Саясат • 06 Мамыр, 2019

Жұмыстар жобаның атына сай жүргізілуде

1018 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan пар­тиясының ХVШ съезіндегі тапсыр­маларының бірі «Халыққа көмек» жобасы Қостанай өңірінде де жүзеге асып жатыр.

Жұмыстар жобаның атына сай жүргізілуде
Жетекші партияның Қоста­най қалалық филиалындағы қо­ғам­­­­­дық қабылдауға келген қала­­лықтар мәселесінің жалпы сипаты ұқсас. Көп балалы, баспанасы жоқ, азық-түлік тапшы, балалары ауру немесе өзі мүгедек жандар партиядан сүйеніш іздейді. Наталья Ищен­коның үш баласы бар, біреуі мүгедек. Жесір әйел қа­зір мүгедек бала күтімімен үй­де отыр, жұмыс істемейді. Жұ­мыс істемеген соң, азық-тү­лік жағынан қиналып қалады. Ол амалсыз Nur Otan партиясы қала­лық филиалының қоғамдық қа­был­дауына келіп, жағдайын айтты. 

Ал көп балалы аналар­ Галина Олжабаева мен Әсел Мирманова әрқайсысы әкесіз 4 бала асырап отыр. Әсел Мир­манованың бір баласы ауы­рады, оның әке­сінен алимент те ала алмайды. Галина баспананы жалдап тұ­ра­ды, балаларының киіміне, тама­ғына қаржы жетпейтінін айта келген. III топтағы мүгедек Нұр­ахмет Арыстанов 10 жылдан бері тұратын баспанасын жеке­шелендіруге көмек сұ­райды. 

Қоғамдық қабылдауға қа­ты­с­қан партияның Қос­танай қа­лалық филиалы­ төраға­сының орынбасары Манар­бек Сұлтанғазин, қалалық мәс­­лихаттың депутаты Оль­га Игим­баева, Қостанай қала­лық жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар бөлі­мінің басшысы Ақбөпе Манатова олардың барлығын да мұқият тыңдап, өтініштерін жаздырып алды. Үш отбасына азық-түлік берілді. Тұрмыс тауқыметін тартқан отбасыларының жағ­­дайы «Халыққа көмек» жобасы аясында талданып, екшеліп, оларға заң аясында тиісті көмек көрсетілетін болады. 

Бүгінде Қостанай қала­сында 730 көп балалы және әлеуметтік тұрмысы әлжуаз отбасы бар. Олардың арасында 270 отбасы баспана ке­­зегінде тұр. Қостанай қала­лық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бө­лі­­мі­нің басшысы Ақбөпе Мана­­тованың айтуынша, табысы аз отбасыларына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. 

– Оның сыртында кәсіпкер­лер қолдауымен қыс айларында 28 отбасына 64 тонна көмір түсірілді, 168 отбасы­на азық-тү­лік жағынан көмек берілді. 34 отбасынан 90 бала мектептерде тегін тамақтандырылады. Бір баланы Нұр-Сұлтан қала­сына емдеуге апару үшін 90 мың теңге көмек жасалды, 1 студенттің оқу ақысы төленді. 8 бала асырап отырған көп балалы отбасына кәсіпкер 3 бөлмелі пәтер алып берді, – дейді Ақбөпе Ра­хымжанқызы. 

Жалпы, Nur Otan партия­сының Қостанай қалалық филиалында жыл басынан бері 15 қоғамдық қабылдау өткізіліп, оған 54 адам жағдайын айтып, қажетті көмегін алған. 

ҚОСТАНАЙ