Тәртіп сақшыларының теріс қылығы
Сейсенбі, 21 мамыр 2013 0:44
Бұрынғы тәртіп сақшыларын осындай жағдайға ушықтырған оқиға Қарағандыдан алыс емес Топар кентінде орын алған болатын. Түн ортасына таман дүкендердің біріне кірген екі полицей сатушының жасөспірімге спиртті ішімдікке жататын джин-тоникті сатып тұрғанын байқап қалады. Артынан олар 500 доллар пара берілсе, бұл әрекеттің әшкереленбей жылы жабылатындығын сездіреді. Дүкенші екеуінің теріс қылыққа еріксіз бопсалауын тиісті орындарға мәлім етеді.
Сейсенбі, 21 мамыр 2013 0:44
Бұрынғы тәртіп сақшыларын осындай жағдайға ушықтырған оқиға Қарағандыдан алыс емес Топар кентінде орын алған болатын. Түн ортасына таман дүкендердің біріне кірген екі полицей сатушының жасөспірімге спиртті ішімдікке жататын джин-тоникті сатып тұрғанын байқап қалады. Артынан олар 500 доллар пара берілсе, бұл әрекеттің әшкереленбей жылы жабылатындығын сездіреді. Дүкенші екеуінің теріс қылыққа еріксіз бопсалауын тиісті орындарға мәлім етеді.
Талап етілген ақшаны алып жатқан үстінде ұсталған полицейлердің жемқорлық ісі жақында сотта қаралды. Бірі жергілікті полиция бөлімшесі қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы, екіншісі учаскелік инспектор әрқайсысына 4 жыл темір тордың арғы жағында отыру кесілді.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды облысы,
Абай ауданы.
_________________
Пара беріп, сытылып кетті
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасы облыстық ішкі істер департаментінің аға жедел уәкілі Мұрат Мұхамеджанов пен Мамлют аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Қуаныш Бекеновке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қоғамдық тәртіп сақшылары бұрын иеліктен алынған «Тойота Альфард» және «Ситроен С-Кроссер» шетелдік көліктерін кері алу мақсатымен басқарма қызметкеріне 10 мың доллар пара ұсынған. Алайда, тұтқындау тобы жеткенше табандарын жалтыратып үлгірген. Олар Қылмыстық кодекстің 307 және 312 баптары бойынша айыпталып, өндірістік іс қаржы полициясының қарауына берілді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.
___________________________
Көлденең табыс торға тықты
Көлденең табысқа кенелудің жолы көп екен. Әсіресе, шетелдіктер шоғыры мол мұнайлы Атырауда түрлі айла-шарғы жасаудың амалын тапқандар табылып жатыр. Мәселен, облыстық ІІД Көші-қон полициясы басқармасының көші-қонды бақылау бөлімшесінің бастығы А.Иманбаев деген шетелдіктерді тіркеуден қалтасын толтырмақ болыпты. Ол шетел азаматтарының ҚР аумағында болуын тіркеу бойынша құжаттарды кедергісіз рәсімдеу және оларға қамқоршы танытқаны үшін Атырау қаласындағы бір ЖШС әкімшілігінен 150 мың теңге пара алды деп айыпталған. Бұл істі өңірдегі экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті егжей-тегжей тергеп, сотқа жолдаған екен.
Таяуда Атырау қалалық №2 сотының үкімімен А.Иманбаев ҚР ҚК 311-бабы 2-бөлігі (пара алу) бойынша кінәлі деп танылып, жеке өзіне тиесілі мүлкін тәркілеумен 5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Полиция майоры шенінен де айырылды, деп хабарлады Атырау облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметі. Енді бұл өзге полицейлерге сабақ болса, қане!
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.