04 Сәуір, 2013

Жаппай терек егейік, елді жасыл желекке бөлейік!

323 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жаппай терек егейік, елді жасыл желекке бөлейік!

Бейсенбі, 4 сәуір 2013 2:17

Қадірменді жұрт назарына өз ой ұсынысымды тартардан бұрын, ұлы Абайдың мына шумағы еске түседі. «Қалың ағаш жапырағы, Сыбырласып өзді-өзі, Көрінбей жердің топырағы, Құлпырған жасыл жер жүзі». Кемеңгер ақынның осы өлең шумағы ғажап табиғи көріністі суреттеп, көз алдымызға қалың ағашқа толы табиғаттың құлпыра тамылжыған шағын тамаша елестетіп тұрған жоқ па?! Жасыл желекті ағаштар байтақ даламыздың сай-салаларында, шоғырланған ауыл-қалалардың көркі екендігін айқындап тұр емес пе?!

Бейсенбі, 4 сәуір 2013 2:17

Қадірменді жұрт назарына өз ой ұсынысымды тартардан бұрын, ұлы Абайдың мына шумағы еске түседі. «Қалың ағаш жапырағы, Сыбырласып өзді-өзі, Көрінбей жердің топырағы, Құлпырған жасыл жер жүзі». Кемеңгер ақынның осы өлең шумағы ғажап табиғи көріністі суреттеп, көз алдымызға қалың ағашқа толы табиғаттың құлпыра тамылжыған шағын тамаша елестетіп тұрған жоқ па?! Жасыл желекті ағаштар байтақ даламыздың сай-салаларында, шоғырланған ауыл-қалалардың көркі екендігін айқындап тұр емес пе?!

