзеніне құлап кетіп, ажал құшты. Төтенше жағдай жөніндегі департамент өкілдерінің мәліметіне қарағанда, қыз менингит ауруымен сырқаттанған екен. Қазір көктем айы болғандықтан, өзендердің тасып, буырқанып жатқаны белгілі. Оқыс оқиға 18 наурыз күні орын алыпты. Арнасынан асып-тасқан, ағысы қатты лай су қызды ә дегеннен-ақ үйіріп алып кетсе керек.

Ешкім көмек беруге үлгере де алмай қалыпты.
Қыздың денесі арада 10 күн өткеннен кейін табылды. Құтқарушы сүңгуірлерге өзеннің бойын екі мәрте сүзіп шығуларына тура келді. Марқұм қыздың әкесінің өтінішімен 28 наурыз күні құтқарушылар тағы да келіп, дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанда қыздың жансыз денесі оқиға болған жерден 3 шақырым қашықтықтан өзі қалқып шығыпты.
Бірқатар ақпарат құралдары 27 наурыз күні Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Сарыбұлақ ауылында да бес жасар бүлдіршіннің каналға құлап кетіп, жазым болғанын жазды. Қазіргідей көктемгі тасқында күшіне мініп, сырын ішіне бүккен өзен-көлдер өте қауіпті екенін жұрт түсінсе дейміз.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.