Аймақтар • 07 Мамыр, 2019

Түркістанда «Egemen Qazaqstan» газетінде еңбек еткен ардагер журналистерге құрмет көрсетілді

1214 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойы қасиетті Түркістан төрінде аталып өтуде. Айлардың сұлтаны - Рамазан айының басталуында ғасырлық тарихы бар ұлт басылымының Түркістан облысындағы меншікті тілшісі, ҚР Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібайдың ұйытқы болуымен қаламгерлер мен журналистер қауымына арнап ауызашар берілді.

Түркістанда «Egemen Qazaqstan» газетінде еңбек еткен ардагер журналистерге құрмет көрсетілді

Күнгей өлке зиялыларының басы қосылған жиында бас басылымның өңірдегі тілшісі, белгілі қаламгер Ғалымжан Қамытбекұлы ұзақ жылдар аталған газеттің Оңтүстік өңірдегі өз тілшісі болып, ұлт баспасөзіне өлшеусіз үлес қосқан Оразхан Жарқынбек пен Төреxан Рәмбердінің отбасы мүшелеріне сый-құрмет көрсетті.

«Биыл бастауын 1919 жылы  Орынборда   жарық көрген «Ұшқын» газетінен алған  «Egemen Qazaqstan»-ның 100 жылдық мерейтойы. Басылымның  басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі облыс-қалаларда газеттің дамуына еңбегі сіңген ардагерлерімізге құрмет көрсетуді тапсырған еді. Осыған орай өмірін баспасөзбен байланыстырған Оразхан Жарқынбек пен Төреxан Рәмберді ағалардың отбасыларын осында шақырып сый-құрмет көрсетіп отырмыз. Асыл ағаларымыз көзі тірі болғанда ғасырлық мерейтойдың қуанышына куә болып, иықтарына құрметтің белгісі ретінде шапан жабылар еді. Енді сол құрметті жұбайлары мен ұрпақтарына табыстап отырмыз», деді Ғалымжан Елшібай.  

Өз кезегінде қарымды қаламгер Оразхан Жарқынбектің жары Күлән апайымыз көзіне жас алып, газет басшылығы мен ұжымына алғыс айтты.

Айта кетерлігі, «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерекесі еліміздің әр өңірінде түрлі форматта осы жылдың соңына дейін атап өтіледі.