Спорт • 06 Мамыр, 2019

Көкпаршылар ауылдың атын шығарады

1530 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жылтыр ауылының жігіттері ат спорты бойынша жылдың әр мезгілінде түрлі шаралар өткізуді дәстүрге айналдырды. Жуырда осындағы көкпар командасына ат қою рәсіміне орай ауыл маңына ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, меймандарға арналып қонақасы берілген үлкен дүбірлі шара өтті.

Көкпаршылар ауылдың атын шығарады
– Бұл шара Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық ма­қа­ласы мен Жастар жылына орай­­ластырылып отыр. Ауы­лы­мыз­дың ауызбіршілігі осындай ор­тақ істерде көрінеді. Осы тұс­та Жылтырда туып-өсіп, бү­гінде жырақта жүрген азамат­­тардың да көмегін айта кетуі­міз керек, – деп барша ауыл­дас­­тарына алғысын білдірді Шал­қар ауылдық окру­гінің әкімі Қар­жау­бай Қалжан. 

Осы мерейлі сәттің мейманы болған Аударыспақ феде­ра­ция­сының президенті, ұлттық ат спортының жанашыры Данияр Қобыландин: «Үлкен қала­лар мен кейбір облыс орта­лық­та­рын­да ат спортынан болмаған шаралар Шалқардың шағын ауылында жүзеге асып жататынын көріп, марқайып қаламыз. Бү­гінгі басқосудың мәні зор, мақсаты – ұлттық болмысымызбен үнде­се­ді», – деп ақжарма тіле­гін біл­дір­ді. Бұл сөзді аудан­дық денешынықтыру және спорт бөлі­мі­нің басшысы Сұлтан Жұманов та қуат­­тап, ұлттық спортқа ден қо­йып жатқан ауыл жігіттеріне риза­­­шылығын білдірді. 

Көп ұзамай сахнадан көкпар коман­дасы енді «Әлім ата» болып аталатындығы ресми жария­лан­ды. 

Ауылдың ардагерлер ұйы­мы­ның төрағасы Орынбасар Жұ­­баев, ауыл ақсақалы Уайс Ахмет: «Әлім ата — қазақ халқын құ­ра­ған белді тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Кіші жүз құра­мы­на енеді. Енді күллі қазақ елі­не ортақ бабамыздың есімін алып жүру көкпаршыларымызға үлкен жауапкершілік жүктейді», – деп оларға зор сенім артып, баталарын берді. 

Жаңа есімді иеленген көкпар командасының құрметіне орай көк­пар, аударыспақ, жамбы ату, аламан, құнан бәйге, қошқар көтеруден сайыстар өтті. Аламан бәйгеден І орынды Мөңке би ауылдық округінен келген Нұрбек Берімбетовтің тұлпары иеленді, жылтырлық Жол­дымұрат Жұбаев қосқан сәй­гүлік құнан бәйгеден бірінші кел­ді. Қошқар көтеруден осы ауылдың Мағжан Исағали есімді жігіті алғашқы орынға шықты. Жүл­дегерлердің барлығы ұйымдастырушылар тарапынан сый-сияпаттар алды. 

– Қазірдің өзінде облыс аты­нан шығып, аталған спорт түр­ле­рінен еліміздің түкпір-түк­пі­рінде өтетін додаларға қа­ты­­сып жүрген ауыл жігіттері бар. Данияр Мейрамбек есім­ді ауылдасымыз жақында көк­пар­дан республикалық ашық бі­рін­ші­лікке қатысатын команданың ірік­теу құрамында болып, Тараз қа­ласында 20 күн әзірліктен өтіп қайтты. Бүгінде ол аталған ко­ман­даның резер­вінде тұр. Сон­­дай-ақ Алтай Сүйеубай ес­ім­ді азамат аударыс­пақтан спорт шебері атанды. Қа­ныбек Жансүгіров, Данияр Мей­рам­бек есімді жігіттеріміз ауда­рыс­­пақтан спорт шеберлігіне үміт­кер. 

Осы шараның өтуіне ауы­лы­мыздың барша жастары бел­сенді болды. 1968 мен 1997 жыл­дары аралығында туған жыл­тыр­лық азаматтар бүгінгі шараға демеу­­шілік жасады, – дейді Жыл­тыр ауылдық округі әкімі аппара­тының жетекші маманы Мұ­рат­бек Үбниязов. 

 
Мұхтар МЫРЗАЛИН

Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Жылтыр ауылы