Аймақтар • 04 Мамыр, 2019

Солтүстік Қазақстанда 1700 орынды 4 жатақхана салынады

1181 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өңірде жатақхана мәселесі өткір тұр.

Солтүстік Қазақстанда 1700 орынды 4 жатақхана салынады

Мәселен, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алатын  7 мың студенттің жартысына жуығы өзге өңірлерден келген.  1776 студент жатақхана кезегіне жазылған.

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов студент-жастармен кездесіп, инвесторлар жатақхана салу жұмыстарына  белсене араласатынын жеткізді.

«Елбасының «5 әлеуметтік бастамасы» аясында біз университет басшылығымен бірлесіп, проблемалы жайтты кешенді шешуді ойластырып отырмыз. Сөйтіп, бір жылдың ішінде 610 студентті баспанамен қамтитын боламыз. Яғни, орын жетіспеушілігі 34 пайызға қысқарады»,  деді Құмар Іргебайұлы.

Петропавлдық қаржыгер Денис Бернат 1700 орынға шақталған 4 жатақхана тұрғызуды белгілесе, жуырда 280 орынды  тұрғын-жай пайдалануға берілді. Екі қабатты студенттер үйі қажетті жиһаздармен жабдықталып, алаңсыз білім алуға барлық жағдай жасалған. Жаңа оқу жылында 330 орынды тағы бір жатақхана іске қосылады.