Бұл селқостық па, не?
Бейсенбі, 30 мамыр 2013 2:47
Жақында Отанымыздың барлық мектептерінде күміс қоңырау соғылып, оқу жылы мәреге жетті. Сол соңғы қоңырауға арналған елордадағы бір білім ордасының салтанатты рәсіміне қатысқан едік. Ол есік алдындағы алаңда өтті. Тап-таза киінген үлбіреген ұлдар мен ақ бантигі желбіреген қызғалдақтай қыздар сап түзеп тұрды. Тәуелсіз Отанымыздың Әнұраны орындалғанда, оқушылар оң қолдарын кеудесіне қойып, жүздері бал-бұл жанып әуенге ілесті. Ұстаздар және ата-аналардың бір шоғыры оларға қосылды.
Бейсенбі, 30 мамыр 2013 2:47
Жақында Отанымыздың барлық мектептерінде күміс қоңырау соғылып, оқу жылы мәреге жетті. Сол соңғы қоңырауға арналған елордадағы бір білім ордасының салтанатты рәсіміне қатысқан едік. Ол есік алдындағы алаңда өтті. Тап-таза киінген үлбіреген ұлдар мен ақ бантигі желбіреген қызғалдақтай қыздар сап түзеп тұрды. Тәуелсіз Отанымыздың Әнұраны орындалғанда, оқушылар оң қолдарын кеудесіне қойып, жүздері бал-бұл жанып әуенге ілесті. Ұстаздар және ата-аналардың бір шоғыры оларға қосылды.
Бізді өкіндірген бір жай, мемлекетіміздің Әнұраны асқақ үнмен айтылған тұста кейбір азаматтар, оның ішінде өзіміздің қандас бауырларымыз да бар, мән бермей, қолдарын қусырынып, не артына қайыра ұстап, тіпті әңгімелерін жалғастыра берді.
Осы арада тағы бір көріністі айта кетсек дейміз. Мектепке тиіп тұрған көше бойындағы мәшине иелері жол ережесін сақтамады деп, көлік нөмірлерін шешіп алып, қолтығына қысып жүрген МАИ қызметкері де Әнұран айтылып жатқанда, «қызметінен» танбады. Сонда ол көлік жүргізушілердің заңды бұзғанын біліп, Әнұран айтылғанда әр азамат бұлжытпай орындауға тиіс міндетті білмегені ме?
Мұхиттың арғы жағындағы АҚШ жұрты, түбі бір түркиялық бауырларымыз мемлекетінің әнұраны айтылғанда, оған көрсететін құрметтерінің ерекше екенінен неге сабақ алмаймыз? Түркиялық туыстармен тілдессеңіз, әнұранның сөзі қалай қабылданғанын көздеріне жас ала отырып еске түсіреді.
Осындай рухтың күштілігі біздің санамызға әлі күнге дейін неге орнықпайды екен деген ой мазалайды. Мұның арғы жағында кешегі бодандық заманның қалдық сызынан арыла қоймаған құлдық құрдымы жатыр ма? Әлде кең етек құнытсыздығымыз желкеден тарта бере ме?
Бұл кейбіреулер үшін жай нәрседей көрінер. Шындығына келгенде, Әнұранымыз – төрткүл дүниеге үнімізді жеткізетін мемлекетіміздің мерейлі ұраны емес пе?!
Біз ойлары таза, бойлары кіршіксіз бүгінгі жас ұрпаққа мұны қазір ұғындырмасақ, күні ертең олар әлгіндей тірлігімізге қарап, Әнұран айтылғанда солай тұра берсек те болады екен ғой демесіне кім кепілдік береді? Әнұран естілгенде Қазақ елінің әр азаматы, қайда жүрмесін, оң қолын кеудесіне апарып, бір минут тікесінен тік тұрса, бұл елдігімізді, елге деген сыйымызды көрсетеді. Әлгі заңдылықты қорғап жүрген МАИ қызметкері жұмысын бір минут тоқтата тұрып, Отанының Әнұраны алдындағы парызын өтесе, шұбырып жатқан өзге қала тұрғындары да оған қарап бой түзері күмәнсіз. Ендеше, біз өзіміз үшін емес, Отан-анасын, Әнұранын тікелерінен тік тұрып сыйлаған ұрпақтың кіршіксіз ойына қылау түсірмеудегі адалдығымызды, азаматтығымызды танытсақ ұтылмас едік. Қаулап өсіп келе жатқан жастарға елдік рәміздерімізді құрметтеуді өзіміз үлгі болып үйретсек, ізет, ілтипатымызбен көрінсек, тәуелсіздігіміз мәңгілік ел болу идеясына ұласа бермек.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».