Осы өлең жолдарының табиғи көркемдігіне, табиғатты құлпыртатын жасыл желектің көркіне күмән келтірер жан болмас. Соныменен, «киінген келіншектей оқалы орман, гүлді орман жанға сая, малға қорған» дегендей, ауыл-аймағымызды көркейтіп, бүкіл кең даламызды жайқалған ну орманға бөлесек, шіркін, айрықша игілікті іс болар еді. Осындай ғажап елесті, ең бастысы, шығын шығармай, артық тер төкпей шындыққа айналдыруға болады деген ойдамын.
Ағаш жазда – ыстықтың лебін, қыста аязды боранның қарқынын тойтарып, бәсеңдетеді. Маңайында ылғалдылықты сақтап, айналадағы топырақтың құнарлылығын көтеріп, шаңды жел мен құмды дауылға әркез тосқауыл болады. Ағаштың жалпы адамзатқа берер пайдасының айрықша мол, әлемдегі табиғи жаңғыру процестеріне үлесі орасан зор екені айдан айқын. Қай жағынан алсаңыз да, ағаш өсіру әр пенденің тірлігіне өте тиімді. Мысалы, адам қорексіз бір ай, сусыз бір апта өмір сүре алса, ауасыз 3 минуттай уақыттан кейін жарық дүниеден өтеді. Сонымен, аса бір керекті нәрсені ағайын-достан қолқалап сұрағанымызда, қайсымыз болсын «ауадай қажет» болып тұр деп ең салмақты соңғы сөзімізді көлденең тартатынымыз сондықтан. Бірақ қандай да құнды зат болсын бір жұтым таза ауаға жетпейді. Ауасыз адам өмір сүре алмайды. Қазіргі жағдайда жұмыр жер бетінде өндірістің кең ауқымды да қарқынды дамуының салдарынан жайылған аспан кеңістігіндегі улы көмір қышқылды газы мен басқа да зиянды заттарды бойына тартып, оған ақы сұрамай, тапжылмай «үнсіз» еңбек ететін, адамға қажетті оттегін бөліп шығаратын жасыл желек ағаштар. Жапырағы жайқалған ағаштан артық ауаны тазартып, қоршаған ортадағы тепе-теңдікті реттейтін табиғи нәрсе жоқ деуге болады. Жылдан-жылға жер бетінде шөлейттердің ұлғайып, құрғақшылықтың кең етек алуы, ауа райының күрт бұзылуы (табиғи апаттардың орын алуы), сонымен қоршаған табиғи ортаның бұрынғы қалпынан өзгеріп, ластануына тікелей себепші болып отырған қайсыбір құрлықтар аймақтарында сұғанақтық пайдакүнемдікке салынғандар әрекетінен жаһанда ормандардың ареалы мүлдем кеміп, біржолата жойылып бара жатқандығынан екендігі бүгінгі күннің қасіреті деуге де болады.
Ал өзіміздің Қазақстан табиғи аумағын көзімізге елестетсек, орман кең-байтақ жеріміздің 5,5 пайызын ғана алып жатқанын байқар едік, оның өзінде, олардың басым көпшілігі адам аяғы баспас тау бөктерлерінде (Алатау, Алтай, Тарбағатай тауларында) орналасқан. Өкінішке қарай, еліміздің территориясының 44 пайызы шөл дала, 14 пайызы жартылай шөлейт болып келетінін еске алып, табиғи ортамызды жақсарту жолдарын санамызға салып, терең саралауымыз үлкен азаматтық парыз. Осыларды естен шығармай, үнемі ағаш егу мәдениетін түбегейлі қалыптастыру қажет. Көктем, күз келе ағаш егейік, ағайын. Ал егілген жасыл жас ағашты жөнсіз кесуді, Алланың жолынан, пайғамбардың өсиетінен тайған теріс қылық деп таныған дұрыс. Егер ағаш шаруашылығына күрделі зиян келтірілген болса, оған кінәлі адам тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны қолданыстағы заңда қамтылған.
Әрине, ағаш егуді ауызға алғанда «айтуға оңай» дейтіндер аз болмас. Шынына келсек, ол орынды да. Өйткені, ағаш көшеттерін ақшаға сатып алу, терлеп-тепшіп жер қазып, оларды отырғызу, одан су құйып тұру оңай шаруа емес. Бірақ, осы жобаны қаржы шығынынсыз, ауыр еңбекті талап етпейтіндей тұрғыда іске асыруға болатындығын айтуды жөн көріп отырмын.
Ауыл басы мен маңайындағы сай-саланы жасыл желекке бөлеудің бір тәсілі, ол – теректерді мол өсіру. Терек өте өсімтал, тез бой көтеріп, жетілетін ағаш болып саналады. Сондықтан бес-алты жыл ішінде теректер өсіп-өніп, елді көркейтіп, аймақты әрлендірумен қоса маңайындағы алқапты көк шалғын етері сөзсіз. Әр қала, әр ауыл басына жанға жайлы ауа райы орнығар еді. Ал уақыт өте, қураған теректерді ша­руа­шылыққа да пайдалануға болары түсінікті.
Атап өтетін нәрсе, көгалдандыру шараларын қолға алған шақта, ұлпа шашпайтын аталық теректерді пайдаланған жөн. Оларды көше бойларына, ауылдан шығар жол жиектеріне көбірек отырғызса оңды болар еді. Теректерді тез өсетіндігіне байланысты тұрмыстық мақсатта, арнайы кең алқапқа отырғызып, уақыты келе бірте-бірте пайдалануға болар еді. Ал, теректер бой көтергенге дейін аялай өсірсе олар жылдан-жылға жасыл желекке, ну орманға айналар еді.
Теректерді өсіру әдісін бүкіл респуб­лика халқы іркілмес ізгі дәстурге айналдырса, елге деп жасалған аса үлкен игілікті іс болар еді. Осы бастама өткен 2012 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында қолға алынған еді. Бұл қайырлы іс аудан әкімдігінің қолдауымен өз жалғасын таба берер деген үміттеміз.
Өзімнен бастасам, үш жыл бұрын Астанадағы көпқабатты үйіміздің (Отырар көшесі, 8/2) ауласына 5 теректің көшетін отырғызып, әр жаз бойы аптасына үш рет су құйып, баптап өсірдім. Қазір олар бой көтеріп, ауламыздағы жазда қызып кететін асфальтқа едәуір көлеңке түсірер қалыпқа келді. «Көлеңкелі қорғанды» бұрын ойларына алмаған ауқатты тұрмыс құрып жатқан, әр бастарында екі-үш автокөліктері бар, бастары жас көршілер қазір дән риза. Оған қоса олар енді балаларымен сол теректерді саялайтын болды.
Тағы айта кетер жайт, Еуропа кеңістігінде таралған оралымды мынадай қанатты сөз бар. «Кезінде Грекия елі жасыл желекке бөленген, гүлденген жер болатын, бірақ қазір онда ешкілердің жебірлігінен жалаңқай тастар ғана қалды». Сондықтан теректердің жанды талшық көшеттері бой көтергенше мал баспайтын жерлерге отырғызған жөн болар еді. Ал, Мадагаскар аралында жаппай аяусыз қиюдың салдарынан ағаштардың бестен бірі ғана қалған. Олардың барлығы өндірістің қарқынды даму жолындағы қажеттілігін қамтамасыз ету себебінен шабылған. Ол аралда жалпақ дала бойы қалқайған түрде, жетімсіреген күйде қалғаны баобаб ағаштары ғана көрінеді. Ол ағаштардың аман қалу себебі – ол елде олар киелі болып саналады екен. Осыған орай, елімізде өскен теректерді аялап, қастерлейік, ағайын! Туған Отанымызда ақ та, көк те мол болсын!
Халық нақылы «бір ағаш кессең, орнына он ағаш отырғыз» дейді. Осы аталы сөздің бойына жан беру үшін әр азамат оны тыңғылықты жүзеге асыруды үлкен адами парызым деп түсінуі қажет деп па­йымдаймын.

Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ,
заңгер.
АСТАНА.
Суретте: Нақыпбек Сәдуақасов ауладағы өзі отырғызған 5 теректің жанында