Үкімет • 06 Мамыр, 2019

2026 жылға дейін Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспары бекітіледі

1064 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Соңғы үш жылда өңірлер жалпы сомасы 52 млрд теңгеге 111 денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартын жасасты. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов мәлімдеді.

2026 жылға дейін Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспары бекітіледі

«Конкурстық рәсімдерді өткізу сатысында 93 жоба бар, 83 жоба әзірлеу сатысында. Өңірлер амбулаториялық-емханалық қызмет объектілерін салу және оны пайдалануға беру бойынша жобаларды іске асыруда. Сондай-ақ медициналық техникамен жарақтандыру бойынша жобалар жүзеге асып жатыр», деді Денсаулық сақтау министрі.

Министрдің айтуынша, жасалған шарттар шеңберінде тартылған инвестициялар сомасы бойынша көш басында Шымкент, Нұр-Сұлтан  қалаларының әкімдігі мен Ақтөбе, Павлодар облыстарының әкімдіктері тұр.

«Өңірлердің әкімдіктері бекіткен денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың перспективалық жоспарларына сәйкес 2025 жылға дейінгі инвестицияларға қажеттілік 1,3 трлн теңгеден астамды құрады. Амбулаториялық-емханалық және стационарлық объектілер құрылысының жобаларын іске асыру үшін медициналық қызметтер үшін тарифті төлеумен «сервистік МЖӘ» моделін, сондай-ақ объектіні мемлекеттік меншікке берген жағдайда инвестицияларды өтеумен келісімшарттарды пайдалану ұсынылады», деді Е.Біртанов.

Оның айтуынша, жеткілікті қаражат мөлшерін генерациялауға қабілетсіз жобалар бойынша мемлекеттік бюджеттік қаржыландыруды пайдалану қажет.

«Ірі ауруханалар инфрақұрылымдық МЖӘ тетігі бойынша іске асырылатын болады. Жобаларды іріктеу кезінде медициналық объектілер апатының алдын алу, алғашқы медициналық көмекті дамыту және ауруханалық секторды көпбейінді кластерлерге интеграциялауға басымдық беріледі», деді ол.

2019 жылғы маусымның соңына дейін өзектендірілген Өңірлік даму жоспарлары негізінде 2026 жылға дейін Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспары бекітілетін болады.