23 Мамыр, 2013

Құралайдың салқыны

1775 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Құралайдың салқыны

Бейсенбі, 23 мамыр 2013 2:46

Халық күнтізбесі бойынша 20-25 мамыр аралығы  киік лағын өргізетін кезге тұспа тұс келеді. Әлбетте, осы бір күндерде күн салқындап, жауын-шашын болуы да табиғаттың басты ерекшелігі. Мұны халық құралайдың салқыны деп атайды. Өйткені, шыжыған ыстықта емес дәл осындай қоңыр салқын күндер дала аруы төлі – құралайдың тез аяқтанып, жүйткіп кетуіне қолайлы делінеді.  Биылғы жылы осы халықтық болжам мен күнтізбе айнымай дәл, сол қалпында келіп тұрғанын ел-жұрт оң, жақсы құбылысқа жорып отыр.

Иә, мамырдың дәл ортасында Батыс Қазақстан облысы аумағындағы ыстық 38 градусқа дейін жетті.  Әйтсе де, 19 мамыр күні ауа температурасы төмендеп сала берді. Осы жанға жайлы құбылыс одан кейінгі күндерге де жалғасты.  Құралайдың салқыны соқты десті өңірдегі көнекөз қариялар. Бұған дейінгі жылдарда Еділ мен Жайықтың аралығында миллиондап жүрген ерке дала аруларының саны онша дәл емес дерек көздеріне қарағанда, қазір отыз мыңның о жақ бұ жағында көрінеді. Оның соңғы жылдарда қанша есе азайғанын, қанша есе қырылғанын осыдан-ақ біле беріңіз. Бұдан біраз уақыт бұрын облыс аумағында мамыр айының аяғында киіктер екі жыл қатарынан қырылды. Әр жылғы шығын мөлшері ресми деректерде 12 мың делінгенімен,  шынтуайтына келгенде оның саны бұдан әлде-қайда көп деп тұжырымдайды жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандар. Кезінде оның себебі мен салдары да айтылған болатын. Қалай десек те, болар іс болып, боя­уы сіңгені анық.

Ендігі міндет киіктердің атауы «Қызыл кітапқа» ілікпеуі үшін оның алдын алу, бұл бағытта қолдан келген барлық мүмкіндіктерді қарастыру болмақ. Киіктердің өрісін белгі­леп, қажетті жағдайда желден жүйрік жануардың шығандап кетпеуі үшін тосқауыл қойып, сырттай бақылауға алу – соның бір жолы ретінде белгіленген. Бүгінгі күні сақталып отырған киіктердің азын-аулақ үйірлері мен соңғы тұяқтары облыстың Казталов және Жәнібек аудандары аумағында кездеседі. Ендеше, бұл маңайға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, оған қорық мәртебесін беру жолдары қарастырылса ақбөкендердің жаппай құрып кетпеуіне септігі тиер еді-ау деген ой келеді.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

Батыс Қазақстан облысы.

––––––––––––––––––

Суретте: киіктің лағы.