Руханият • 06 Мамыр, 2019

Айлардың қайырлысы – Рамазан

1474 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мұсылман баласы үшін қасиетті Рама­зан айы туды. Аллаға бойұсынушы қауым бұл айды «Айлардың сұлтаны» деп ерекше әспеттесе, үлкен ғалым сахаба Абдулла Аббас «күндердің қайырлысы – жұма, ай­лар­дың қайырлысы – Рамазан» деген екен.

Рамазанның басқа айлардан маңызды болуы­на негізгі себеп, мұнда мұсылман бала­сы­ның пешенесіне жазылған бес парыз­дың бірі – ораза құлшылығы бар. Бұл туралы Алла Тағала Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 185-нші аятында: «Ей, иман еткендері Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» деп бұйырған.

 Атақты тақуа имам Насаий «Рамазан – мүбәрак ай. Ол айда Алла мұсылмандарға ораза ұстауды парыз етті және бұл айда мың айдан қайырлы қадір түні бар» деген Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өсиет-хадисін жеткізсе, ислам әлемінің төртінші халифасы Әли Әбутәліп: «Маған бұл дүниеде екі нәрсе сүйкімді көрінді: қонаққа қызмет көрсету және ораза ұстау» деген екен. 

Ораза – мұсылманның жан азығын байытатын ғибадат. Ислам ғұламалары «ғибадат ол жеке кәсіпке ұқсайды: қаржылық қоры – тақуалық, жұмысы – құлшылық, соңғы нәти­жесі – жәннат» деп пәтуа айтса, дана Абай атамыз 12-нші қарасөзінде: «Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ғиба­даттан тыюға болмайды, жақсылыққа қыл­ған ниеттің жамандығы жоқ» деп құлшы­лықтың шариғи үкіміне өзінің ақиқат үнін қосады. 

Мұсылмандар үшін Рамазан айының мұн­шалықты маңызға ие болуына басты себеп – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с): «Рама­зан айында жақсы іс жасаған адамға Алла басқа айларда жасағаннан жетпіс есе көп сауап жазады» деген хадисі. Бұл өсиет-хадис жақсылықтан үмітті мүминдердің оразаға деген ынта-ықыласын оятса, тақуалар үшін бұл ай нәпсі тізгіндеудің кемел амалы деп біледі. 

Осы орайда, табиғиндер дәуірінде өмір сүрген исламның үлкен пірәдары Хасан Басридің «нәпсінің тізгіні – ашығу» дейтін мойындалған үкіміне жүгіне отырып, бұл ғұламаның қасиетті оразаның нығметтері жайлы айтқан құнды тұжырымын келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз. 

Үлкен оқымыстының айтуынша оразаның бірінші нығметі – тәубе ету. Яғни бұл адам баласының тәубесі мен тәуекелі қабыл болатын ай. Тәубесі қабыл болған жанның сыйлығы қиямет-мақшарда пайғамбарлармен бірге бір сапта тұрады. VІ ғасырда өмір сүрген арабтың жаңашыл ақыны Ахнаф ибн Қайыс: «Шынайы тәубе жасаушы адам күнәсі үшін опынады, жүрегінде мұң басым болады, жаман­дықтан қашады, тілін бос сөздерден сақ­тайды», депті. 

Екінші нығметі – кешірім айы. Яғни оразада Алладан кешірім сұрау, жарылқану тіле­ген дұрыс. Жаратушы шынайы ықыласпен кеші­рім өтініп, жарылқану тілеген құлының мал-мүлкін көбейтеді, оны көлденең пәле-жала­дан сақтайды, жарылқау тілеген қауымға рахым етеді, олардың несібесін молайтады, ұрпа­ғын көп қылады және қуатты мемлекетке айнал­ды­рады. Бұл нығметке берік болу үшін Абай атамыз 13-інші қарасөзінде айтқандай, қорық­пас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек. 

Үшінші нығметі – күнәдан тыйылу айы. Құранда мұсылман адам үшін Алла Тағала үкім еткен тыйымдар бар. Әлбетте Раббымыз өзіне бойұсынушыларды харам дүниеден тыйды. Ал оразада мұсылмандар харамды былай қойып, халалдың өзінен тыйылады. Яғни ораза тұтқан адам күнделікті қолданып жүрген халал ас-судан бас тартады. Мұның тәр­биелік мәні зор. Халалдан тыйылып үй­рен­ген адамға ертең харамнан тыйылу оңай бола­ды. Исламның алғашқы жылдары өмір сүрген хорасандық ілім иесі Хатим әл Асам айтқандай, харамнан тыйылмай тұрып – Алланы жақсы көрем деу мүмкін емес. 

Төртінші нығметі – иманды күшейту. Мы­салы, дені сау, ақшасы бар, қарны тоқ адам­да нәпсі қуаты да күшті болады. Басына қиын­дық туып, (денсаулығына, дүниесіне, бала-шағасына қатысты) қиналған адамның нәпсісі азайып, иманы оянады. Сол сияқты ораза тұтқан адам, шөлдеу, ашығу арқылы тоқшылық нәпсісін тізгіндейді. Хадисші ғалым Муғаз ар Разидың сөзімен айтқанда, кімнің уайымы жоқ, тоқшылығы көп болса, денесінің майы көп болады. Денесінің майы көп адамда, желік пайда болады. Желігі бар адам күнәға ұрынғыш келеді. Күнәсі көбейген адамның жүрегі қатыгезденеді. Жүрегі қатыгезденіп өлі күйге түскен пенде пәнидің қызықтарына батып кетеді.

Сөз соңында тағы бір есте болатын дүние ораза құлшылығы кезінде ауыз бекітумен қатар көз бен құлаққа да «ораза» қажет. Яғни ораза ұстаған адам жаман сөз айтудан, естуден, ұрыс-керістен аулақ жүргені абзал. Атақты сахаба Әбу Һурайра жеткізген мына бір хадисте: «Кім жалған сөйлеуді, жалған амал қылуды қоймаса, оның тамақ пен сусын ішпей жүруі Аллаға қажет емес» деген пайғамбарымыз өсиеті есте болғаны жөн. Яки, Абай атамыз өзінің 12-нші қарасөзінде ескерткендей, күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен өзін-өзі аңдып, жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды. 
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20