Құлдықта өткен күндер
Сәрсенбі, 15 мамыр 2013 1:53
Бөрлі ауданындағы Аңқаты разъезінде 51 жастағы әйел Гүлсім Хамитова мен оның 26 жастағы қызы жарты жыл уақыт бойы құлдықтың күйін кешкен. Олар бұған дейін осы аудандағы Богдановка ауылында тұрған. Тұрмысы төмен жандарға бір күні Нұрсұлу есімді әйел жолығып, әжептәуір табыс, қаражат табуға мүмкіндіктері бар екенін айтады. Іздегенге сұраған дегендей, олар жеке меншік иелері орналасқан разъезден бір-ақ шығады.
Сәрсенбі, 15 мамыр 2013 1:53
Бөрлі ауданындағы Аңқаты разъезінде 51 жастағы әйел Гүлсім Хамитова мен оның 26 жастағы қызы жарты жыл уақыт бойы құлдықтың күйін кешкен. Олар бұған дейін осы аудандағы Богдановка ауылында тұрған. Тұрмысы төмен жандарға бір күні Нұрсұлу есімді әйел жолығып, әжептәуір табыс, қаражат табуға мүмкіндіктері бар екенін айтады. Іздегенге сұраған дегендей, олар жеке меншік иелері орналасқан разъезден бір-ақ шығады. Мұнда анасы мен қызы мал бағумен және басқа да қара жұмыстарды атқарумен айналысады. Әрине, бастапқыда бәрі де ойларынан шыққандай болады. Ал арада бір ай өткеннен кейін Дарғожиев есімді фермер олардың еңбектерін төлеп, үйлеріне қайтарудың орнына, екеуін құлдарша жұмсап, жоқ нәрседен ілік іздеп, ұрып-соғуды әдетке айналдыра бастайды. Әрі- беріден кейін фермер мен оның отбасы мүшелері қол жұмсағанды да місе тұтпай екеуін күрекпен соға бастайды. Тіпті, айыр ала жүгіріп шаншып жіберуден тайынбайды.
Табыс табамыз деп келгендер бастарының аманында бұл жерден қашып кетуді ойластырып жүргенде фермердің ауласына полицейлер келе қалады. Сөйтіп, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің бостандықтан заңсыз айыру делінетін 126-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп мәлімдеді Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті, тергеу басқармасының бастығы Мағауия Құрмашев. Оның соңы немен тынды деген сауалға келсек, істің насырға шабатынын тез ұға қойған Дарғожиев құлдықта ұсталып келгендерге өтемақыларын артығымен төлеп құтылады. Ал аталған қылмыстық іс екі жақ ымыраласуға келгендіктен жабылды. Әйтсе де, құқық қорғаушылар тергеу амалдары кезінде жәбірленушілер Дарғожиевтер отбасы тарапынан зәбір мен қорлық көргендері жөнінде түсінік бергендерін мәлімдеп отыр.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы,
Бөрлі ауданы.