жоғары оқу орындарындағы білім сапасын сараптайды
Өткен жылы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен тұңғыш рет студенттер арасында пәндік олимпиада өткен болатын. Биыл осы үрдіс оңды жалғасын тауып, Алматыдағы Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясында еліміздің 22 жоғары оқу орнының 137 студенті 10 пән, 5 мамандық бойынша білім жарыстырды.
Құрылысшылар мен сәулеткерлерді даярлайтын академия пәндік олимпиада өткізу үшін тегін таңдалып отырған жоқ. Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясының архитектура мамандығы әлемде тұңғыш рет халықаралық сертификатқа ие болған. Бұл асыра дәріптеу емес. 2007 жылы Қазақстанның сәулеткерлер даярлайтын мектебі әлемдік деңгейде мойындалғанын мақтаныш тұту керек. ЮНЕСКО жанындағы халықаралық Архитекторлар одағы мұндай дәрежені екінің біріне үлестіре бермейді. Осынау мәртебені алудан дүние жүзінің барлық құрылыс және сәулет мамандығын дайындайтын жоғары оқу орындары дәмелі. Факультетке халықаралық сертификат беруге шешім шығаратын ЮНЕСКО-ның арнаулы комиссиясы сәулеткерлер даярлайтын жоо студенттерінің жобаларын, академия түлектерінің табыстарын, сапалы білім беру үдерістерін бүге-шігесіне дейін зерттейді.
Сонымен Бас сәулет-құрылыс академиясында өткен олимпиада “Сәулеттік жобалау”, “Сәулеттік дизайн элементтері мен процестері”, “Құрылыс конструкциялары І”, “Геотехника І”, “Инженерлік механика І,ІІ”, “Ағаш өңдеудегі материалдар”, “Ағаш өңдеу құрал-жабдықтары І,ІІ”, “Плита материалдарының технологиялары”, “Бетон технологиялары І” пәндері бойынша өтті. Пәндік білім сайысына осы кәсіптер бойынша мамандар даярлап жатқан оқу орындарының басым бөлігі қатысты. Өткен жылғы олимпиадада олардың қатары саусақпен санарлық болатын.
Елімізде осымен екінші рет өткізілген пәндік олимпиада барысында студенттер І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. 56 жүлделі орынның бірінші дәрежелі 21 дипломын Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясының шәкірттері иемденді. 6 орынды Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті алды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университетінің студенттеріне 4 орыннан тиді. Ал Алматы, Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Рудный қалаларындағы жоғары оқу орындарының 1-3 студенті жүлделі орындардан табылса, алты жоғары оқу орны мүлде марапатсыз қалды.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.